«Nur Otan» партиясы: Дамудың даңғыл жолымен

190816185210624a3557221i 1 Жаңалықтар

Келесі жылдың 10 қаңтарына бекітілген  Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын өткізуге қатысты заң талаптары аясында әртүрлі кездесу, түрлі форматтағы басқосулар ұйымдастырылуда. Соның бірі –  бүгін «Nur Otan» партиясы атынан Атырау қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Бейбіт Мырзағалиевтің әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы сайлаушылармен ашық алаңда сұхбат құруы.   

Өз кезегінде үміткер Бейбіт Темірбекұлы «Nur Otan» партиясының Атырау қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын таныстырып, атқарылар міндеттер мен жоспарлы жұмыстар жайынан хабардар қылды.

Ол: «Nur Otan» партиясы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру, қаланы қауіпсіз әрі жайлы ету үшін бар күшін салады» дей келе, Атырау қаласын дамытудың 7 басым бағытының негізінде құрылған бағдарламамен таныстырды. «Экономикалық тұрақты қала. Жайлы қала. Әлеуметтік қызметке бағдарланған қала. Жастарға арналған қала. Тарих пен мәдениетті дамыту. Ашық және есеп беретін жергілікті атқарушы органдар. Қауіпсіз қала. Міне, «Nur Otan» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында қаланы дамытудың 7 басым бағытының негізінде тұрғындарды толғандыратын нақты осы анықталған мәселелерді көтереді. Ондағы басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үздіксіз жақсарту үшін жағдай жасау» деді ол.

Аталған тараулар аясында жоспарланған жұмыстар мен жалғасатын жоба-бастамаларды атай келе, ел үшін ғана емес, әлем үшін сын сағатқа айналған пандемия кезінде атқарылған жұмыстарға да тоқталды.  «2020 жыл біз үшін үлкен сынақ жылы болды. Елімізге таралған пандемияға байланысты көптеген салаларда шектеулер қойылып, іскерлік белсенділіктің төмендеуіне алып келді. Мемлекет тарапынан ауқымды шаралар қабылданып, кірісін уақытша жоғалтқан 202 мыңнан астам азаматқа 42 500 теңгеден әлеуметтік төлемдер төленді. «Біз біргеміз» қоғамдық қорынан 15 мыңға жуық азаматқа 50 мың теңгеден берілді, 12 мыңнан астам азаматтың коммуналдық шығындары өтелді. Мейлінше қолдау білдіру қажет деп танылған адамдарды қамтуға тырыстық. Еріктілер арқылы 7 мыңға жуық әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қарияларға тұрмысқа қажетті азық-түлік себеті үлестірілді» деген Б.Мырзағалиев пандемия кезінде «Nur Otan» партиясы мүшелері, «Жас Отан» жастар қанаты белсенділік танытқанын атап өтті.

Бағдарламада атап көрсетілген бірнеше басым бағыттардың сәтті жүзеге асырылуы жолында «Nur Otan» партиясы тарапынан атқарылған жұмыстар сан алуан. Аталған 7 бағыт бойынша жоспарланған жұмыстар да жетерлік. «Қалада ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құруға ерекше назар аударылатын болады. «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары өз жалғасын табады» деді ол.

Оған қоса, тікелей эфирдегі басқосу барысында кандидат тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның қол жеткізген негізгі жеті жетістігі туралы да егжей-тегжейлі айтып өтті. «Халықаралық деңгейде шекарамызды бекіттік, Семей полигоны жабылып, Арал апатының алдын-алуға қол жеткізілді. Этносаралық бірлік пен діни келісім орнағаны да «басты байлығымыз – тыныштық» екенін айшықтай түседі. Нарықтық экономика дамып, бизнес саласының өрлеуі, демографиялық дағдарысты еңсеріп, шет елдегі қандастарымыздың ата жұртқа оралуына жағдай жасауымыз да – Қазақстан Республикасы қол жеткізген негізгі жетістіктердің бірі. Көлік инфрақұрылымы дамып, жаңа астананың бой көтеруі де – тәуелсіздіктің жемісі» деген ол ел дамуы жолындағы іс-шаралардың жалғасып жатқанын жеткізді. 

Басқосу барысында кандидат Б.Мырзағалиев «ашықтық «Nur Otan» партиясының басты ұстанымдарының бірі» екенін жеткізіп, сұрақтарға жауап берді. Саяси науқанға белсенді атсалысуға шақырып, қолдау білдіруге үндеді.

«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Атырау қаласының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз