Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Ынтымақты елдің ырысы мол

қазақстан халқы Ассамблеясы

Муса АЛИШАЕВ, «Салам» дағыстан этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:

«Қазақстанда тұрғанымды мақтан етемін»

— Муса Абакарұлы, Қазақстанға қай жылдары келіп едіңіздер? Туған жер, өскен ортаңыз туралы айта отырыңыз…

қазақстан халқы Ассамблеясы3

— Менің ата-анам Қазақстанға 1963 жылдары келген. Үлкендер «жер ауып келгендерді әр елді мекенге бөлгенде мүлік, азық қоры мүлде болмаған. Осындай кезде жергілікті тұрғындар зорлықпен көшіп келгендерге қолынан келген барлық көмегін аямады» деп айтып отырушы еді.

Бүгінде Елбасының салиқалы саясатының, жергілікті ұлт өкілдерінің қонақжай мінезінің, табиғи болмысының, даласындай дархан көңілінің, бітімгершілік қасиеттерінің арқасында ұлтаралық келісім мен  татулықта өмір сүрудеміз. Түрлі тағдырмен келген өзге ұлт өкілдері Қазақстаннан тұрақты мекен тапты, өзінің Отаны деп есептеді. Келген адамға үй бермесең, жеп отырған наныңнан бір үзім бөліп бермесең, ол адам бір-екі күннен артық тұра алмас еді. Қазақ барлығын бауырына баса білді, көмектесті. Мен өзімді Қазақстанның байырғы тұрғынымын деп есептеймін. Бір атаның баласындай бауырмал халқы, ел қорғаған батырлары мен аузы дуалы билері бар Қазақ еліне екі жасымда келдім. Яғни, 1961 жылы Дағыстанда, Лак ауданының Кумух ауылында дүниеге келдім. Бұрындары атамекенінен жер аударылғандардың көпшілігі суық климаттық жағдайларға, аштыққа шыдай алмағанын анам жиі еске алатын. Сондай қиын кезеңдерде Қазақ даласынан пана тауып, ұрпағын өрбіткендердің жергілікті халыққа алғысы шексіз. Бүгінде тұрақтылық пен тыныштық орнаған елдің азаматы болғанымды мақтаныш етемін.

– Көп ұлт пен ұлыстың басын біріктірген бірден-бір институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Елбасының бастамасымен қолға алын-ған бұл идея елімізге не берді?

қазақстан халқы Ассамблеясы5

– Сонау 2007 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгенде Ассамблея конституциялық мәртебе  алып, оның мүшелері Парламент Мәжілісіне сайланатын болды. Дәл мұндай тәжірибе басқа елдерде болған емес. Міне, осындай саясаттың нәтижесінде елі-міздегі 130-дан астам ұлт пен ұлыс бірлікте өмір сүруде. Бұл – Елбасы бастамасымен қолға алынған идеяның, жүргізіп отырған саясаттың нәтижесі. Рас, кезінде «Қазақстан көпұлтты мемлекет, ол бір ел бола алмайды, ұлттар жан-жаққа тартып, мемлекет тарап кетеді» деген пікірлер айтылды. Алайда, дұрыс жүргізілген саясаттың нәтижесінде  бұл пікірлер шындыққа айналмады. Бүгінде бізде барлық ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін ортақ идея бар.

– Сізді не мазалайды? 

– Қандай ма қиыншылықты бастан өткерсек те, қазақстандық болып табылатын өзге ұлт өкілдерінің этникалық бірегейлігін, мәртебесін сақтауға негізделген ұлтаралық татулықтың үлгісі қалыптасты. Дегенмен, соңғы кездері әлемде болып жатқан жағдайлар ойлантады. Бүгінде көптеген елдердегі зорлық, этникалық алалау, түрлі соғыстар мен қақтығыстар сияқты ең қайғылы сценарийлер бойынша өрбіп жатқанын теледидар, ғаламтор арқылы естіп-біліп отырмыз. Ал, мұндай жағдайда әрбір қазақстандық татулық пен қоғамдық келісімнің шынайы бағасы қандай екенін, төзімділік пен толеранттылық жолын таңдау арқылы орны толмас  қайғы-қасіреттен аман қалғанын жете сезіне бастады. Десе де, басқа дінді немесе секталарды уағыздайтын миссионерлердің исламның атын жамылып келіп жатқан уағызшылардың қаупі күштірек секілді. Көп жағдайда психологиялық, әлеуметтік, қоғамдық немесе рухани тұрғыда түрлі проблемаларға душар болып жүргендер, әсіресе,жастар басқа дінді уағыздайтын миссионердің тұзағына тұтылуы мүмкін. Сол себептен, ел бірлігін бекем ету – маңызды міндет.

— Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқып шыққан боларсыз, не түйдіңіз? 

қазақстан халқы Ассамблеясы6

—  Әрине, елімде болып жатқан әр оқиға назарымнан тыс қалған емес. Және оған мүмкіндігінше үн қосып отыруға ұмтыламын. Мақалада руханиятты қайта түлету көзделген. Ата-бабаларымыз «адам адаммен бай», «кісі болар адамның кісіменен ісі бар, кісі болмас адамның кісіменен несі бар» деп адамдар арасындағы қарым-қатынасқа зор мән берген. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқоршы болу, тіпті бейтаныс жолаушыға қой сойып, дастархан жаю, сот-абақтысыз-ақ ел арасындағы түрлі дау-жанжалдың әділетті шешімін табу және басқалар – бұның бәрі қазақтың имандылыққа, жалпы адамгершілікке сүйенген негізін, бір тәртіпке орнаған жүйелігін дәлелдейді. Сол себепті, адамдар ұлтына, тілі мен дініне қарамай араласып, бір-бірінің шаңырағында құдайы қонақ болғанда ғана бауырмал, достық қатынас орнайды. Бұл – қазақтың мәдениетінің, рухани  байлығының көрінісі.

қазақстан халқы Ассамблеясы2

— Өзіңіз жетекшілік ететін «Салам» дағыстан этно-мәдени бірлестігінің атқарып отырған жұмысына тоқталып өтсеңіз…

— Орталық  2002 жылы құрылды. Бүгінде облыста лакцалар, даргинистер, аварцалар мен құмықтар, лезгиндер, ноғайлармен қатар, табарацандарды қосқанда бес жүздей адам бар. Міне, орталық осы ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіреді.

Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекет қызметінің маңызды бағыты – тіл саясатын жүргізу. Сол үшін де қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтудің кешенді шаралары қолға алынып, Қазақстан халықтарының болашағы болатын қазақ мәдениетін өркендету ісі шешімін табуы тиіс. Осы ретте біздің бірлестік те мемлекеттік тіл тынысын кеңейтуге өзінің үлесін қосып келеді.

— Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан: Рита ӨТЕУҒАЛИ

 Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button