ҮЗДІКТЕРГЕ ҚҰРМЕТ

Өңірімізге белгілі Д.Нұрпейісова атындағы академиялық оркестрдің әншісі Маржан Төреханова мәдениетті және өнерді дамытудағы үлесі үшін «Құрмет» белгісімен марапатталды. Құрметке лайық деп танылғандардың ішінде «Каспий Құбыр Консорциумы» компаниясының аймақтық менеджері Сәрсенбай Мұрынов та бар. Оған «Ерен еңбегі үшін» медалі тапсырылды.

Марапат иелерін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы қабылдап, құттықтады. «Еліміздің, Атырау өңірінің бүгінгі қол жеткізген табыстарының ішінде сіздердің де үлестеріңіз бар. Әр адам өз жұмысын лайықты атқаратын болса, еңбекте нәтижеге жетеді» деген облыс басшысы көркемөнер, жалпы өнер саласында Атыраудың өзіндік орын алатындығын, мұнай тасымалында да «Каспий Құбыр Консорциумы» компаниясының ерекше маңызы бар екендігін атап айтты.

Одан әрі жыл қорытындыларына тоқталған облыс басшысы аймақтың межелеген жұмыстарды толық орындағандығын жеткізді. «Дағдарысқа қарамастан, көптеген жаңа жобаларды іске қостық. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Жергілікті өнім көлемін арттыруға жол аштық» деген облыс әкімі өңірдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуындағы үлестері үшін марапат иелеріне ал-ғысын білдірді.

Салтанатты шара марапат иелерінің лебіз білдіріп, естелік суретке түсуімен түйінделді.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз