Атырау облысында шалғын көбелегіне қарсы 8,7 мың гектар алқап өңделеді

radmin news 2022 06 13 220613171611642e w860 h580 Қоғам

Өткен жылдың көктемінде көптеген егіндік алқаптарды «құрт жайлап» кеткені көпшіліктің есінде болар. Белгісіз жәндіктер даланы қойып, қалаға да шабуыл жасағаны бар. Атырау мен Құлсары қаласының шеткі учаскелерінде орналасқан үйлердің ауласы мен пәтерлердің қабырғасын бойлай басып қалғаны соншалық, жұрт үйлерінен кіріпшығудан қалды. Мұны кейін осы сала мамандары «Шалғын көбелегінің жұлдызқұрты» деп атады.

Жұлдызқұрт əсіресе Жылыой мен Қызылқоға аудандарында кең өріс алды. Өйткені, былтыр осы өңірлерде Жем мен Ойыл өзендерінің суы молынан тасып, «құрттардың» өсіп-өнуіне қолайлы орта қалыптастырды. Соның кесірінен, «өзен жағалап өзегі талмай» отырған диқаншылардың еңбегі зая кетті. Егістік алқаптарының біраз бөлігін əлгі жұлдызқұрт жеп кетіп, кейбірі егінін қайта салуға мəжбүр болды. Қаптаған құрттан Жайықты жағалай отырған диқаншылар да зардап шекті. Енді биылғы ахуал қалай болмақ? Қазірдің өзінде еріген қалың қар қауіп төндіріп, аудандарда көктемгі тасқын қатты болуы ықтимал деп болжанып отыр. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, əкімдіктегілер су тасқынынан қорғанамыз деп, бөгетпен арпалысып жүргенде бұл мəселе ұмыт қалып, тағы да «құрттап кетіп» жүрмейміз бе? Сондықтан, алдымен,аудандағы ахуалды білмек ниетпен біз Жылыой аудандық аумақтық инспекция басшысы Нұржан Оңайəлиевке хабарласқан едік:

– Былтырғы жағдай, əрине, бəрімізге ащы сабақ болды. Ылғалдың молдығынан шалғын көбелегінің жұлдызқұрты күрт көбейіп кетті. Оған жергілікті құзырлы органдар да, шаруашылықтар да дайын болмай қалды. Əркім өз күші жеткенше күресіп, шалғыны мен егістік алқабын аман сақтап қалуға ұмтылды. Егін шаруашылығынан біраз шығын болды. Өңірлерде орын алған осы бір қиын жағдайдан кейін Ауыл шаруашылығы министрі 2015 жылғы шығарған бұйрығына өзгеріс енгізіп, шалғын көбелегінің жұлдызқұртын да зиянды жəндіктердің қатарына енгізді. Соның нəтижесінде оған қарсы күрес шаралары күшейтіліп, қазірдің өзінде басталып кетті. Айталық, аудан əкімі Ж.Қаражановтың өкімімен арнайы штаб құрылып, облыстық бюджеттен қаражат қаралып отыр, – деді инспекция басшысы.

Н.Оңайəлиевтің сөзінше, биылғы шалғын көбелегіне қарсы «шайқас» осал болмайтын түрі бар. Жұлдызқұрт бой көтере қалса, штаб мүшелері былтырғы кеткен есесін биыл қайтарарына сенімді.
Əрине, біз бұл мəселе жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұловтың берген мəліметіне де зер салып көрдік.

Оның айтуынша, былтырғы жағдайдан кейін шалғын көбелегіне қарсы шұғыл шаралар қолға алынған. Жергілікті бюджеттен қаралған қаражатқа сəйкес, зиянкес ретінде қарсы күрес күшейтіліп, 6,8 мың гектар алқапқа химиялық өңдеулер жүргізіліп, уланған екен.

Ауыл шаруашылығына келтіретін зиянның қаншалықты ауырлығын жақсы түсінген сала мамандары жұлдызқұртқа қарсы «шабуылды» биыл да толастатпақ емес.

Салауат Өтеғұлұлының болжауынша, алдағы көктем мезгілінде 8,7 мың гектар алқапқа химиялық өңдеулер жүргізіледі. Əрине, егін мен мал шаруашылығына келер зиян бір ғана шалғын көбелегімен шектелмейтіні белгілі. Бір уақытта «құрт қаптап» кеткенімен, келер жылы даланы шырылдауық шегіртке басып кетуі ғажап емес. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар да өз қарқынынан жаңылған жоқ.

Айталық, былтыр республикалық бюджеттен осы мақсатқа арнайы қаражат қаралып, бөлінді. Соның нəтижесінде аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы облыс аумағының 31,9 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабына химиялық өңдеулер жүргізілген. Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, уланатын жердің көлемі 28,2 мың гектар болып белгіленіп отыр.

– Осындай іс – шаралардың нəтижесінде егін жинау, жем-шөп дайындау жұмыстары жоспарға сəйкес атқарылды. Егістік жəне шабындық алқаптарды былтырғыдай зиянкестердің басып кетпеуі үшін алға қарай қолдан келген барлық шаралар алынатын болады, – деді басқарма басшысы.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз