
Үздік үкіметтік емес ұйым төрағалары марапатталды
Бүгін Республика күні қарсаңында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова өңірдегі жемісті жұмыс істеп келе жатқан үкіметтік емес ұйым өкілдеріне Республика Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Алғыс хатын табыстап, атқарған жұмыстарына алғыс білдірді.
– Айтулы мереке қарсаңында бастарыңызды қосып отырмыз. Сіздермен бірнеше жылдан бері тығыз байланыс орнатып, әріптестік қарым-қатынасты арттырып келеміз. Үкіметтік емес ұйымға артылар жұмыстың орасан зор екендігі белгілі. Бұл жолда бірден жетістікке жетудің өзі оңайға соқпайды. Айталық, баламен, ата-анамен жұмыс істеу деген айтуға ғана оңай. Алдағы уақытта жұмыстарыңызға толағай табыс тілеймін. Республика күні құтты болсын, — деді Гүлнұр Жалғасқызы.

Министрдің марапатына ие болған құрмет иелерінің қатарында
«Мен бармын!» қоғамдық қорының төрағасы Зайда Нұғманова, «Мастерская Zlataru» қоғамдық қорының төрағасы Нина Петрова, «Жеті Жарғы»қоғамдық қорының төрағасы Абылай Құрметұлы, «Атырау» корпоративтік қорының төрағасы Дәурен Сейітқалиев, «Аналар үндестігі» қоғамдық бірлестігі төрағасы Гүлсім Биташева, «Хиуаз» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шахарман Ерсейтова, «Ақсұңқар» қоғамдық қоры төрағасы Ләззат Нұрқызы болды.

Республика Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Алғыс хатында, марапат иелерін Республика күнімен құттықтап, азаматтық қоғамды дамыту жолында аянбай қажырлы еңбек етіп, орасан зор үлес қосқаны үшін алғыс білдіріп, құрмет иелерінің деніне саулық, отбасы амандығын тілеп, қызметіне табыс тілеген.
Алмас ҚАБДОЛОВ
суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