Ысырапшылдық – ынсапқа сын
Атыраулық дін қызметкерлері халықты аста-төктіктен арылуға, қаза дастархандарындағы ысырапшылдықтан тыйылуға шақыруда. Бұл бастаманы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та қолдап отыр.
«Садақадағы молшылық расымен де қынжылтады. Осындай жиындарда мұны мойындасақ та, жеке өзімізге келген кезде «қарапайым дастарханнан бейшара болып көрінбеймін бе?» деген оймен аста-төктікке жол беріп жатамыз» деген облыс басшысы дініміз талап ететін қарапайымдылықты насихаттаудың қажеттігін алға тартты.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров ғибадат үйлерінің қоғамдық қызметі туралы баяндады. Балаларына екпе алудан бас тартқан ата-аналармен жұмыс туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Түркіменбай Нұржігітов хабарлама жасады. Сонымен бірге, облыстық ішкі істер департаменті экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Ербол Оңғаровтың баяндамасы тыңдалды.
(Өзекті мәселелер талқыға түскен жиын туралы толығырақ газетіміздің келесі санында жарияланады).
Баян Жанұзақова