Полицияға сенімділік төмен: отставкадағы подполковник бүгінгі әріптестері туралы ойын айтты

5 8 Жаңалықтар

atr.kz/11 қыркүйек, 2020 жылБүгінде көпшілік кейбір полиция қызметкерлеріне көңілі толмай, олардың іс-әрекетін сынға алып жатады.

Мұндай жағдай соңғы кездері жиі кездеседі. Қоғамда болып жатқан бұл көріністерге әрине, жеңіл қарауға болмайды. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік беруді тапсырды.

Талап пен тәртіп Өзіміз көре қалған кеңестік милиция мен қазіргі полиция қызметкерінің халық алдындағы беделін таразыға тартып, ой сараптағанды жөн көрдім. Бұрын милицияны халық өздерінің қорғаны ретінде көріп, сенім артты. Өз кезегінде сала қызметкерлері халықтың басына қиын жағдайлар туғанда олардың қасынан табылып отырды, көмегін көрсетті. Олар бұл қызметті өзінің басты міндеті екенін сезіне білді. Милицияның жұмысы ұстаған адам санымен емес, халық тыныштығы үшін жасаған қызметімен бағаланды. Ал, қазіргі полиция қызметі заманауи техникамен жабдықталған.

Олардың сапалы жұмыс жасауына толықтай мүмкіндік бар. Дүниежүзінің барлық елдерінде ішкі қауіпсіздік үшін полиция жауап береді. Егер тəжірибе жасап, полицияны біраз уақыт алып тастаса, қаншама адам қылмыскерлердің қолынан зардап шегер еді?! Сондықтан, халыққа сапалы қызмет көрсету, қоғамдық тəртіпті қадағалау, қылмыстың алдын алу, олар бойынша дəлелдемелер жинау – полицияның негізгі міндеті.

Қазіргі уақытта Қазақстан полициясының халықпен тікелей байланыста болатын қызметтері «жергілікті полиция» деген атаумен жергілікті биліктің құзырына берілді. Содан бері сала мамандары наразылық білдіргендерді қуып тарқатушы, балағат сөздерді естуші, жек көрінушіге айналды. Полицияға жүктелген қосымша міндеттер де көп. Бірақ, олардың құқығы шектеулі, өздері қорғансыз.

 Мəселен, полиция қызметкерлері өздері ұстаған тəртіп бұзушыға өте ұсақ түрінен басқа шара қолдануға құқығы жоқ. Шараны тəртіп бұзушымен тікелей байланыста болмаған, олардың балағат сөздерін естімеген, полицияға қатынасы жоқ өзге мекеменің кабинетінде отырған уəкілдері қолданады. Полиция қызметкерлері жұмыс барысында – əскер. Əскер бұйрыққа бағынады, бұйрықты орындауға міндетті. Əскери заң бойынша бұйрықты орындамаса, жазаланады немесе қызметтен кетеді. Əрине, егер бұйрық заңға қайшы болса, орындамауға құқығы бар. Бірақ, ол да заңда нақтыланбаған. Осындай оттың ортасында жүргендерге мəселенің анығына жетпей ренжу, барлығына оларды кінəлі ретінде көрсету тəртіп сақшыларының жан дүниесін түсінбегенмен бірдей.

 Бүгінгі күні кейбір полицейлердің тарапынан кететін қателіктер де бар. Бірақ, бұл үшін сол жерде тікелей шабуыл жасамай, əрекетіне арыздану тəртібі жəне олардың жұмысына кесел келтірушінің жауапкершілігі заңмен қарастырылған. Егер біз дамыған ел қатарына қосылуды мақсат етсек, заң жолымен əрекет жасауды үйренетін уақыт жетті. Тәртіп сақшысына сенімділік төмен Полицияның нақты міндеттері ішкі істер органдары туралы жəне құқық қорғау қызметі туралы заңдарымен бекітілген. Оның аясында оларды қорғайтын да, қолдайтын да баптар бар. Алайда, бүгінгі уақытта халықтың полицияға сенімінің аз болуының себебі неде?

Осы сұраққа жауап іздеген сала ардагерлері полицияның халықпен тікелей байланыс жасайтын бөлімдеріне түбегейлі реформа жасалуы қажет екендігін сезінетінбіз. Ел егемендігін алғаннан бері полиция қызметінде реформалар жасақталды, жаппай аттестация жүргізілді, заңдарға өзгерістер де енгізілді. Бірақ, одан құзырлы органның жұмысы жақсарып кеткен жоқ. Керісінше, олардың беделі төмендегені жасырын емес. Полицияның қатарында сала жұмысына сай келмейтін, шала білімді, физикалық тұрғыда əлсіз кадрлар көбейді. Полиция қызметін реттейтін заңдар мен қаулыларда орын алып жатқан олқылықтар да бар. Солардың бастысы, қылмыспен күресуге, халықты қоғамға жат қылықтардан қорғауға құрылған құрылым ел Үкіметінен басқа өкілеттіктерге тəуелді болмауы қажет.

Полиция қызметкері Президент, Үкімет атынан əрекет жасайтын аймақтағы уəкілдері болғандықтан, олар бірнеше құрылымға тəуелді болмай, тек заң шеңберінде ғана əрекет жасаулары қажет. Ал, біздегі бір жинақы жұдырықтай күшті республикалық жəне жергілікті деп екіге бөлу – ол құрылымды əлсірету, бірнеше басшыға тəуелді ету деген сөз. Əрине, əр облыс, қала, аудан көлеміндегі қылмыстың, қоғамдық тəртіптің бұзылуының алдын алуға, оны жасағандарды ұстауға, тосын жағдайлардан халықты қорғауға жергілікті билікпен бірге атсалысуға міндетті.

Ал, қазір полиция жергілікті атқарушы орынға тəуелді. Кадр мəселесінде де дербестігі байқалмайды. Бірқатар мемлекеттік мекеме өздерінің тікелей міндеттерінің орындалуын қадағалауды полицияға жүктеуді əдетке айналдырып алған. Мəселен, Денсаулық сақтау министрі өзінің соңғы бұйрықтарының бірінде көшеде адамдардың бетперде тағуын қадағалауды, тақпаған адамдарды əкімшілік жазаға тарту үшін дəлелдемелер жинауды полицияға міндеттеді. Сонда ол министрліктің жауапты салалары халық ортасында үгіт-насихат жүргізуді, өздері орнатқан шектеулерді орындамаған адамдарды тəртіпке шақыруды полицияға тапсырып қойып, кабинетте əзір асқа тік қасық болып отыра бермек пе?

Осындай заңсыз жүктелген міндеттердің соңы полицияның беделін одан əрі төмен түсіруде. Бүгінгі күні полицияның өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың қызметіне кесел келтірмеу туралы заңдар нақты емес жəне осал. Мұны пайдаланған кейбір адамдар осы елдің азаматы ретінде тəртіп бұзушыға бір ауыз сөз айта алмай тұрып, полицияға көмек берудің орнына оның жұмысын сынайды. Бұған қоса, елде бірнеше қоғамдық ұйым жəне өзін «белсендімін» деп санағандар қылмыспен емес, полициямен күрес ұйымдастыруда. Қазіргі кезеңде салада кемшіліктер де жоқ емес.

Бірқатарының білім деңгейі, халықпен жұмыс жасау қабілеттері төмен, дене бітімдері осал, ұсақталып кеткен, кəсіби жəне спорттық даярлықтары жеткіліксіз секілді тұстар бар. Полицияға білімді мамандар қажет десек, бүгінгі күні білімді, жан-жақты адамдардың полицияның жұмысына қызығушылықтары төмен. Сондықтан, Президент айтқандай, реформа жасау барысында басты мақсат ішкі істер органдары туралы заңға, Үкімет қаулыларына өзгерістер енгізуді талап етуі өте орынды. Реформа жасау барысында халықты қоғамға жат қылықтардан қорғай алатын, олармен байланыс жасап, сеніміне кіре білетін, арнаулы жəне жоғары білімді, білікті, тұлғалы полиция қызметкерлерін қалыптастыру, құрылымдардың кəсіби, сапалы қызмет жасайтын əдістері құрылуы қажет.

5 6

Полицияның санын емес, сапасын көтеру – басты мақсат. Құрылымдарға сараптама жасап, қажеттілігіне қарай дербестендіру немесе біріктіру шараларын сапалы жүргізу де маңызды. Жол апаты: қайтсек алдын аламыз? Бүгінгі күні жол апаты ең үлкен қасіреттің біріне айналды. Көлік саны күн санап көбейіп, апаттан болатын адам өлімі толастамай тұр. Қазақстан автожолдарында жылына екі мыңнан астам адам қаза тауып, жиырма мыңнан астам адам дене жарақатын алады. Бұл қарусыз соғыспен тең.

Адам өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп көбейгендіктен бұдан бұрын ішкі істер саласында құрылымдық өзгерістер болды. «Жол полициясы» құрылымы таратылып, оның құзыреті Əкімшілік жəне Жергілікті полицияларға бөлініп берілді. Жергілікті полицияға қарасты патрульдік полицияның жол қозғалысын жəне тұрғындардың арасындағы қоғамдық тəртіпті қадағалайтын қызметкерлері бір экипажға біріктірілді. Ол экипажға жүктелген қосымша міндеттердің көптігі себебінен олар өздерінің негізгі міндеттерін орындауға көптеген жағдайда мүмкіндіктері де, уақыттары да болмайды. Əкімшілік полицияға қарасты жол  қозғалысын реттеу, қадағалау, техниканың барлық стандарттарға сай екендігін қадағалау қызметіне техникалық жоғары білімді, жол қозғалысы заңын, ережесін, инженерлік стандарттары мен жол құрылысы заңдылықтарын жетік білетін кадрлар қажет.

Ондай техникалық стандарттарды барлық полиция қызметкері білуі мүмкін емес. Білікті кадрлар ұйымдастырған жұмыстардың жол бойындағы қанды оқиғалардың алдын алуға септігі тиетіні анық. Сондықтан, жол қозғалысын ұйымдастыру, транспорттардың мемлекеттік стандарттарға сай болуын қадағалау бір құрылымның құзырында болуы қажет.

Осы секілді саладағы қордаланған мəселелерді ескеріп, мемлекет басшысының учаскелік полиция қызметкерлеріне арнайы мəртебе беру туралы заң қабылдауды тапсыруы – өте оңды шешім.

Сонымен қатар, учаскелік полицияға көмекке халық жасақшыларын шығару қажет. Ол үшін елде халық жасақшылары туралы заң қабылданғаны жөн. Олар қоғамдық тəртіпті қадағалауға араластырылса, халықтың полицияға деген көзқарасының өзгеруіне пайдасы тиетіні мəлім. Заманауи техникалардың қолданысқа енуіне байланысты полиция штатын көбейте берудің еш қажеті жоқ. Көшеде полиция көбейген сайын халықтың оларға деген көзқарасы нашарлай береді. Ең тиімді тұсы – заңға өзгерістер енгізіп, сапалы құрылым құрып, оларды білімді қызметкерлермен толықтыру.

Бұл ретте полиция қызметкерлерін дайындау орталықтарының бағдарламасына түбегейлі өзгеріс енгізіп, кəсіби білімі, заңдарды нақты білуі, халықпен байланыс жасау тəртібіне аса көңіл бөлінсе деймін. Болашақта полицияда қызмет жасауды армандаған жастарды ішкі əскерлер қатарына жіберіп алған дұрыс. Сондай-ақ, əрбір полиция халық алдындағы жауапкершілікті жете түсініп, қызметтік міндетін дұрыс атқармаса, жемқорлыққа жол берсе, тиісті жазамен қатар, оны оқытуға, əлеуметтік көмекке шыққан шығынды Үкіметке қайтаратындай қатаң жауапкершілік күтіп тұрғанын сезінетіндей дəрежеге жеткізу қажет.

Аталған шаралар қолға алынбаса, полицияның қазіргі беделінің одан əрі төмендеп, кəсіби мамандардың сала қызметінен кетіп қалу қаупі орын алуы əбден мүмкін. Сондықтан, Президент тапсырған міндеттерге Үкімет, Парламент құлақ асып, полиция қызметіне сапалы реформа жасалып, елімізде тұрғындар сенетін кəсіби халықтық полиция құрылады деген сенім мол.

Дүйсенбек ГАЙСИН,
ішкі істер министрлігінің Құрметті
ардагері, отставкадағы полиция
подполковнигі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз