Жарнама
ЖаңалықтарМедицинаҚоғам

Қызылшадан қалай қорғануға болады?

Республикада белең алып жатқан қызылша дерті кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Осыған орай ауру туралы, оның алдын алу бағытында дәрігерлік кеңес беруді жөн көрдік.

ФОТО - МЕДИЦИНА

Бұрын қызылшамен ауырмаған және оған қарсы егілмеген адамдар ауруға өте қабілетті, әрі олар кез-келген жас шамасында пайда болуы мүмкін. Қызылшаға қарсы вакцинация жүргізілгенге дейін, 16 жасқа дейінгі балалардың 95 пайызы қызылшамен ауырған. Ал,  егу жұмыстары кеңінен жүргізілгеннен кейін, дертпен ауыру едәуір төмендеді. Десек те, бұл әлі де сақталған және соңғы жылдары оның өсу көрсеткіші байқалуда. Аурудан қорғану үшін 15 айлық жасқа дейінгі сәбилердің 94-97 пайызына екпе салдыру маңызды. Сырқаттанудың ересек адамдардың арасында байқалуы екпеден кейінгі 10-15 жылдан соң иммунитеттің төмендеуімен біршама байланысты.

Айта кету керек, қызылша қоздырғышы ағзада ұзақ сақталып, аурудан кейін баяу дамитын инфекция – жеделдеу склерозды менингоэнцефалит дамуы мүмкін. Жұқпаның негізгі көзі – тек қана науқас адам. Ол жасырын кезеңнің соңғы екі күнінде, бөртпе шыққаннан кейінгі төрт күнге дейін сыртқы ортаға қызылша вирустарын бөледі. Бөртпенің бесінші күнінен бастап аурудың жұғу қаупі жойылады.

Аурудың айрықша белгілері

Вирус тыныс алу жолының эпителийінде көбейеді. Жасырын кезеңнің соңғы күндерінде, бөртпе шыққаннан кейінгі 1-2 күн ішінде вирусты қаннан білуге болады. Қоздырғыш бүкіл ағзаға гематогенді таралады. Жасырын кезеңнің аяғында вирустың тым шиеленіскен екінші толқыны байқалады. Оны кеңірдектің шырыш қабықтарынан, бронхтардан, кейде дәреттен табуға болады. Гиперплазиялы лимфоидты тіндерден, соның ішінде лимфа түйіндерінен де, көмекей бездерінен, көкбауырдан гигантты ретикулоэндотелиоциттерді табуға болатыны анықталған. Үшінші күні вирустың таралуы бірден төмендеп, әдетте төртінші күні табылмайды. Иммун тапшылығы бірнеше ай сақталады. Содан  соң тұрақты иммунитет қалыптасады. Оның қайталануы сирек жағдай.

Қызылшаның жасырын кезеңі 9-11 күнге созылады. Иммуноглобулинмен алдын алу шараларын жүргізу барысында 15-21 күнге дейін созылуы мүмкін. Ауру циклді түрде дамиды. Дене қызуы 38-39°С-қа дейін көтеріліп, шаршағыштық, тәбеттің нашарлауы пайда болады.  Аймақтық лимфа түйіндері (мойын және шүйде) үлкейеді және оларды пальпациялағанда ауырсыну сезімі анықталады. Балалардың 50 пайызының көкбауыры үлкейеді. Өкпеде шашыраңқы құрғақ сырыл, кейде көпіршікті ылғалды сырыл естіледі. Кейбір науқастарда ішінің ауыруы және өтуі байқалады. Аурудың шиеленісу кезеңінде типті қызылшаның диагнозы қиындық тудырмайды. Қызылша экзантемасының пайда болуына дейінгі бастапқы кезеңде, диагноз төменгі қабақтың ісінуімен қатар, көздің дәнекер қабығының қабынуына, ауыз қуысында   «Бельский-Филатов-Коплик» дағының анықталуына, бөртпенің дақты-паулезді, қосылуға бейім бөртпелердің сатылы түрде дамуына  негізделеді.

Егілген науқастардағы аурудың А типті ағымын анықтау өте қиын. Ауруды қызамықтан, энтеровирусты экзантемадан, Розенбергтің инфекциялық эритемаларынан, аллергиялық бөртпеден, жұқпалы мононуклеоздан ажырату керек. Ол үшін зертханалық әдістер қолданылады.

Дерттен қалай қорғанамыз?

Қызылшаға қарсы пассивті иммунизация жүргізу керек. Пассивті иммунизация үш жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, туберкулезбен ауыратын науқастарға, әлсіз иммунды жүйелі адамдарға жүргізіледі. Үш жастан жоғары қызылшамен ауырмаған, әрі дертке қарсы егілмеген балаларға жедел түрде вакцина салынуы керек. Ауру кезінде баланы балалар мекемесіне 17 күн бойына жібермеу қажет, ал профилактикалық иммуноглобулин қолданғандар үшін бұл уақыт 21 күнді құрайды.

Қызылшадан сақтандырудың сенімді әдісі тірі – вакцинамен иммунизация жасау. Бұл егу қорғаушы әсерді 15 жыл бойы сақтайды. Тірі вакцинаны жүкті әйелдерге, туберкулез, лейкоз және лимфомамен ауыратын науқастарға белгілемейді. Бірінші вакцинаны бір жаста  енгізсе, екінші қайта  егуді алты жастағы балаларға жасайды. Иммунизация барысында балалардың 95 пайызы тиімді  нәтижелілікке жетеді.

Амангүл  СӘРСЕНҒАЗИНА,

Геолог емханасының эпидемиолог-көмекшісі.

Атырау қаласы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button