Жарнама
Жаңалықтар

Үзілмейді үмітім!..

Ана болу ең аяулы сезім болғанымен, арамызда бұл бақытқа бөлене алмай жүрген жандар аз емес. Дәрігерлер бедеуліктің бүгінгі қоғамда басты проблемаға айналып,  жасарып бара жатқанын айтып, «дабыл» қағып жүр. Иә, ертеректе ата-әжелеріміз білмей келген бедеулік қазір үйреншікті құбылысқа айналды. Өкініштісі, қазіргі кезде нәресте сүйе алмай жүрген ата-аналар саны көбейіп келеді. Елдегі әр бесінші отбасында осы мәселе бар. Шаңырақтың шайқалуының басты бір себебі де осы. Өйткені, қазір құны миллиондаған сома тұратын экстракорпоральды ұрықтандыруға (ЭКҰ) кез-келгеннің қолы жете бермейді.

 Десек те медицинаның дамуы мен «Теңізшевройл» ЖШС секілді алып компаниялардың қайырымдылық бағдарламалары арқасында жергілікті жердегі жүздеген отбасы бала сүю бақытына ие болуда. Компанияның ЭКҰ жобасы  әр жыл сайын Жылыой ауданындағы ондаған  жанұяның сәби сүюіне жағдай жасап келеді. Ал, бұл қандай жоба? Жемісін кімдер көре алады? Оның Жылыойда жүзеге асуына себепкер болған кім? Біз бұл туралы егжей-тегжейлі баяндағанды жөн көрдік.

«Адамның бір қызығы – бала деген»

«Адамның бір қызығы – бала деген» деп дана Абай айтқандай, әр ата-ананың арманы – ұрпақ сүю. Алайда, Атырау жерінде де бір сәбидің иісін аңсап жүрген отбасылар аз емес. Осындай жанұялардың үмітін жалғап, арманын орындап келген «Теңізшевройл» ЖШС-нің ЭКҰ жобасы 2018 жылы бастау алған болатын. Мемлекеттік «Аңсаған сәби» бағдарламасынан бұрын елдің санын көбейткен бұл жобаның артықшылығы да осында. Ал, ол бірегей істің Жылыой жерінде жүзеге асуына мұрындық болған Жылыой аудандық орталық ауруханасы-перзентханасы  бөлімінің меңгерушісі, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», аудандық мәслихат депутаты – Сәуле Мәмбетова.

Алдына келген талай нәзікжандардың жан жарасына үңіліп, өміріне бейжай қарай алмаған халық қалаулысы отыз жылдан астам уақыт өңірдегі әлеуметтік саланың өркен жаюына өз үлесін қосып келе жатқан ТШО компаниясына үміт артады. Өйткені, ол кезде елімізде экстракорпоральды ұрықтандыруға бағытталған арнайы бағдарламаның квота саны мүлде аз еді. Ол ауыл-аймақтағы қыз-келіншектердің қолына жете де бермейтін.

Әр әйелдің мәселесіне жеке басының проблемасы деп қарамаған Сәуле Тұрдығалиқызы алдынан қандай кедергілер кезіккенімен қарапайым қазақ отбасыларына қуаныш сыйлауды көздейді. Ол осындай мақсатпен 2018 жылы ауданда бедеулікпен есепте тұрған экстракорпоральды ұрықтандыруға қол жеткізе алмай жүрген жанұялардың көптігін айтып, Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаевтан көмек сұрап, депутаттық сауал жолдайды. Соның нәтижесінде сенатордың қолдауымен, «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен квота беріліп, қаржылай көмек көрсетіледі. Осылайша, қарапайым халықтың қамын жеген депутат үлкен мақсатына жетіп, жүздеген отбасыға үміт сыйлайды.

