ТҰРҒЫНДАР МӘСЕЛЕСІНЕ – БАЙЫПТЫ КӨЗҚАРАС

Бейсенбі күні облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тұрғындарды жеке қабылдап, мұң-мұқтаждарын тыңдады. 

 

Облыс басшысымен алдымен жүздескен Гүлжан Танабаева пәтермен қамтамасыз етуге көмек сұрады. Үш баласы бар, соның ішінде бір ұлы Әнуар Есалиев – ІІ топ мүгедегі. Осыдан төрт жыл бұрын тұрғын үйге мұқтаж ретінде тізімге тіркелген. Қазіргі таңда кезектегі реттік саны – №1136. 

Аймақ басшысы қабылданған Заңға сәйкес пәтер тек кезек ретімен берілетінін баса айтты.

Қабылдауға келген Надежда Шехавцованы толғандырған да– тұрғын үй мәселесі. Ол мекен етіп жатқан пәтер 2011 жылы Атырау қаласы бойынша апаттылар тізіміне енген. Қазіргі таңда Т.Амандосов көшесінде орналасқан екі пәтерлік барак типтес алты үй апатты жағдайда. Бұл тұрғын үйлер 1960 жылы салын-ған болатын. Сондай-ақ, аталған үйлер асфальт жолдан өте төмен орналасқандықтан, жауын-шашын күндері шалшық судың астында қалады.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, апатты жағдайдағы үйлерді бұзудың бас жоспары жасақталуда. Ал, Т.Амандосов көшесінде орналасқан аталған үйлерді көшіру келер жылы қарастырылатын болады. Жалпы, бүгінгі күні Надежда Шехавцова 130-ыншы болып пәтер кезегінде тұр.

– Алдағы уақытта бюджет қаражаты жылдағыдан аз болады. Елбасы тапсырмасына сай ендігі кезекте коммуналдық үйлер құрылысын азайтып, жалдамалы негіздегі тұрғын үйлердің құрылысын жүргізетін боламыз. Мемлекет басшысы жуырда жариялаған Жолдауында да осы мәселеге баса назар аударды. Ешкімге кезектен тыс пәтер берілмейді. Алдағы жылы апатты жағдайдағы үйлердің мәселесін шешуді бірінші кезекте қолға алу керек. Бүгінгі күні қалада апатты деп танылған 230 пәтер бар. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін екі тұрғын үй салу жоспарлануда. Алайда, мұны жүзеге асыру үшін, алдымен, мәслихатпен ақылдасуымыз керек. Келер жыл соңына дейін мәселені шешуге тырысатын боламыз, – деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы.

 Аймақ басшысы облыс орталығындағы апаттық жағдайдағы жатақханада тұрып келген Жаңылсын Сағындықоваға кезек санының келуіне байланысты жылдың аяғына дейін баспаналы болатынын жеткізді.

Балықшы поселкесіндегі Бейбітшілік көшесіндегі үйі бұзуға қойылғандықтан, бұл үйдегі тұрғындар Нұрсая мөлтекауданында салынып жатқан жаңа үйге қоныстанбақшы. Алайда, ғасырға жуық өмірін Балықшыда өткізген еңбек ардагері Ираида Гарина-Ухова бұл аумақтан кетуге бас тартып отыр. Осыған орай, еңбек ардагері облыс әкімінен ескі үйінің маңынан салынып жатқан жаңа үйден пәтер бөлуді сұрады. Облыс басшысы қала тұрғынының жағдайын ескеріп, өтінішін қанағаттандыруға келісімін берді.

Ғалидолла Кунашев облыс орталығындағы Мұнайшы көшесіне асфальт жүргізуді сұрады. Аталған мәселе бойынша ол бұған дейін де қала әкімдігіне арызданған. Алайда, мәселе шешімін таппай келгендігін айтады. Облыс басшысы 400 метрді құрайтын жолдың жобалық-сметалық құжаттамасын желтоқсан айында дайындап, қаңтарда тендер өткізіп, күн жылынысымен жұмысты бастап кетуге тапсырма берді.

Өткен жылы Исенова көшесінен жаңа пәтер алған Қымбат Ізімова осы уақытқа дейін ыстық су мәселесі шешілмей келгендігін айтып, сонымен қатар, облыс орталығында отбасы үлгісіндегі балалар үйін ашуға рұқсат сұрады. Аталған мәселелер бойынша аймақ басшысы тиісті органдарға тапсырма берді.

Төре Дәулетиярұлы – ғибратты ғұмыр кешіп, артына өнегелі із қалдырған жандардың бірі. Көптеген кеңшарды басқарып, аймақтың ауыл шаруашылығы саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Абзал азаматтың жары Аятхан Сәтберсінова облыс әкіміне қабылдауға келіп, зайыбына Құрманғазы және Исатай аудандарының «Құрметті азаматы» атақтарын және Атырау қаласынан бір көшенің атауын беруді сұрады.

Облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Төре Дәулетияровпен талай рет кездескенін, ол кісінің өңірді өркендетуге қосқан үлесінен хабардар екендігін айтып, көше атаулары талапқа сәйкес тек мемлекеттік қайраткерлерге ғана берілетінін түсіндіріп жеткізді. Әйтсе де, Төре Дәулетияровтың Құрманғазы ауданында 14 жыл бойы қызмет еткенін ескеріп, аудан әкімі Амангелді Барақатовқа қажетті құжаттарды жинастырып, ауданның «Құрметті азаматы» атағына ұсынуды тапсырды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз