Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің иесі еді…
2020 жылдың 3 шілдесінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Рәбиға Сәтқалиқызы Сыздық мәңгілікке көз жұмды.
Ғалымның мәңгілік сапарға аттанғанын естіген жұрт қара жамылып, көкірегі қарс айы-рылып қайғырды. Пандемияға байланысты ғалыммен қоштасуға көпшілік жете алмай қалғаны да мәлім. Алайда төсек тартып, жатып қалған кезінде де апамыз бәріне алғысын жаудырып, бақытты адамның ғұмырын кешкенін айтып жатты. Соңғы демі үзілгенше әкесі, анасы, ағасы туралы, ғылымның жайы, шәкірттері туралы айтты. Кәлиманы сан рет қайталап, елге ризашылығын білдіріп жатты. 95-тен асқан апайымыз бұл өмірде ешкімге қиянат жасамағанын, ешкімнің ала жібін аттамағанын, мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмектесуге тырысқанын айтты. Апайымыздың бұл сөздері терең ой салды. Себебі, сонша жасқа жеткенше әділ, адал, таза қалпын сақтай білуге екінің бірінің шамасы жете бермесі анық…
Академик Рәбиға Сыздық өнегеге толы өмірінде әділдікті ту ете білді. Апайдың өмірлік ұстанымы (кредосы) – «Ғалым әділ болуы керек! Ғылым әділін көрсетуі керек!» Ақталардан 11 жыл бұрын (1977 жылы) «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалым» екенін айтқан кезде де, қазақ әдеби тілінің тарихын айқындаған кез-де де, Қадырғали Қосымұлының еңбегі туралы тұжырымдарын айтқан кезде де осы ұстанымынан айныған емес. Айналасына шуақ шашып жүрген жан аналық, әжелік мейірімімен қатар тазалығымен, адалдығымен, әділдігімен бәріміздің жүрегімізде мәңгілік орын алды, сөзімен де, ісімен де үлгі болып қалды. Ғалымдық пен адамдықты қатар алып жүрген, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің иесі еді…
«Түк біткен жерге бітеді, шөп шыққан жерге шығады» дегендей, Рәбиға Сәтқалиқызының ата-баба-сы, әке-шешесі де елге әйгілі, ақыл-парасаты мол, көзі ашық адамдар болған екен. Рәбиға апайымыздың арғы атасы – Сәмбет батыр, рубасы Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қаракөл ауылында шамамен 1760-1850 жылдары өмір сүрген. Жетім мен жесірге пана, елге қамқор болған жанның атағы алысқа та-райды. Исатай, Махамбет бастаған көтеріліс жеңіліске ұшырап, жадап-жүдеген кезде бет түзеген бірден-бір адамының Сәмбет батыр болуы бекер емес. Оның 40 адамды құшақ жая қарсы алып, тамақтандырғаны, жылы киім, тың ат қосып бергені жайында Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» атты даста-нында да баян етіледі.
Сәмбеттен Бұйдағара, Бұйдағарадан Құтқожа, Құтқожадан Сәтқали тарайды. Сәтқали – Рәбиға апайымыздың әкесі, көзі ашық, қазақтан шыққан тұңғыш телегра-фист мамандардың бірі. Жасынан мұсылманша сауат ашып, кейін екі кластық (6-7 жылдық) мектеп-те, Орынбордағы семинарияда білім алған. Ақтөбе облысының бірнеше ауданында байланыс бөлімшесінің (пошта, телеграф, ра-дио) бастығы болып қызмет еткен. Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Иса Қашқынбаев, Шынтас Қаратаев сынды қазақ зия-лыларымен үзеңгілес, пікірлес болған. Сәтқали да атасы Сәмбет сияқты елге қамқор жан болған, дәулеті асып-тасымаса да, дарынымен көзге түскен жастарға көмектесіп, оқып, білім алуы-на жағдай жасаған.
