ӨЗЕН ЖАҒАЛАҒАННЫҢ ӨЗЕГІ ТАЛМАЙДЫ

Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласына сәйкес, Атырау селолық округіне қарасты Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативі де ел игілігі жолында өз үлесін қосуда.  

Біздің ұжымымыз сексен жылдан астам тарихы бар, кәсібі – балық шаруашылығымен айналысатын облыстағы іргелі шаруашылықтардың бірі. Балықшыларымыз Кеңес Одағы кезінде теңізде асау толқынымен алысып, кішкене қайықтармен балық ауласа, кейіннен Жайық өзені бойынан «су маржанын» теріп, нәпақасын табуда. Шаруашылығымыз өткен ғасырдың 70-80 жылдары еліміздегі қызыл балық аулауды 90%-ға дейін өсіріп, бүкіл әлемді қамтыды.
Қазір Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативі атакәсібімізді жалғастырып, балық аулаумен қатар, оны өз күшімен өңдеу жұмыстарын да атқаруды қолға алуда. Себебі, бұл өндірілген өнімді шикізат күйінде өткізуден гөрі анағұрлым пайдалырақ екені түсінікті жай. Ұжымда 100-ге тарта адам маусымдық жұмыстарда балық аулаумен айналысса, оны мұздатып, тұздап, кептіріп өңдейтін цех, тоңазытқыштар жұмыс жасайды.
Кооператив көп жылдардан бері балық аулау тартымы, ауланатын балық лимиті бөлінбегендіктен «Інжу-Маржан» ЖШС-мен келісім-шартпен жұмыс жасап келеді. Күні бүгін ұжымда басқару аппаратында 12 адам, балық өңдеу цехында 15 адам, Мәдениет үйінде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, егістік жердің тапшылығына қарамастан көрші шаруашылықтардан жер алған жиырма егінші еңбек етуде. Соңғы кезде балықшыларымыз теңізден балық аулауға маманданып келеді. Қазір сегіз звено теңіз төрінен балық аулап, өнімдерін халық дастарханына тарту етуде.
Жайық өзенінің жағдайы, балық қорының жылдан-жылға азаюы тұрғындарды алаңдатады. Ауылымызда 465 үй, онда 3000-ға жуық тұрғын бар. Олардың басым көпшілігі осы балық шаруашылығы салаларында еңбек етеді. Алға қарай балық шаруашылығы саласын дамытуға көп көңіл бөлінсе, жергілікті тұрғындарды еңбекпен қамту да оң нәтижесін берер еді.
Ауылда еңбек адамына жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Әрбір үй электр жарығы, көгілдір отын, таза су, теледидар, компьютер-интернетпен қамтылған. Ауыл іші жолдары түгелдей дерлік асфальтталған, халыққа монша, бірнеше дүкен, мәдениет үйі, «Інжу-Маржан» мейрамханасы, кітапхана қызмет етеді. Мәдениет үйінде атаулы мерекелерге арналып салтанатты жиындар, мәдени шаралар, жас жеткіншектер үшін би-ән үйірмелері тұрақты жұмыс жасайды.
Елбасымыз әлеуметтік хал-ахуал үлкен еңбекпен ғана жақсаратынын ерекше атап, Қазақстан халқына әлеуметтік жаңғырту саясатына қолдау көрсетіп, оны жүзеге асыруға зор сенім артады. Біздің ұжым мүшелері де осы сенімді ақтауға өз үлестерін қосуға жұмыстанады.

Cанат ТІЛЕПБЕРГЕНОВ,
«Құрманғазы» өндірістік
кооперативінің төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз