Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты МӘЛІМДЕМЕ жасады

1569675980 Жаңалықтар

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұңғыш Президенттің тарихи еңбек сіңіргенін ұмытпайық. Түптің түбінде әділ және шыншыл болуымыз керек. Өткенін қаралаған халықтың болашағы жоқ. Өткен заманды жоққа шығаратын, өз басшыларына шабуыл жасайтын халықтың болашағы екіталай әрі бұлыңғыр. Кемшіліктер Америка президенттері мен Қытай басшыларында да, тіпті қазір барлығы мақтап еске алатын сингапурлық көшбасшы Ли Куан Юда да болған», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Сингапурдың да, АҚШ-тың да, Қытайдың да халықтары мен билеуші топтары өз басшыларының қадір-қасиетін кемшіліктерден жоғары қойып, қос ұғымды ажырата білгенін айтты. Өйткені, жұмыс істемейтін адамның ғана қателеспейтіні бұрыннан белгілі.

«Тұңғыш Президенттің тарихи еңбегіне құрмет көрсетейік, оның сөзсіз жетістіктері мен қадір-қасиеттерін бірінші орынға қояйық, ал болуы мүмкін жаңылыстарды еліміздің болашақ басшыларына ғибрат етіп қалдырайық», – деді Қ. Тоқаев.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезі жабық режимде өтіп жатыр. Бекітілген күн тәртібіне сәйкес, онда – партияның Төрағасын сайлау туралы, жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу туралы үш мәселе қаралады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз