Қызылқоға ауданында алғашқы қар жауды (ФОТО)
Атырау облысының, Қызылқоға ауданы, Сағыз селосында алғашқы қар жауды. Қыстың көрінісін қарсылаған өңір тұрғындары әлеуметтік желілерде жауған қардың суреттерімен және видеороликтермен белсенді бөлісуде. Ауа-райы мен күннің суытуына байланысты қайғылы жағдайлар туралы ақпарат түспеген.
«Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының мамандарына хабарласқанымызда, жалпы облыстың барлық жерінде жаңбыр мен тұман болатындығы алдын ала жарияланғанын айтып отыр.
Ауа райын болжау және байланыс бөлімінің басшысы Күлайна Мырзашеваның бізге берген мәліметі бойынша, Қызылқоға ауданында қар жауған күнгі ауаның температурасы нөлден жоғары болған. Сағыз ауылында алдымен жаңбыр жауып, соңынан таңға жуық ылғалды қар жауған, қардың арты жаңбырға ұласқан. Сол себепті, жерге түскен қардың биіктігін есептеу де мүмкін емес. Өйткені, жердегі қар кері еріп жатыр.
«Қызылқоға ауданында қардан кейінгі ауа райы +2 градус жылыны көрсетіп тұр. Негізінен алғанда, белгілі бір тұман түскеннен кейін жаңбырдың немесе қардың күтілу ықтималдығы болады. Тұман қалың түскен соң, оның үстіне Қызылқоға ауданы солтүстік жақта орналасқан аймақ болғандықтан қар аралас жаңбыр жауып отыр. Ал, дәл қазіргі уақытта ауа температурасы Атырау облысында түнде +6, күндіз +7 градус жылылықты көрсетіп тұр»,-дейді Күлайна Мырзашева.
«Қазгидромет» мамандарының айтуынша, Атырау облысының барлық жерінде жаңбыр күні бойына жауады деп күтілуде.
Жалпы, қазан айында жауған қарды қалыпты жағдай деп қабылдағанымыз дұрыс. Өйткені, бұған дейінгі жылдарда да қар аралас жаңбыр қазан, қараша айында жауған.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА
Фото pricom.kz сайтынан алынған