Кейін 1937 жылғы зұлматта «халық жауы» деген айып тағылып, Ақтөбеде ату жазасына кесілген. Жары, Рәбиға апайымыздың анасы – Жеміс Қалуқызы жолдасы ұсталып кеткенде төрт баламен қалған. Қажырлы ана балаларының адал, еңбекқор болып өсуіне ерекше мән берген әрі осы қасиеттердің бәрі өз бойында да болған.
Рәбиға апай әрдайым: «Бойымда қажырлық, намысшылдық, адалдық, еңбекқорлық сияқты қандай ізгі қасиет болса, бәрі де – анамнан», – деп отыратын.1924 жылдың 17 тамы-зында Ақтөбе облысы Ойыл қалашығында дүниеге келген Рәбиға Сәтқалиқызы әкесі ұсталғанда 7 сынып-та оқыған екен. Тікенектей қадалған жаланың зардабынан оқушы кезінде-ақ зардап шегіп, «кесірі тимес үшін» сынып-та қасына ешкімнің отырмай қоюы, А.С.Пушкиннің 100 жылдығына арналған кеште бәріне жеткен тақпақ-өлеңнің кішкентай Рәбиғаға ғана «жетпей қалуы», соны сылтауратып, мұғалімнің: «Ағайынды қарақшылар» («Братья-разбойники») деген поэманы бастан-аяқ жаттап кел!» деп берген тапсырмасы бұлжытпай орындалса да, кезек тимей қалуы – өзекті өртеген күйік болғаны даусыз.
Осы кезден бастап «Әкеміз халық жауы емес, ол әділетсіздіктің құрбаны болды» деген сенім мен намыс апайдың көкірегінде берік орын алған. Осы намыс кейін өмір жо-лына қамшы болып, мойымауға, шындықты жасқанбай айтуға, әділет үшін жанын аямауға ұмтылдырған.Рәбиға апай 1938-1940 жыл-дары Темір қаласындағы педучи-лищеде оқыған. Еңбек жолын 16 жасынан бастап, 1940-1945 жыл-дары Алға поселкесі мен Темір қаласында мектеп мұғалімі, пе-дучилище оқытушысы болып қызмет еткен. 1944 жылы же-дел түрде екі жылдық Ақтөбе оқытушылар институтын бітіреді. Ақтөбедегі No6 мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істегенде түрлі үйірмелер ашып, дарынды балалардың шыңдалуына түрткі болған. Апайымыздың сол кездегі шәкірттері – Ізтай Мәмбетов, Бәкір Тәжібаевтар ақын, аудар-машы, журналист ретінде таныл-са, Сұният Нұрмұқанбетов – тарих ғылымдарының кандидаты, Ырзабай Қобдабергенов Шымкент қорғасын зауытының директоры болып қызмет істейді.
1945 жылдың тамызын-да Абай Құнанбайұлының 100 жылдығы республика көлемінде атап өтілмек болады. Ол жиынға түрлі өңірлерден делегаттар шақырылған. Тіл, әдебиетке құмар, жауапкершілігімен, зеректігімен көзге түскен Р.Құтқожина – Ақтөбеден баратын алты адамның бірі. Әрі республикалық та-мыз кеңесінің де қатысушысы. Алматыға барып, білім алуды ар-ман еткен қаршадай қыз бұған ерекше қуанады. Рахила Сәрсенова апайымен бірге Киров (қазіргі Төле би) көшесіндегі кішігірім қонақүйге орналасқан Рәбиға ертесіне Орталық Комитеттің ғимаратындағы жиында алғаш рет Мұхтар Әуезовті көріп, баяндама-сын ұйып тыңдайды. «Мектепте балаларға оқытып жүрген Абайым осындай кісі екен ғой. Абайды осы-лай айтып, түсіндіру керек екен ғой», — деп жазушының әр сөзіне сүйсінумен болады. Алматыға келіп, оқуын жалғастырғысы келеді.
Орынай ЖҰБАЕВА,
шәкірті, филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы
Алматы қаласы
(Жалғасы бар…)