Созақ. Қазақ. Адамзат.

Созақ. Қазақ. Адамзат. Жаңалықтар

Сатыбалды Нарымбетов сонау алпысыншы жылдары  руханият әлеміне жазушы болып енген еді. ҚазМУ-дың филфагында Кекілбаевтардан мақтау сөз естіп, студент күнінде-ақ өзін қалыптасқан қаламгер санаған ол, Алматыға сыймай, Мәскеуге тартады. Онда бірақ, әйгілі Әдебиет институтының құжат қабылдау уақыты өтіп кеткен. Тауы шағылып тұрғанда қызыл астанада құдай айдап Камал Смайылов пен Шәкен Аймановқа тап болады. Шәкеннің нұсқауымен ВГИК-тен бір-ақ шығады. Бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, режиссер, жазушы, кинодраматург Сәкен Нарымбетовтің өзі жылы жымиып қойып, майын тамызып әңгімелейтін осы оқиға дүниеде кездейсоқ ештеңе болмайтынын дәлелдейді.

%d1%81%d0%be%d0%b7%d0%b0%d2%9b-%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d2%9b-%d0%b0%d0%b4%d0%b0%d0%bc%d0%b7%d0%b0%d1%82

Жазушы

Оның «Тентек», «Жусан дәмі», «Жорғаның бір күні», «Жанайғай» сияқты шығармаларын ә деп оқи бергенде… алдымен байқайтыныңыз, оқиғасы «тірі», көз алдыңызда кинокадрлардай жылжи жөнеледі. Суреттеуінде құрғақ кітабилық жоқ, шиырлаған қозғалыс, шиыршық атқан монолог. Нарымбетов қаламының ерекшелігі, терең психологизмі, кейіпкер жүйкесін жалаңаштай білуі. «Жорғаның бір күні» қорқынышты түс сияқты, «Тентек» Құрманғазының сандырақтаған санасын аршиды. «Жусан дәмі» жолдан бала көтерген соғыс жесірінің күйзелісі: ауылмен, табиғатпен, шаранамен, өз ойымен дамылсыз арпалысы. Диалогтары аса шынайы, әр кейіпкердің сөйлеу мәнері айшықты, орысшаны қазақы қалыпқа салуының өзі ерекше тартымды. Нарымбетов жазуындағы тағы бір қасиет – нәзік ирония мен адамсүйгіштік. Тек өмірді шексіз сүйетін суреткер ғана жан-жағына осыншалық зейінмен зер салады, һәм ең қарапайым өмірлік жағдайдан күлкіліні көре біледі: оның сипаттауында қазақтың өмірі бітпейтін анекдот сияқты. Және ол прозаға интеллектуалдық өремен, талаппен келген. Нені жазуда емес, қалай жазуда: шығарманың мазмұны ғана емес, құрылымында да жаңашыл болғысы келді.

«Тентекте» «Шұғаның белгісінің» эффектісі бар. Әңгіменің кім туралы екенін соңғы абзацта бір-ақ білесіз. «Ассалаумағалейкум, Атлантида!» композициясы өзгеше. Музыкалық терминдермен аталатын бөлімдерден симфония түзілгендей әсерде боласыз. Бұл – автобиографиялық хикаят, жазушының балалық шаққа оралуы. Қарап отырсақ, расында да әрқайсысымыз өз жүрегімізде  бір-бір Атлантиданы жерлеген екенбіз. Әркімнің балалық шағы – қайталанбайтын, келмеске кеткен жекеменшік Атлантидасы екен. Бірақ, ол сізге тыныштық бермейді, ылғи да естеліктеріңізде, түстеріңізде өзіңізбен бірге жүреді. Міне, балалық дегеніңіз осындай, көзге көрініп, қолға ұстатпайтын, бірақ санаңызда мәңгі ойнап тұратын құдіретті саз екен. «Фантом  дерттің» де құрылымы қызық. Күнделіктегі үзік­үзік жазбалардан (сана ағысы тәсілін еске салады) өзіне көңілі тоқ, өзгелерге ренішті кейіпкердің психологиялық портреті түзіледі. Әр толғаныстың «Очень  интересны! Так!» деп аяқталуының өзі күлкілі әрі шынайы.

Уақыты келгенде С.Нарымбетов прозасындағы осы қасиеттің бәрі алдымен сценарийге, кейін киноға көшті. Ол сценарийін жазған «Шоқ пен Шер» шетелдік фестивальден жүлделі оралды. Бірақ, Нарымбетов фильмнің өзі ойлағандай шықпағанын көрді. Алдында жаңа мақсат тұрды. Режиссураға бет бұрды. Оның басқа емес, әйгілі Георгий Данелия шеберханасына түскені де кездейсоқтық болмаған сынды. Табиғаты жақын адамдар бір­бірін тапты. Себебі, Данелияның негізгі ұстыны – адамды сүю. Өнер жасағанда өзіңді қызықтамау. Көрермен, кейіпкеріңді өзіндей сезінсін. Сенің ақылдылығың мен шеберлігің туралы ойлауға мұршасы болмасын. Нағыз шеберлік осы дейтін. Бұл табиғи талантты ғана емес, едәуір машықты, кәсіби өрені талап ететін асу болатын.

 

Үйрену сабақтары

Қош, Нарымбетовтің алғашқы режиссерлік жұмыстарының бірі  «Балалық шағымның Дон Кихоты» (1978). Алаңғасар сүрбойдақ, апасының қақсауымен қалпақ тауып киеді, және сол сәттен кенет жолы болып, бойына батылдық бітіп, сүйіктісіне қосылып, бақытты өмірге кенеледі. Қайсыбір тұстарындағы жылы юморды есептемегенде, картина аңғалдау ертегіге көбірек ұқсайды. Бірақ, осы жұмысынан бастап­ақ Нарымбетовтің тұрақты кейіпкері тұлғаланады. Асқан көрікті емес, бірақ, сұлу қызға ғашық болатын, асқан күшті емес, кейде тіпті әлсіздеу, бірақ,  ішкі жарығы бар қарапайым адамдар. Чеховтың әңгімесінің желісімен түсірілген келесі жұмысы («Злоумышленник» (1981) тақырыбы жағынан біздің  табиғатқа жақын еді. Орыс мұжығы мен қыр қазағының бейқам сауатсыздығын шендестіру жақсы идея болғанымен, бұл әлі де үйренушінің жұмысы еді. Келесі картинасы, «Ауылдан келген күйеу бала» (1987) өз уақыты үшін батыл фильм болды. Өйткені, Кеңестер одағындағы жемқорлықты әшкерелейтін. Жыртқыш қалаға аңғал ауылдан көшіп келген күйеу, қайын жұртының қарақшылықтарын көріп, оған қарсы шығады. Бұл фильмде толық аяқталғандық сезімі жоқ, бірақ,  Венера Нығматуллина, Лидия Кәденова, Тұңғышбай Жаманқұлов, т.б. сомдаған рольдерден режиссердің қаладағы адамдардың өмір салтын, мінездерін дөп басқаны аңғарылады. Күйеу бала да Нарымбетовтің көп кейіпкері сияқты, күрес үшін жаралмаған жан, әділет сезімі, ішкі нәзіктігі оның осалдығына айналды, сондықтан,  тұяқ серпігенімен, жеңілді. Жүйенің алдында шарасыз болып шықты.

 

«Созақтан шыққан Гамлет» (1990)

Бұл режиссер Нарымбетовтің есейген, арманшылдық, аңғалдықпен қоштасқан, өмір шындығына үңілген, демек өзін таба бастаған тұсы. Бас кейіпкер Раппақтың атының өзі аңызға бергісіз. Рабфак. Мұңлы комедия дейсіз бе, күлкілі драма дейсіз бе, оның бастан кешкендері әрі күлкілі, әрі аянышты. Бәрі неден басталады. Раппақ ауылдағы ең сұлу қызға ғашық болады. Айға балап, күнге теңеп өлең жазады, бірақ, онысы алаяққа алданып, көрші ауылға қашып кетеді. Соның күйігінен Раппақ қалаға тартады. Газет хабарламасы арқылы тапқан жаңа махаббатының қолына кіреді. Ақырында онысы да баянсыз. Селт еткізбес сезімдер, арзандаған азаматтық абырой, қалғыған намыс, мақсатсыз, құр сүлдер адамдар… Раппақ та баһадүр емес, қиял қуған, қиялы өмір шындығына соқтығып қираған, дүниедегі орнын таба алмай сабылған жан. Ал ол сияқты адасқандар аз ба еді? Қазір аз ба? Кейбір кинолар пәлсапа айтқысы келіп тұрады. Бірақ, ойыңды түртуге дәрменсіз. «Созақтан шыққан Гамлеттен» жай ғана өмір ағысын көресіз. Бірақ,  кенет оянасыз. Не үшін келдім? Мағына бар ма тірлікте? Орным қайсы?..

Нарымбетовтің көп киноларында бұлжымас заңдылыққа айналған жұмсақ баяндаушы даусы, автордың о баста жазушы екенін еске салып тұрады. Әрине, автордың  «Раппақ ағасын»  дүниеден түңілген Гамлетке теңеуінде ирония бар. Бірақ,  бұл ащы, айыптаушы юмор емес, адамның өзіне-өзі күлетіні сияқты, өзімсінген, жылы юмор. Міне, Нарымбетовтің басты қасиеті. Кейіпкерлерінің бәріне күледі, бірақ,  бауырына басып, жақсы көріп күледі. Неге «Созақтан шыққан»? Өйткені,  осы жұмысынан бастап Нарымбетов өз ауылы, Созақ адамдарының ұжымдық портретін айшықтай бастайды. Мысалы, Раппақ, ол кезде ойын баласы, Германиядан әкелінген велосипед мініп жүр. Оны көре сала ауыл әкімі «құда түссін». Раппақтың әкесі қасарысып, бермейді. Әкім «немістің шпионысың, айдатам» дейді. Былай қарасаң, абсурд. Бірақ, шын ғой. Нарымбетов осындай, қазақтың мінезіндегі абсурдты дүниелерді тысын айналдырып көрсетуге шебер. Кинофестивальдарда  триумф жасамаса да, бұл туынды алдағы үлкен жұмыстардың кілтіндей еді.

 

«Көзімнің қарасы» (1994)

«Көзімнің қарасы» – режиссер Нарымбетовтің шын шеберге айналғанын, өз қолтаңбасын тапқанын айшықтаған жұмыс. Бір қарағанда ностальгия сияқты көрінуі мүмкін. Қоңыраумен жарысып, мектептен атып шығып, көшені шаңдатып жүгіріп бала келеді. «Сағат қанша?»  деп сұрайды жолай кездескен ересектерден. «Оны қайтесің?» деген «артық» сұрақ қойылса, дауыстап тұрып сыбап  алып, әрі қарай жүгіре жөнеледі. Шарбақтан ентігіп кіріп, анасының омырауына бас салады. «Болшы, бол, тез! Үлгермей қаламын қазір»… Миығыңнан күлдіретін көрініс.

Аузынан ана сүті кеппей жүріп, бұл бала ғашық болғыш. Аккордеон үйреніп, «қалыңдығының» кіммен билейтінін бақылайды. Алғашқы махаббат, алғашқы қызғаныш, өмірдің алғашқы қатаң сабақтары… Ауылдың адамдары қалай жақсы көреді, қалай ашуланады, қалай күнәға батады, оның бәрі баланың көзімен көрсетіледі. Бұл фильм бір бала, бір отбасы туралы емес. Бүтін ауыл: түрлі адамдар, түрлі тағдырлар, ала-құла, жарық әлем. Режиссердің өмірді соншалықты бүтіндікте көре алатыны таң  қалдырады. Онда бас кейіпкер, қосалқы кейіпкер деген болмайды. Бәрі теңдей зейінмен зерделенеді. Оның кейіпкерлері қуанады, мұңаяды, қателеседі. Бір­бірін аңдиды, арызданады, көзге шөп салады, тіпті өлтіреді, өртеп жатады. Бірақ, режиссерде мораль айту, кінәлау, айыптау жоқ. Ол тергеуші емес, сот емес. Өмірді бақылаушы, сол күйінде қымбатына балаушы және шексіз сүюші ғана. Онда жақсы мен жаманға, дұрыс пен бұрысқа деген кемел кешірім бар.

«Көзімнің қарасын»  көріп отырып, кино дегенің кісінің сөзге сыймайтын жан байлығын тірілтер ұлы өнер екенін түсінесің. Сатыбалды Нарымбетов – өте бақытты адам. Өйткені, өзінің Атлантидасын мәңгілікке таспалады. Және  бұл балалық шақ жайлы шығарма болып көрінгенімен, шын мәнінде соғыстан кейінгі репрессиялар жайлы ғой. Жазықсыз жау атанған әкеден тірідей айырылу кішкентай аккордеоншының ең үлкен қасіреті еді. Сағыныштан құса болғанда, колонкадан аққан тастай судың астына барып, тісі сақылдап тұрып жылайтын көрінісін алыңызшы. Елге көз жасын көрсетпейтін кішкентай «жігіт», жүрегінде тас боп қатқан қасіреттің салмағын солай сездіреді. Біз ойын екен деп жүрсек, бұл өмір екен ғой. Фильмнің бірқатар абыройлы жүлделерді алғанын айту артық шығар, өйткені, бұл марапатсыз­ақ құнды туынды.

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз