Ұжымдық шарт жасағанның ұтары көп

uzhymdyq shart Жаңалықтар

Еңбек дауларының алдын алу, шиеленісті болдырмау тәсілдерінің бірі – қос тарапқа да тиімді сапалы ұжымдық шарттардың жасақталуы. Егер ол болмаса немесе оның дұрыс жасақталмауы ұжымда күрделі шиеленістерді туғызады. Сондықтан, кәсіподақ ұйымдары мұны басты назарда ұстағаны жөн.

Облыстық мәслихат жанынан құрылған әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері жөніндегі депутаттық тобының алғашқы мәжілісінде осы проблема кеңінен талқыланды.

Даудың алдын алу үшін…

Еңбек заңнамасы тек ең төменгі әлеуметтік стандарттарды көрсетеді. Ал, басқа кепілдіктер ұжымдық шартта белгіленеді. Демек ұжымдық шарт – қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды құжат. Оған қол қою арқылы жұмыс берушілер әлеуметтік серіктестік орнатып, ұжымда шиеленістер мен дау-дамайды туындатпайтындай елеулі табысқа қол жеткізе алады.

Мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары қатысқан жиынға төрағалық еткен Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Семғалиев кәсіпорындар мен мекемелерде ұжымдық шарттың жасақталуы және еңбек қауіпсіздігі жағына баса мән берді.

– Ұжымдық шарт міндетті түрде алдын ала дайындалып, онда жұмысшылардың пікірі ескерілуі керек. Басқа компаниялардың әлеуметтік жеңілдіктер саласындағы үздік тәжірибелері де зерделенуі тиіс. Ұжымдық шарт аясында жұмысшылардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруы еңбек қатынастарын нығайтуға оң ықпалын тигізеді, өзара тиімді ынтымақтастықты арттырады, – деді Әлібек Аманжанұлы.

Бүгінде облыста тіркелген 14590 заңды тұлғаның 7117-сі ғана белсенді жұмыс жасап тұр. Шағын бизнестегі 6728 субъектісінің 395-інің ұжымдық шарты бар, яғни небәрі 6 пайызы ғана аталған құжатпен қамтылған. Ал орта және ірі бизнестегі 389 заңды тұлғаның 200-інде ұжымдық шарт жасақталған. Меншік нысаны бойынша мемлекеттік үлесі бар 943 заңды тұлғаның – 486, шетелдік 524 және жекеменшік 5650 заңды тұлғаның 109-ында ғана ұжымдық шарт бар екен.

Мұндай нақты дерек-дәйектерді талдаған Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай ұжымдық шарт жасақталмаған бірқатар мекеме мен кәсіпкерлік құрылымдарында бастауыш кәсіподақ ұйымдары мүлдем құрылмағанына тоқталды.

– Мұндай олқылықтар кездесетін ұжымдардың қызметкерлері өз құқықтары мен мүдделерін заңдылықтар аясында қорғауда дәрменсіз. Ал, ұжымдық шарт жасау процесінде кәсіподақтардың ролі ерекше. Бүгінде кәсіпорындарда тыныштықтың сақталуы кәсіподақ ұйымдарының зор үлес қосып жатқанын айғақтайды. Ұжымдық шарт арқылы реттелетін мәселелердің шеңберін кеңейтуге қол жеткізіп, жалақы мөлшері, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы, жұмысқа қабылдау, жұмыстан ауыстыру және босату, қосымша ақы мен жәрдемақы төлеу шарттары, еңбек жанжалдарын қарау тәртібі, жұмысшылар өкілдігі органдарының құқықтары, басқа да мәседедер ұжымдық шарт арқылы реттелетіндігін қарапайым жұмысшылар білуі тиіс. Ал әрбір кәсіпорында кәсіподақ ұйымының болғаны дұрыс және жұмысшыларды оның мүшелігіне тартуға ынталандыру керек, – деді Ұзақбай Сәрсенғалиұлы.

Оның айтуынша, қазір ұжымдық келіссөздер жүргізу бойынша көкейтесті мәселелер де бар. Әуелі ұжымдық шарттардың сапасы туралы баса айтқан жөн. Республика Еңбек кодексінің тиісті бабына сәйкес ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымында 9 міндетті, 18 ерікті ереже қарастырылады. Оның ішінде еңбекті ұйымдастыруды жақсарту және өндіріс тиімділігін арттыру, жалақыны индекстеу тәртібі, босатылатын жұмыскерлердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, оларды даярлау, біліктілігін арттыру, қайта даярлау, кәсіптік біліктілігін тану және жұмысқа орналастыру, даярлаудан, қайта даярлаудан, кәсіптік біліктілігін арттырудан және танудан өтетін жұмыскерлерге, сондай-ақ жұмысты оқумен қоса атқаратындарға берілетін кепілдіктер, жеңілдіктер мен өтемақы төлемдері бар. Сонымен қатар, жұмыскерлердің баспана және тұрмыстық жағдайларын жақсарту, оларды сауықтыру, санаторий-курорттық емдеу және демалысы туралы міндетті шарттар қамтылған.

– Еңбекке ақы төлеу жүйесінде жұмыскерлерге, оның ішінде ауыр жұмыста, зиянды және қауіпті жұмыста істейтіндерге арналған тарифтік мөлшерлемелер мен айлықақылар, үстемеақылар, қосымша ақылар міндетті түрде қарастырылуы шарт. Разрядтық коэффициенттерді белгілеу де керек. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемі тағы бар. Ұжымдық шарт жасақталып қана қоймауы тиіс. Оның орындалуы бақылауда және ол үшін жауаптылық бар екенін ескерген жөн. Алайда, көптеген жағдайда жұмыс берушілер тарифтік мөлшерлемелер мен айлықақылар, үстемеақылар мен қосымша ақылардың мөлшерін ұжымдық шарттарын көрсетпейді. Разрядаралық коэффициенттер, еңбек қауіпсіздігі бойынша қаржыландыру көлемі енгізілмейді. Жыл сайын ұжымдық шарттардың орындалуы туралы есеп бермейтін жұмыс берушілер де бар. Аталған мәселелер заңнама талаптарына толықтай сәйкес келмейтіндігін ұжымдық шарттарды мониторингтен өткізген мемлекеттік еңбек инспекциясы анықтады, – деді Е.Ұзақбай.

Еңбекақыда өсім жоқ

Жасыратыны жоқ, бүгінде ірі компаниялардың мердігер және қосымша мердігер серіктестерінде еңбек шиеленістерінің көбеюі орын алып отыр. Мұндағы ұжымдық талаптардың негізгі мазмұны – жалақыны көбейту. Бұл талап қазіргі жағдайда орынды да. Өйткені, расында да соңғы жылдары тауарлар мен азық-түліктің, киім-кешек пен коммуналдық қызметтердің бағасы едәуір өсіп кетті.

Мәселен, биыл қазан айында облыста инфляцияның көрсеткіші – 10,6%. Ал, бағаның өсуін тарқатып айтсақ, ақылы қызметтерге – 9,7%, азық-түлік емес тауарларға – 7%, азық-түлік тауарларына 6,6% қосылды. Өнеркәсіп өнімдерін өндіруші кәсіпорындардың да бағалары аспандап тұр, өсім көрсеткіші – 11,4%. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі  9,1 миллион теңгені құрады, бұл көрсеткішті былтырғы қаңтар-қазан аралығымен салыстырғанда 14,1%-ға өскендігі анықталды.

Расында, өсім сомасы шарықтап тұр. Бір өкініштісі, жұмыс берушілердің табысы артқанымен, олар жұмысшылардың жалақысын көбейтуге асығар емес. Облыс әкімдігі, «Атырау облыстық Кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігі, «Атырау облысы кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы» қоғамдық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған келісімнің талаптарына сай әлеуметтік әріптестік жүйесін, әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеу мақсатында жұмыс берушілер еңбекке ақы төлеу қорын бекіту кезінде қаржылық жағдайына сәйкес инфляцияның ең төменгі деңгейінен кем емес мөлшерде жалақыны индекстеуді көздейді. Егер жұмыс беруші бұл мәселені жұмыскерлермен бірге талқылай отырып, халыққа жұмыс тауып берсе, кәсіпорын басшылары жұмысшыларды лайықты жалақымен қамтамасыз етсе ең басты  қажеттілік те осы.

Талапты орындамағанға – айыппұл

Мәжілісте ұжымдық шартты мониторингтен өткізу, мазмұнын тексеру және түскен шағымдар туралы да әңгіме өрбіді. Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің хабарлауынша, бүгінде облыста 595 ұжымдық шарт мониторингтен өтіп жатыр, бұл – жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жалпы санының 6%-ы ғана. Мониторингке алынған ұжымдық шарттардың 486-сы мемлекеттік кәсіпорындарға тиесілі, яғни, жалпы тіркелген мемлекеттік мекемелердің ұжымдық шарт жасау көрсеткіші – 51,5 пайыз. Ал 8998 жеке кәсіпорынның 109-ы ғана ұжымдық шарт жасаған.

– Туындайтын өзекті мәселелердің бірі – ұжымдық шартта көрсетілген талаптардың орындалмауы және жұмыскерлердің шарттың маңызын білмеуі. Оған дәлел – білім саласы қызметкерлерінен ұжымдық шарттың талаптары орындалмайтыны туралы өтініштердің түсуі. Тексерудің нәтижесінде жұмыс берушіге заңсыздықты жою туралы ұйғарым беріліп, әкімшілік айыппұл салынды. Негізінен ұжымдық шарттағы келісімнен негiзсiз бас тартып, міндеттеме орындалмай немесе бұзылса тиісті заңдылықтарға сәйкес 400 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады, – дейді И.Әубәкіров.

Жұмыскерлердің ұжымдық шарттың бар екенін және онда әлеуметтік кепілдіктердің көрсетілгенін білмейтіні жоспардан тыс тексеру және профилактикалық бақылау жүргізу барысында анықталған. Көбінесе шарт ұжымдағы өзекті мәселелер негізге алынбастан үлгіден еш өзгертусіз көшіріп алынып немесе бірдей үлгіде жасалады. Мәселен, білім, денсаулық, спорт салаларында мұндай мысал жеткілікті.

Әлеуметтік жағдай жақсаруы тиіс

Мониторингтен өткен құжаттардың көпшілігіндегі «әлеуметтік кепілдіктер» бөлігінде жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартатын мәселелер жеткілікті қамтылмайды. Мәселен, ұжымдық шарттарда жыл соңында кәсіпорын табысын ескере отырып, жұмысшылардың жалақы мөлшерін көтеру, жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін ерікті медициналық сақтандыру шартын жасақтап, жарнасын аударуы, жұмыс берушілер есебінен аз қамтылған жұмысшылардың балаларына жазғы демалыс орындарына тегін жолдама беру, көп балалы қызметкерлерге жыл сайын біржолғы төлемақы беру назарға алынбайды. Жыл сайын медициналық қызметті қажет ететін отбасыларға қаржылық көмек көрсету, жылына немесе айына сыйақы, еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыру төлемақысын төлеу, баспанасы жоқ мамандарға тұрғын үйді жалға алу немесе өтемақы төлеу, жұмыстан қысқартылуға жататын қызметкерді басқа мамандыққа оқыту, жұмыскерлерді сауықтыру, санаторий-курорттық емдеу орындарына жіберу талаптары да ескерілмейді. Көп балалы жұмысшыларға жыл сайын мектепалды дайындық үшін көмек көрсету сияқты маңызды қолдау ұжымдық шартта көбінесе «ұмыт» қала береді.

Осындай мәселелер атап айтылған жиында облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторы И.Әубәкіров жұмыс берушілер мен кәсіподақ мүшелері қызметкерлерді қолдайтын маңызды кепілдіктерді ұжымдық шартқа енгізу мәселесін қайта қарауды ұсынды. Себебі, шарт екі тараптың келісуімен жасалатындықтан, ондағы әлеуметтік кепілдіктерді өзгертуге немесе толықтыруға, ұсыныс беруге еңбек инспекциясының мүмкіндігі заңмен қарастырылмаған. Тіпті, ұжымдық шартты мониторингтен өткізуден бас тарту тәртібі де Еңбек кодексінде реттелмеген.

Алайда, еңбек инспекторлары жоспардан тыс тексеру, профилактикалық бақылау жүргізу арқылы және семинарлар мен «дөңгелек үстел» өткізіп түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізсе де мәселе әлі күнге дейін өзектілігін арттырып тұр.

– Облыс бойынша кәсіподақ орталығына, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына, мекеме-ұйымдардың басшыларына ұжымдық шарттың дұрыс, сапалы жасалуына және жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мәселелерді қамту қажеттілігіне аса назар аударылғаны жөн, – деді И.Әубәкіров.

«Қазақстандық мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» Атырау облыстық филиалының төрағасы Салтанат Рахимова ұжымдық шарттардың үздік тәжірибесі, олардың орындалысы жөнінде әсерлі әңгімелеп берді.

– Ұжымдық шарт жасау – мекемедегі тұрақтылықтың белгісі. Жұмысшылар тарапынан компания басшысына ұжымдық шарт жасау туралы ұсыныс берілсе, одан бас тартқандар тиісті заңдылық негізінде ауқымды айыппұл төлейді. Құжат қабылданар алдында жұмысшылардың барлық арыз-шағымы ескеріліп, келіссөздер жүйелі жасақталуы керек, – деді С.Рахимова.

Еркін форматта өткен басқосуда мекеме басшылары мен салалық кәсіптік одақ жетекшілері де талқылынған мәселе бойынша ой-пікірімен бөлісті.

Басқосуды жүргізген Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Семғалиев «Теңізшевройл» компаниясында вахталық әдістің 14 күнге ауысатынына байланысты ұжымдық шарттың өзгерістері жөнінде сұрағаны сол-ақ еді, өзін «компания өкілімін» деп таныстырған азамат алпауыт кәсіпорынның өз қарамағындағы мердігер компаниялар үшін жауап бере алмайтынын айтты. Мұндай жауаптың қанағаттандырмайтынын ескерт-кен төраға компания мұндай жауапкершіліктен бас тарта алмайтынын жеткізді.

– Ұжымдық шарт – қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға бағытталған маңызды құжат. Оған қол қою арқылы жұмыс берушілер әлеуметтік серіктестік орнатуда, еңбек ұжымында шиеленістерді, дау-дамайды туындатпауда елеулі табысқа қол жеткізе алады. Ұжымдық шартты әзірлеу жұмысы міндетті түрде алдын ала дайындалып, жұмысшылардың пікірлері ескерілу қажет, басқа компаниялардың әлеуметтік жеңілдіктер саласындағы үздік тәжірибелері зерделенуі де тиіс, – деді ол.

Топ мүшелері тарапынан облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жұмыс берушілер ұжымдық шартты мониторингке ұсынған кезде еңбек заңнамасы арқылы мазмұнына қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін шартты жұмыс берушілерге қайтарып беру, сондай-ақ, «Ембімұнайгаз», «Теңізшевройл», NCOC, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.», «Атырау мұнай өңдеу зауыты» сияқты ірі компаниялар мердігерлер мен қосалқы мердігерлерінде ұжымдық шарттың жасалуына ықпал ету жөнінде ұсыныстар айтылды.

Қазақта «Ынтымағы жарасқанның ырысы артық» деген аталы сөз бар. Ұжымдағы бірлік, талап, міндеттер, жұмысшыларды жан-жақты қолдау – барлығы да арнайы құжатпен ресімделсе, тұрақтылық пен бірлік те салтанат құрады. Мұндай ортада қашан да жұмыс нәтижелі, әрі өнімді.

А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз