
Зауыттағы жаңа жүйе қоршаған ортаға шығарындыларды бақылайды
Атырау мұнай өңдеу зауыты қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарын жаңа деңгейге көтеріп, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызды қадамдар жасауда. Зауыттың төрт негізгі технологиялық қондырғысында автоматтандырылған эмиссияларды бақылау жүйесі енгізілді. Жаңа жүйелер көміртегі оксиді, күйе, азот диоксиді және күкірт диоксиді сияқты зиянды компоненттердің шығарындыларын нақты уақыт режимінде өлшеп, қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкіне ақпарат жібереді. Автоматтандырылған қондырғының жұмыс барысы аталған зауытта ұйымдастырылған баспасөз турында толық таныстырылды.

Зауыттың қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Абзал Теміровтың айтуынша, қазір деректер әр 20 минут сайын жаңартылып, мемлекеттік органдарға ұсынылады. Бұл бақылаушы мекемелерге қондырғылардың шығарындыларын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде тек экологиялық жағдайды бақылау ғана емес, сонымен қатар ыстық су мен бу өндіру үшін қолданылатын механизмдердің технологиялық режимі түзетіледі.
–Бүгінде автоматтандырылған бақылау жүйесі жылу және электр энергиясын өндіру мен мұнай коксын қыздыру қондырғыларында жұмыс істеп тұр. Ал каталитикалық риформинг және хош иісті көмірсутектерді өндіру қондырғыларындағы ақпарат беру жұмыстары техникалық себептерге байланысты уақытша тоқтап тұр, — дейді А.Амантайұлы.

Айта кету керек, зауытта 21 технологиялық қондырғы жұмыс істейді, олардың тек төртеуі ғана –шығарындылардың негізгі көзі. Бұл қондырғылар экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің заңнамасына сәйкес жұмыс істейді. Автоматтандырылған бақылау жүйесі тек шығарындылары жылына 500 тонна немесе одан да көп болатын атмосфералық ластану көздеріне орнатылуы тиіс. Яғни, бұл ереже экологиялық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында атмосфераға зиянды заттардың көп мөлшерде таралуын болдырмау үшін автоматты бақылау жүйелерін тек ірі шығарындылар көздеріне енгізуді міндеттейді. Бұл жүйелер қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтарды нақты уақыт режимінде бақылап, олардың мөлшерін шектеп, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Атырау мұнай өңдеу зауытының экологиялық жауапкершілікті арттырудағы бұл бастамалары аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға айтарлықтай әсер етеді. Сондай-ақ зауыт 2031 жылға дейін зиянды заттардың шығарылуын азайту бойынша арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін үздіксіз жұмыс жүргізуде. Бұл іс-шаралар – тек зауыттың экологиялық жағдайын жақсартуға емес, бүкіл аймақтың табиғи ресурстарын қорғауға және таза ауаны сақтауға бағытталған маңызды қадам.
Тоғжан ЕРМЕК