Вице-министр жауап берді: Маскасыз жүруге бола ма?
Денсаулық сақтау вице-министрі Ажан Ғиният бетпердені қай кезде шешуге болатынын айтты.
«Ұжымдық иммунитет қалыптасуы керек. Ол үшін халықтың 60 проценті вакцинациядан өткеннен кейін ғана маскасыз жүруге болады», — деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетованың айтуынша, ұжымдық иммунитетті 50-60 процентке жеткізу үшін 10 миллион адамға вакцина салу қажет. Ол жоспар биыл орындалмауы да мүмкін.
«Қажетті вакцина болған күннің өзінде оны екі айдың ішінде 10 миллион адамға салып шығу мүмкін емес. Сол себепті ол уақыт, кем дегенде, жылдың аяғына дейін созылады. Тіпті, 2022 жылға дейін баруы ықтимал. Сондықтан ұжымдық иммунитет қалыптасқанша бетперді киіп жүру керек», — дейді Есмағамбетова.
Осы орайда комитет басшысы тағы бір маңызды мәселені ерекше атап өтті. Вакцина екі рет салынады. Ал толық қорғаныс, кем дегенде, бір жарым айдан кейін ғана қалыптасады.
«Барлық адамда вакцинадан иммунитет қалыптаспайды. Статистикаға сәйкес, екпе алғандардың 5 процентіне вакцина көмектеспейді, иммундық жауап болмайды. Демек, ол адамдарда қорғаныс болмайды. Сол себепті бептердені тастамаймыз», — деп атап көрсетті Есмағамбетова.
Айта кетейік, бұған дейін бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов халықтың вирусқа қарсы иммунитеті 50 процентке дейін жеткенде бұрынғы өмірге қайта оралатынымызды айтқан. Сонда шектеу шаралары да, карантин де, локдаун да болмайды. Оған вакцинация арқылы жетуге болады.
Жаппай вакцинация басталды
Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталды. Бұған дейін бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен вице-министр Ажар Ғиният алғаш болып ресейлік «Спутник V» вакцинасы салғызды. Енді, вакцина инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен салынады. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтер, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер, созылмалы ауруы бар адамдар бар. Екпе тегін және ерікті түрде егіледі.
15 ақпаннан бастап Қарағанды зауытында шығарылған «Спутник V» препараты вакцинация үшін пайдаланыла бастайды. Ал сәуір айынан бастап COVID-19-ға қарсы QazCovid-in қазақстандық вакцинасын егу жоспарланып отыр.
«Спутник Қазақстан»