Өзгерістің өзектілігі неде?
Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелерін Президент жайдан-жай көтеріп отырған жоқ. Оның астарында үлкен саяси, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық маңызға ие мән-мағына жатыр. Басты мақсат – жаңа мемлекет, жаңа экономика, жаңа қоғам жағдайында басқару жүйесінің тиімділігін барынша арттыру.
Ең негізгі екі қағидат
Конституциялық реформа екі негізгі бағыт бойынша жүзеге асады деп күтілуде. Бірінші қағида – есеп беретін мемлекет қалыптастыру. Екінші қағида — ашық Үкімет құру.
Осы қағидаттарды жүзеге асыру мақсатында елдің ішкі әлеуметтік, экономикалық процестерін реттеудегі бірқатар өкілеттіктер Президент құзырынан Үкіметке бөлініп беріледі. Нәтижесінде, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатынан бастап, мемлекеттік бағдарламалардың орындалысына Министрлер кабинеті мен әкімдер толықтай жауап беретін болады.
Екінші қағидат аясында Парламенттің ролі шын мәнінде күшейтілгелі отыр. Реформа іске қосылған жағдайда, Парламент Үкімет құрамының жасақталуына тікелей ықпал ете алады. Себебі, бірнеше айдан бері осы мәселені жан-жақты зерттеген жұмыс тобы – Үкімет қайта жасақталған Парламент алдында өзін-өзі таратуы тиіс деген ұсыныс тастап отыр.
Демек, біздің алдымызда кәсіби Үкімет, сонымен бірге, кәсіби Парламент қалыптастыру міндеті тұр.
Парламент өкілеттігі артады
Тағы бір жаңалық — Парламент заң шығарумен ғана шектелмейді. Сол заңдардың орындалысын бақылай алатын өкілетті органға айналады. Сонымен қатар, депутаттар министрлерді отставкаға жіберетін өкілеттілікке ие болады. Осы қадамдардың өзі – министрлер кабинетінің ширауына, жұмыстың ашық сипатта атқарылуына ықпал етеді.
Демек, шынайы саяси реформаларды жүргізу үшін Парламенттің қос палатасы да қайта жаңартылуы тиіс. Демек, мерзімінен бұрын сайлау өтуі керек. Сайлау – еліміздегі партияларды шыңдайтын бірден-бір алаң. Сондықтан, саяси партиялар науқандық белсенділіктен арылып, шын мәнінде қоғамдағы қозғаушы күшке айналуы керек. Парламенттегі партиялар қатарын көбейтсек те артық етпейді. Себебі, сан бар жерде, сапа артады. Бәсекелестік жүреді.
Жергілікті деңгейде әр округтен бір мандат жүйесі енгізілсе, халықта таңдау болары сөзсіз.
Ғылыми сарапшылар орталығы керек!
Парламент жанынан ғылыми сарапшылар орталығын құру да маңызды. Себебі, депутаттар қабылдаған көп заңдардың шикілігі де бар.
Мәселен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын алайық. «Зейнетақы қоры жеке секторда сақталмауы тиіс» деп бастама көтерген депутаттарымыз үлкен әлеуметтік реформаның жасалуына ықпал етті. Бірақ, осы салада орын алған соңғы қылмыстық оқиғалар зейнетақы жүйесін қайта қарау қажеттігін көрсетті. Жақында өткен Парламент Мәжілісі отырыстарының бірінде депутаттар «Зейнетақы жинақтары монополистің қолына өтіп кетті. Жеке зейнетақы қорларын қайтаруымыз керек. Сонда халықтың таңдауы болады» деген мәлімдеме жасады. Міне, осы бір фактінің өзі көп жағдайда Парламентте соңына дейін сарапталмаған заңдардың қабылданып кететіндігін көрсетіп отыр.
Немесе терроризммен күресті күшейту мақсатында қабылданған заңды мысалға алайық: Азаматтарға тіркеуді міндеттеп қойған заңның олқы тұстары жыл басталмай жатып сезіліп қалды. Енді құзырлы органдардың өзі «Әзірге ешкімге айыппұл салынбайды. Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі» деп түсінік беруде. Бұл да – асығыстықтың салдары. Ал, егер Парламент жанынан ғылыми сарапшылар орталығы құрылатын болса, заң шығарушы органның нәтижелі, тиімді жұмыс атқаруына жол ашылар еді.
Өзін-өзі басқару қалай жұмыс істейді?
Реформа мемлекеттің барлық саласын қамтуы тиіс. Демек, жергілікті өзін-өзі басқару қағидасының шын мәнінде жұмыс жасағанын қаласақ, әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің де құрылымын қайта қарайтын кез келді. Кеңестің мүшелігіне бейтарап, қоғамдық белсенділерді тарту қажет.
Екінші жағынан қарағанда, Үндеу Президенттің саяси рөлін одан әрі күшейтеді. Себебі, Президент билік тармақтарының жұмысын Төбе би ретінде бақылайды. Шиеленіскен мәселелерде төрелік айтады.
Президент құзыретінде ұлттық қауіпсіздік, сыртқы саясат мәселелерінің қалуы да заңдылық. Себебі, Президент – ең алдымен мемлекеттің мызғымастығына жауап беретін тұлға. Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерін тағайындауды Президент өкілеттілігінде қалдырудың да стратегиялық мәні бар. Олай дейтініміз, мұның астарында сыртқы саясат, елдің қауіпсіздігі, қорғаныс мәселелері жатыр. Мұндай маңызды салаларда Президент Мемлекет басшысы ретінде жеке өзі шешім қабылдауы тиіс.
Билік тармақтарының өкілеттілігін кеңейту – шет елдерде кеңінен таралған тәжірибе. Қазақстанның заңнамалық лабораториясы көп жағдайда Францияның құқықтық базасын еске салады. Франция – президенттік-парламенттік республика. Парламентке біраз өкілеттіліктер берілген. Биліктің тепе-теңдігі орнаған. Демек, біздегі бұл реформалар демократиялық жаңаруларға бастайтыны күмәнсіз.
P.S. Президент атап өткендей, мемлекетіміздің алдында жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге тойтарыс беру міндеті тұр. Бүкілхалықтық талқылауға ұсынылып отырған реформаның мәні — тұтастай саяси жүйені демократияландыруда.
Аққали АХМЕТ
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің факультет деканы, тарих ғылымдарының докторы: