Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Қытайлықтар бір жылда екі есе көбейді

Атырау облысында еңбек мигранттарының саны соңғы бір жылдың ішінде екі есеге артқан. Бұдан қазыналы өңірдің бүгінде үлкен еңбек қазанына айналып отырғанын көреміз. Рас, біздің жұртымыз – пейілі кең, дархан халық. Бірақ, шектен шықса, кеңшіліктің де кемшілігі болады. Осы орайда «жұмыссыз жүрген жергілікті азаматтарымызды кері ысырып, өзгені төрге шығарғанымыз қалай?» деген сауал да санамыздан кетпейді.

сараптама

Облыстық ішкі істер департаментіндегі миграциялық полиция басшысының орынбасары Болат Досқалиев өткен жылы аймаққа басқа елдерден 13 147 адам келіп тіркелгенін айтады. Олардың ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Ресей мен Беларусь елдерінің азаматтары көбірек  жұмыс іздеп келген.

– Жалпы, биыл 25037 адамға еңбек етуге рұқсат берілді. Бұл былтырғымен салыстырғанда анағұрлым көп. Өңірге келуші шетелдік азаматтардың да саны жыл сайын артып отыр. Мысалы, биыл бір ғана Атырау қаласында 64 мың адам тіркелген, — дейді ол.

Ырысымызды ысырап етпейікші!

Бізді бәрінен бұрын жергілікті жастар ынта білдірмеген жұмыс-қа келімсектердің келісе кетуі алаңдатады. Департамент мамандары келтірген деректерге сүйенсек, жасырын мигранттар Қазақстаннан жыл сайын 5-7 миллиард доллар көлемінде қаржы шығарады екен.

Еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетовтің пікірінше, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішіне көші-қон үрдісінің тигізер әсері мол.

–  Жұмыс табу не кәсіп ашу мақсатымен келген шетелдіктер көп шығынданбас үшін заңсыз әрекеттерге барып жатады. Сөйтіп, ешқайда тіркелмейді, бақылаудан тыс қалады. Нәтижесінде, жыл сайын қолма-қол ақшаны қоспағанда, банктер мен өзге төлем жүйелері арқылы бір млрд. доллардан астам қаржы сыртқа «төгіледі». Ақырында, ел қазынасына бір тиын да салық түспейді, — дейді вице-министр.

Қызықты қараңыз, соңғы уақытта қоғамдағы қауіпті үрдістердің бірі – адам саудасының қыза түсуі де осы көші-қонға тікелей байланысты. Қазір бұл мәселе трансұлттық және трансшекаралық сипат алды.

– Бүгінде адам айтса нанғысыз қылмыстың құрбаны болып жатқандар да жетерлік. Олардың біразын мигранттар жасаған. Сондықтан, бұған көз жұмып қарауға болмайды. Елімізге алдымен турист ретінде келіп, кейін заңсыз, қызмет бабымен қалып қоятындар бар. Айталық, былтыр Астанаға осындай тәсілмен жүз мыңнан астам адамның еңбек ететіні анықталды, — дейді Біржан Бидайбекұлы.

Келімсектердің көксегені не?

Ал, геосаяси тұрғыдан алғанда, кейбір елдер үшін азаматтарын өзге елдің еңбек нарығына жіберу  қалыпты жағдай болып саналады екен. Мәселен, Тәжікстан биыл 237 мың тұрғынын Ресейге және 5,7 мыңын бізге жіберіп отыр. Енді олар Оңтүстік Корея, Кувейт, Катар, Біріккен Араб Әмірлігіндегі нарық жағдайын зерделеп жатқан көрінеді. Бұған саясаткерлер қос тарапқа тиімді «келісім» ретінде қарайды. Бірақ, оның астарында нақты не жатқаны жұмбақ. Бұл орайда біз жас алаштанушы, Атырау мемлекеттік университетінің студенті Заманбек Шәкіровтің пікірін білген едік.

– Мәселен, Атырау қаласының көшелерімен жүріп өтсеңіз, алақан жайып, қайыр сұраған сығандарды жиі жолықтырасыз. Жабайы сауда нүктелерінен өзбекстандық сатушыларды көресіз. Жалдамалы жұмысшылардың дені – қарақалпақтар. Ал, олардың өз елдерінде бізден де бақуатты тұратынын білесіз бе? Солай бола тұра, жат жерде не істеп жүр? Ол жағына ешкім бас ауыртқысы келмейді. Шындығына келгенде, олар өз отандарына қаражат құю үшін әдейі жіберіледі.

Сөзіміздің дәлелі, биылдың бес айында мигранттар Қырғызстанға 615 млн. доллар ақша аударыпты.

Сарапшылардың болжауынша, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы еңбек миграциясының шекарасын кеңейтіп жіберді. Ал, қарияларды күтіп, бала бағатын, үй тазалап, жекеменшік нысандарды салатын, сондай-ақ, ас үй қызметіне тартылатын жұмысшыларды анықтау да, жазалау да қиын. Оның үстіне, денсаулығы қалай, жұқпалы ауруға тексерілген бе, бұл жағы мүлде қадағаланбайды.

Қара жұмыстан қашамыз

Статистикаға көз жүгіртсек, дүние жүзінде 1,5 млрд. бос жұмыс орны бар. Жер бетінде 5 млрд. адам жұмысқа қабілетті. Қай ел де қазір ең бірінші кезекте жұмыссыздықты жойғысы келеді. Бүгінде мигранттардың көбі құрылыста, тау-кен өндірісі мен өңдеу кәсіпорындарында еңбек етеді. Демек, аталған салаларда жұмыс күшіне сұраныс бар деген сөз. Ендеше, осы бағытта кадр дайындау қажет. Өкінішке орай, жергілікті жастар қара жұмысқа құлықсыз.

Екі жылдың ішінде Атырауға еңбек квотасымен 800 өзбекстандық азамат шақыртылып алынған. Қазір олар шаруа қожалықтарында еңбек етеді. Ауыл жастары егін егіп, жер жыртып, малдың соңында жүргенді қаламайды. Олар үшін табысы жоғары мұнай-газ саласы анағұрлым тиімді. Өздерінен «оқыған мамандығың бойынша неге еңбек етпейсің?» деп сұрасақ, «жұмыс жоқ» дейді. Шындығына келгенде, бұл – сылтау. Өйткені, қазір бір ғана «Сичим» компаниясының өзі мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Алысқа бармай-ақ, «Арнаулы автобаза» мекемесінде электрик, жүргізуші, дәнекерлеушілер орташа есеппен жүз мың теңгеге жуық жалақы алады. Сонда, бұл жұмыс емес пе?

Былтыр облысқа алыс және жақын шет елдерден барлығы алпыс мыңға жуық адам келіпті. Соның ішінде өзбекстандық азаматтар өз отандарына бір жылда 1 миллиард теңгеге жақын қаражат (Бұл тек пошта арқылы ғана. – Авт.) аударған.

Амандық Сағынтайұлы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button