– 2018 жылға дейін Жылыойда бедеулікпен есепте тұрған 400-ге жуық әйел болды. Бұл аудан үшін – үлкен көрсеткіш. Қазіргідей ешқандай тегін ЭКҰ-ға әйелдеріміз іліге алмады. Тек ақылы қызметті қалтасы қалыңдар ғана қолдана алды. Ал, қарапайым халық сол кезде 3-4 млн. тұратын процедураны армандамайтын да еді. Өзім 2013 жылы аудандық мәслихат депутаты болып сайландым. Медицина саласында жүрген жан болғандықтан бұл мәселе маған жақсы таныс еді. Сондықтан уақыт өткізбей мәселенің шешімін табуға ұмтылдым. Сөйтіп жүргенімде ауданымызға сенатор Ғұмар Ислямұлы келді. Бізге қарағанда ол кісілердің үні Үкіметке жетеді ғой…

Мәселе күрделі болғандықтан  қарапайым аудандық депутат болсам да ол кісіге тікелей жолықтым. Ауданда осындай әйелдер барын, олардың барлығының бірдей мүмкіндігі жоқтығын баяндап, мәселені жан-жақты түсіндіріп, көмек сұрадым. Сенатор сол жерде мені қолдайтынын айтып, бірден ТШО компаниясына хабарласты. Кейін компания өкілдерімен жолығып, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Содан соң статистиканы шығарып, 2018 жылы бірлескен кәсіпорынға хат жолдадым. Компаниядан да сол жылы жауап келіп, олар қаржылай көмек көрсетуге дайын екендерін айтты, — деді Сәуле Тұрдығалиқызы.

Орындалған арман

Міне, 2019 жылдан бастап көпшіліктің бұл арманы шындыққа айналып, 5 жылдан бері компания жасанды ұрықтандыру жобасына жәрдемін көрсетіп келеді. Өз міндеті санап, биылға да депутат сауалын күтуде. Дәрігердің айтуынша, бүгінге дейін 65 отбасылық жұп жобадан өткен. Сондай-ақ әйелдерге ыңғайлы болуы үшін ЭКҰ қаржылай қолдау алған соң облыстық денсаулық сақтау басқармасы, жасанды ұрықтандыруды жүзеге асыратын клиника және ТШО компаниясымен үшжақты келісімшартқа отырған. ЭКҰ-ны жүзеге асыратын орталық ретінде Атырауды таңдаған. Өйткені Алматы, Астана секілді орталықтарға бару уақыт пен қосымша жол шығындарын қажет ететіндіктен осы облыс орталығындағы «Экомед-Атырау» ЖШС-мен өзара келісімге келген көрінеді.

– Бұл жобаға 65 жұп қатысқанымен оның нәтижесі 35-40 пайыз ғана. Мұндай көрсеткіш бізде ғана емес, жалпы ЭКҰ бойынша әлемдік статистика осылай. Аталған процедурадан өткен адамдардың барлығы бірдей, яғни, 100 пайыз нәтиже көре алмайды. Ол ең алдымен әйелдің, ер адамның денсаулығына, организмінің ерекшелігіне байланысты. Ұрықтың орналасуы, өсіп-өнуі мұның барлығы үлкен процесс. Біздің осы жобамыз арқылы өмірге келген балалардың алды қазір 4 жаста. Атап айтарлығы, бұл жобаға тек Жылыой ауданының халқы ғана қатыса алады. Себебі, ол о баста осы аймаққа ғана қарастырылған квота. Бүгінде ауданда 86600 тұрғын болса, соның 20 мыңға жуығы (18-49 жас аралығы) бала туу жасындағылар, — деді тәжірибелі дәрігер.

Бағдарламаның басты мақсаты – қосалқы репродуктивті технологияның көмегімен отбасылық-демографиялық мәселелерді оң шешуге жәрдемдесу болса, оған бедеулікпен диспансерлік кезекте тұрған жылыойлық тұрғындар қатыса алады. «Теңізшевройл» компаниясының экстракорпоральды ұрықтандыру жобасына қол жеткізу үшін отбасылық жұп алдымен арнайы комиссиядан өтіп, медициналық сараптамалар, оның ішінде гармондарын тексертеді. Егер гармондары жақсы көрсеткіш көрсетсе, дәрігер оны бағдарламаға іліктіреді. Былтырдың өзінде компания аталған жобаға 44 миллион теңгеден астам қаражат бөлген. Жалпы, қаржы көлемі адам санына, оның игерілуіне байланысты қарастырылып отыр.

Жаңа жобаның ерекшелігі

Әңгіме барысында кейіпкеріміз Сәуле Тұрдығалиқызы өзінің ұсынысын қолдап, талай отбасын бақытқа кенелтіп, ұрпақ сүюіне себепкер болған ТШО компаниясына ризашылығын білдірді. Ол сондай-ақ  бұл жобаның өміршең боларына да сенімді. Өйткені, халыққа қолұшын созып, қаржылай қолдау көрсетуге кәсіпорынның өзі ниетті.  Иә, жергілікті әлеуметтік саланың, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру ісінде бірегей бастамалар мен жобаларды қолға алып, өзінің отыз жылдан астам қызметінде талай аурухана мен мектептер тұрғызған алып компанияға бүгінде бесігінде баласын тербетіп отырған жылыойлық аналардың да алғыстан басқа айтары жоқ. Бір кездері «бедеумін» деп өмірден баз кешкен жандардың үзілген үмітін қайта жалғаған бұл жобаның ерекшелігі де осында болса керек.

Ұсыным авторы әңгіме барысында «Аңсаған сәби» бағдарламасының квотасы 7 мыңға көбейіп, ауданға 20-сы берілгенімен әлі де болсын оның аздық ететінін, сондықтан ТШО-ның ЭКҰ жобасына  мұқтаж екендерін ашып айтты. Өйткені, Жылыой – облыстағы халық саны ең көп ауданның бірі.

Жалпы, елімізде экстрокорпоральды ұрықтандыру 1995 жылы қолға алынып, 2010 жылдан бері мемлекет бағдарламаға қаржы бөле бастаған. Бірақ, бұрын жылына 400-500 квота ғана бөлініп келсе, 2021 жылдан бастап 7 мыңға көбейді. Соның арқасында 3 жылда 5 мыңдай отбасында сәбидің күлкісі естілді. Дегенмен, көмекке мұқтаждар әлі де бар. Сондықтан, осындай жағдайда «Теңізшевройл»-дың ортақ іске өз үлесін қосуы маңызды.

ТШО аталған ауданның денсаулық сақтау саласының ЭКҰ қызметіне ғана емес, материалдық-техникалық жағынан да қолдау танытып келеді. Соңғы жылдардың өзінде аудандық аурханаға 5 жедел жәрдем көлігін тарту етсе, барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған (оның ішінде МРТ аппараты да) аудандық аурухана салып берген. Оның ішінде 35 орындық перзентхана бөлімшесі де бар. Қазір перзентхана елді коронавирус жайлаған сәтте аталған компания тұрғызған модульді аурухананың бір бөлігінде жұмыс жасап жатыр. Жақын арада жаңа ауруханаға көшетін бұл ұжым ТШО-ның «Игілік» жобасына риза екендіктерін айтады.

Бедеулік – қауіпті дерт

Жылыой аудандық ауруханасының әйелдер кеңесінің меңгерушісі Марат Алдабергенов – ана болуды аңсап жүрген жандармен күнделікті тілдесіп, оларға мүмкіндіктер туралы кеңес беріп отырған дәрігердің бірі. Ол отбасылардың өтініші бойынша оларды кезекке қойып, сол кезекпен ғана ЭКҰ процедураларына жіберіп отыр. Алайда кезегі келіп тұрған жанның ол бағдарламаға ілігіп кетуі неғайбыл. Өйткені, атап өткеніміздей, адам организмінің ерекшелігіне байланысты гармондардың көрсетілген мөлшерге сәйкес келмеуі немесе жас шамасының үлкейіп қалуы мүмкін. Ал, мұндай жағдайда одан кейінгі кезеңдерге сай келмейтіндіктен комиссиядан өте алмай қалады. 

– 2018 жылы мемлекет тарапынан берілетін квота аз болғандықтан «Теңізшевройл» ЖШС қаржылай қолдаған 25 квотаның бізге біраз көмегі тиді. Басқа өңірлер қол жеткізе алмай жатқанда біздің ауданға 25 квотаның берілуі ерекше жағдай еді. Бедеулік – жылдан жылға белең алып бара жатқан қауіпті дерт. Қазірдің өзінде бізде 500-ден астам отбасылық жұп есепте тұр. Бұл ресми есепке тіркелгендері, ал оған атүсті қарап жүрген жанұялар қаншама? 2019-2020 жылдардың квотасын игерген соң, 2021 жылы компания бізге 15 адамға  квота ұсынды. Сол жылы халыққа қолайлы болсын деп Атырау қаласындағы «Экомед-Атырау» клиникасымен келісімшартқа отырдық. Біз ең бірінші пациентті дайындаймыз. Аталған орталыққа адамдарды медициналық сараптамасымен бірге жібереміз. Олар пациенттерді сол жерден іріктеп, оларға қаражат бөліп отырғандықтан оң нәтиже болуы үшін бала көтеруге мүмкіндігі жоғары деген жұптарды алады, — деген Марат Жағыпарұлы компания биыл да қазан айына 25 адамға квота бөліп отырғанын айтып, қуанышты хабарымен бөлісті.

ЭКҰ – көпшілік ойлайтындай оңай нәрсе емес. Оған ең алдымен ерлі-зайыптылардың келісімі, нақты шешімі және ең бастысы, төзімділігі қажет. Себебі, ол өкінішке қарай кейде медициналық ұзақ тексерулерден соң сәтсіз болып, қуаныштары су сепкендей басылуы мүмкін.

Осылай деген аудандық ауруханасының әйелдер кеңесінің меңгерушісі қазір де жұптардың медициналық сараптамалар тапсырып жүргенін айтты. Мұның бір күндік немесе бір айлық іс емес екенін, жұптардың тіпті кейде 3 айдан 5 ай аралығында жүріп қалатынын да атап өтті. Анығында, ұрпақ сүйіп, ата-ана атанулары үшін қандай қиындыққа да төтеп беріп жүрген жандарды талай сынақ күтіп тұр. Дегенмен, «миллиондар» тұратын мүмкіндікте бақ сынаудың өзі бір арман болғандықтан, мұндай сәтте ерлі-зайыптылардың сыр бермеуі де маңызды мәселе.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға алғашқы ірі инвестор Теңіз кен орнына келіп, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылды. Аталған келісім теңдессіз жоба саналды. Бұл өзге де инвесторларға үлгі болып, толағай табыстарға жол ашты. Сол сәттегі қадам елдің экономикасын, оның ішінде әлеуметтің әлеуетін дамытуға түрткі болған баламасыз бастама еді.

Бүгінгі біз әңгімелеген денсаулық саласындағы игі іс – соның бір көрінісі ғана. Отбасын құрғанымен он жылдап сәби сүйе алмаған жандарға баға жетпес байлық сыйлаған ТШО-ның бұл жобасы шыныменен айтуға тұрарлық. Иә, «қара алтын» қарапайым отбасылардың да «қолына» тиіп, бір ұрпақты арман еткен аналар бүгінде тәтті үнімен бесіктегі баласын тербетіп отыр. Анығында, байлық кені отбасыларды бақытқа бөлеуде!

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

***

Гүлсара БАСАРОВА,

«Экомед-Атырау» ЖШС директоры:

– 2022 жылы «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілігімен  біздің орталықта экстракорпоральды ұрықтандырудан 14 пациент өтсе, оның 5-уі ұрпақ сүйді. Эмбриондары болғандықтан тағы 5-уінің де жүкті болуға мүмкіндігі бар. Өткен  жылы жылыойлық  25 жанұяға «Теңізшевройл» ЖШС ЭКҰ жобасы бойынша демеушілік танытып, қаражат бөлді.  Соның 4-уі  құрсағына сәби көтерсе, 1-уі балалы болды.  Ал, қалған 12 пациент жүктілік бойынша нәтижесін күтуде. Қазіргі уақытта бұдан өзге 8 әйелді жылыойлық дәрігерлер ЭКҰ-ға дайындап жатыр.

Жалпы, облыста бедеулікпен тіркеуде тұрған бір мыңға жуық әйел бар. Еліміз бойынша әрбір бесінші отбасы бұл дертке душар болып отыр. Сондықтан ТШО-ның аталған жобасы мұндай отбасыларға үлкен мүмкіндік береді. Ең бастысы, аналарымыз алысқа ат арытып бармай-ақ, өз жерімізде «Экомед-Атырау» медициналық орталығында ЭКҰ-дан өтіп, кейін де осы орталық дәрігерлерінің бақылауында болады. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button