Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Үйіңізге жылу есептегіш құрал орнаттыңыз ба?

Қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлерге орнатылатын жалпыүйлік жылу есептегіштер сол үйлердің ортақ меншігі, және ол тұтынылатын жылу энергиясын үнемдеп, ұқыпты әрі ысырапсыз пайдаланудың бірден-бір жолы болып табылады.

20130117202836

Осы тұрғыда республикамызда арнайы бағдарламалар қабылданып, жоспарланған жұмыстарды қаржыландыратын құрылымдар өмірге келді. Солардың бірі осыдан бес жылдан астам уақыт бұрын құрылған  «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» акционерлік қоғамы болатын. Аталмыш салаға қатысты басқа да мекемелер сияқты, бұл қор да жылдан жылға жарғылық капиталының көлемін ұлғайтып, белгіленген жұмыстардың қажетті қаражатпен дер мезгілінде қамтылуын реттеп отыру үшін республикалық бюджеттен қайтарымды негізде бірнеше миллиардтаған теңге ақшаның бөлінуіне мұрындық болып, мәселенің оңтайлы шешілуіне  септігін тигізді.

Әйтсе де, «Тұрғын үй және тұрғын үй қорын басқару», өзге де коммуналдық салаға қатысты нормативтік-құқықтық актілерге, өзге де заңнамалық құжаттарға  енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға байланысты бұл мәселеде де айтарлықтай қиындықтардың кезіккені рас. Сол себепті де сәтті басталған жұмыс барысында ішінара кідірістердің де орын алғаны жасырын емес. Бертінде, бұл жобаны қаржыландыру қағидаттары да түбегейлі өзгеріп, есептегіштерді орнату мен қолданылуын қадағалап, тұтынушылармен есеп айырысып отыруға сол жылу қуатымен жабдықтап, жеткізуші кәсіпорындардың өздері мүдделілік танытып, тікелей араласа бастады.  Соның нәтижесінде, жұмыс та қайтадан өз арнасына түсіп, жүйесін тапты.

Жылдан жылға шаһарда орталықтан және дербес жылыту қазандығынан жылу алатын көпқабатты, көппәтерлі тұрғын үйлер қатарының көбеюімен байланысты мұндай заманауи құрылғыларды орнату қажеттілігі де арта түскен. Осылайша, қазіргі таңда Атырау қаласы бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпыүйлік жылуесептегіш құрылғылармен қамтылу көрсеткіші алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай көтерілген. Бұған дейін де айтып жүргеніміздей, мұндай үрдістің белең алуына «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасының  да оң әсері болғандығы анық. Басты мақсат —  жылуесептегіштердің тиімділігін дәлелдей отырып, тұрғындардың нақты тұтынылған, яғни пәтерлерін жылытуға жұмсалған  жылу энергиясына ғана ақы төлеп, орынсыз шығынды болдырмайтындығына кепілдік беру.

Мәселен, тұрғын алаңы 31,2 шаршы метрді құрайтын пәтер иесі жылуесептегіш құралынсыз пайдаланған жылу энергиясы үшін бір жылу беру маусымында 23109 теңге төлесе, есептегішті орнатқаннан кейін 8207 теңге төлейтін болды. Сөйтіп, 14901 теңгені үнемдеді. Сол сияқты, екі бөлмелі пәтерден 20748 және үш бөлмеліден 26683 теңгеге дейін үнемдеуге болатындығына көз жеткізді. Осы жерде, мұндай айырмашылықтардың орын алуына сараланған тарифтердің қолданылуы да әсерін тигізгендігін айтуымыз керек.

Және бір мәлім болғаны, есептегіштердің ақысы жеткізіп берушілерге республикалық қор арқылы төленеді. Ал, берілген қаржының қайтарылуын қамтамасыз ету міндеті жылуды таратушы ұйымға жүктеледі. Өз кезегінде, әрбір аймақтағы немесе қаладағы жылумен жабдықтаушы мекеме төрт жыл бойына тұрғындардың немесе пәтер иелерінің коммуналдық қызмет төлемақылары түбіртегіне жылуесептегішті орнату мен пайдалану шығындары үшін төлейтін сомаларын (жалпы үй мен әрбір пәтердің ауданына қарай) қоса беріп отырады. Нәтижесінде, бөлінген бюджет  қаражаты біртіндеп мемлекеттік қорға кері қайтарылады. Одан әрі бұл қаржы жылуесептегіштерді орнату бойынша жоспарланған жұмыстарды жалғастыруға, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласындағы басқа да инвестициялық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Есептегіштерді монтаждаумен мердігерлік ұйымдар немесе табиғи монополия субъектілері болып табылатын кәсіпорындар айналысады. Құрылғы орнатылғаннан кейін табиғи монополия субъектісі жеткізушімен бірге атқарылған жұмысты қабылдау-тапсыру актісіне қол қояды. Содан кейін жабдықты өзінің балансына сату үшін оны тауар ретінде (аммортизациялық шығындарынсыз) қабылдап алады. Келесі кезекте монополист мекеме кондоминиум объектісін басқару органымен арада есептегіш құралының сақталуына жауапкершілік шартын бекітеді. Ресімделген акт бойынша есептегіш құралды жеткізіп берушіге жабдықтың құнынан қалған сома төленеді. Оған жалғаса кепілдік қызмет көрсету құнымен де есептесіледі. Шартта көрсетілгеніндей, табиғи монополия субъектісі төрт жылдың ішінде (одан бұрынырақ та болуы ықтимал) қаржылай лизинг (несие) жүйесі бойынша алынып, қондырылған қондырғының құнымен толықтай есеп айырысады. Тек содан кейін барып қана жылуды есепке алу құралы жалпыүйлік меншік нысаны ретінде тіркеледі.

Егер бұған дейін қаладағы көпқабатты үйлерге жалпыүйлік жылуесептегіштер орнатылып келген болса, соңғы жылдар салынған баспаналардың әрбір пәтеріне осындай құрылғылар қойылған. Дегенмен олар әзірге іске қосыла қоймаған. Яғни, әрқайсысының пәтерінде тұрғанымен тұрғындар оның игілігін көре алмауда. Құрылғыны құрылысшы немесе мердігер компания қойып кеткенімен, мемлекеттік тапсыру-қабылдап алу актісі рәсімделмеген. Соның салдарынан жаңа қоныс иелері қыста пайдаланған жылуыүшін өзі тұрып жатқан пәтерінің шаршы метріне  қарай есеп айырысуға мәжбүр болып отыр. Бұл да бүгіндері шұғыл шешімін күткен мәселенің  бірінен саналады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасынан алынған ақпараттарға қарағанда, биылғы жылы Атырау қаласында 45 көпқабатты үйге барлығы 48 жалпыүйлік жылуесептегіш құрылғысын орнату жоспарланса, қазан айына дейін 36 үй қамтылған. Тапсырма жыл соңына дейін толықтай орындалады деп күтілуде. Ал, осы жұмыс бастап қолға алынған 2011 жылдан бері қала бойынша жалпы саны 393 көпқабатты үйге 417 жылуесептегіш қойылған. Бұлардың арасында терможаңғырту бағдарламасымен күрделі жөндеуден өткізілгендері де бар.

Сайып келгенде, мұның бәрі қажеттіліктен, есептегіш құрылғының өз тиімділігін тәжірибе жүзінде көрсеткендігінің дәлелі болса керек. Тегінде, есептегіші бардың есебі де түгел болатындығы кәміл.

Даулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button