Зейнеткерлікке ерте шығудың тәртібі қандай?

v2F668PXJWG2 Жаңалықтар

Atr.kz/26-ақпан, 2019 жыл. Елімізде көп балалы аналар 53 жасында зейнетке шыға алады. Әрі олардың жұмысын жалғастыруға да мүмкіндігі бар.

Бұл жайында еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департамент басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ләззат Сағынбекова түсіндіріп берді. «Бес және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар. Жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен уақыты жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн есепке алынады. Яғни, еңбек өтіліне жалпы жиынтығы 12 жыл қосылады.

v2F668PXJWG2
Фото – diapazon.kz

Сонымен қатар, жиынтық міндетті зейнетақы жарналары заңнамаға сәйкес әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың 10 пайызын құрауы тиіс. Ол үшін міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау ай сайын жүзеге асырылатын болады. Осылайша, болжамды 10 пайыз аударымдардың төрт пайызы әлеуметтік төлемдер есебінен, ал алтауы бюджет қаражатынан қамтамасыз етілетін болады» деді ол.

Зейнеткерлікке шығуға қажетті құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталықтары қабылдайды. Егер бір әріптен қате кетсе, барлық құжаттар қайта қаралады. Зейнетке шығу үшін төлқұжат, диплом, неке куәлігі, еңбек кітапшасы дұрыс болуы керек. Балалардың туу туралы куәлігіндегі аты-жөніңіздің де дұрыс толтырылуын тексеріп, бірізге түсірген жөн. Зейнетақы еңбек өтілі бойынша есептеледі. Ол үшін 1998 жылдан бастап зейнетақы жинақтаушы қорындағы жарна мен еңбек өтілі есепке алынып, жиналған жарна бөлініп төленеді.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Жеті бала сүйіп, 53 жасында зейнетке шыққан ананың бірі – Махамбет ауданының тұрғыны Надежда Базарбаева. Үш ұл, төрт қызды өмірге әкеліп, оларды аяқтандырған алтын құрсақты ананың зейнетке шыққанына биыл 15 жыл толады. «Ұрпақ сүю – ата-ананың басты арманы. Ал, көп балалы ана атану нағыз бақыттың өзі дер едім. Жолдасым – құрылысшы. Біз шаңырақ көтерген жылдары бүгінгідей «көгілдір отын» болмады, ауыз суды да тасып іштік. Сонда да тұрмыстық қиыншылыққа қарамастан көп балалы отбасы атандық. Бейнеттің зейнетін көру деген осы болар. Мемлекетіміз біз секілді аналарға жеңілдік жасап, 53 жасқа толғанда зейнетақы төлемдерін алу құқығын берді» дейді «Алтын алқалы» ана.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз