«Үздік маман» байқауының екінші кезеңі өтті

7V6B2067 Жаңалықтар

Аtr.kz/2 мамыр, 2019 жыл. «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы ­– магистралды мұнай құбыры бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық операторы. Ол «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның компаниялар тобына кіреді. Жалпы ұзындығы 5,4 мың шақырымды құрайтын әртараптандырылған мұнай құбыры желісіне иелік етеді.

Отандық кәсіпорынның өндірістік нысандары Шымкент қаласында, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.

Құрылғанына жиырма жылдан асқан «ҚазТрансОйл» компаниясында қалыптасқан игі дәстүрдің бірі ­­- жұмысшы-мамандар арасында ұйымдастырылатын «Үздік маман» байқауы болып табылады. Мұндай байқау алғаш рет 1999 жылы Ақтау қаласында өткізілген. Ал, 2003 жылы ол халықаралық деңгейге көтерілген.

Дәстүрлі дода биылғы тамыз айында еліміздің мұнайлы астанасы атанған Атырауда жалғасын таппақ. Соған дайындықты пысықтау әрі халықаралық деңгейдегі байқауға қатысуға лайықтыларды анықтау мақсатында 22-25 сәуір күндері «Үздік маман» байқауының екінші кезеңі өтті. Онда бұған дейін компанияның дербес құрылымдық бөлімшелері арасында өткен байқаудың бірінші турының жеңімпаздары өз мамандықтары бойынша біліктілік пен шеберлік сынына түсті.  Атырау мұнай құбыры басқармасы ғимараты алдындағы алаңда байқаудың екінші кезеңінің салтанатты ашылу рәсімі болды.

–«Үздік маман байқауы – бір салада, түрлі мекемеде жұмыс жасайтын  әріптестердің білімі мен білігін сарапқа салатын, тәжірибесімен бөлісіп, шеберлігін шыңдайтын, сонымен бірге олардың арасындағы  достық қарым-қатынасты нығайтатын дәстүрлі сайыс алаңы. Қазірдің өзінде,  сіздер осындай додаға қатысып, өз деңгейлеріңізді көрсетуге дайын, жеңімпаз атануға лайықты екендеріңізді дәлелдеп келіп отырсыздар. Араларыңыздан  «жүзден жүйрік» шығып, жеңімпаз танылғандарды алдағы тамыз айында сегіз елдің осы саладағы өздеріңіз секілді кәсіптерін жетік меңгерген, біліктілігі жоғары  жұмысшы мамандары сынға сынға түсетін халықаралық байқау күтіп тұр. Мұның өзі, компаниямыздың кәсіби тұрғыдағы әлеуетін танытып, өз ісінің майталмандарын айқындаумен бірге, алдағы күзде атап өтілетін Қазақ мұнайының 120 жылдық торқалы  тойына тамаша тартуымыз болмақ. Қатысушылардың баршасына сәттілік, жеңіс тілеймін,-деді құттықтау сөзінде «ҚазТрансОйл» АҚ-ның бас директоры-басқарма төрағасы Димаш Досанов.

Мұнан кейін сайыскерлерді байқауды өткізу жөніндегі әділ қазылар алқасының төрағасы, бас директордың орынбасары Сәбит Арынов, сала ардагері Күләш Уәлиева құттықтап, жылы лебіздерін жолдады.


8 аталым бойынша кәсібилік пен шеберлік сынынан сүрінбей өткен жеңімпаздар анықталды.
Олар:
Рүстембек Жылкелдиев, Құлсары мұнай құбыры басқармасы ­­- «Үздік желілік мұнайқұбыршысы», Рашид Бақтығалиев, Атырау мұнай құбырыбасқармасы ­- «Үздік электргаз дәнекерлеуші», Өсер Дәрібай, Атырау мұнайқұбыры басқармасы ­­- «Үздік тауар операторы», Айман Сисекенова, Құлсарымұнай құбыры басқармасы ­- «Үздік химиялық сараптау лаборанты», Нұрмұханбетәли Лұқпанов, Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы ­­- «Үздік технологиялық құрылғыларды жөндеу слесары», Айдар Аманғалиев,Атырау мұнай құбыры басқармасы ­- «Үздік бақылау-өлшеу құралдары және автоматика слесары», Антон Ползяков, Атырау мұнай құбыры басқармас­ы ­«Үздік электромонтер», Антон Артюшенко,Павлодар мұнай құбырыбасқармасы ­- «Үздік мұнай айдау стансасының операторы»

Бір сәт байқауды ұйымдастырушылар мен оған қатысып, бағын сынай келгендердің пікірлері мен тілектеріне құлақ түрген едік.

Орал ИДЫРЫСОВ,

«ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары:

– Біздің кәсіпорын еліміздегі ең ірі жұмыс беруші компаниялардың қатарына жатады. Қазірде мұнда жұмыс жасайтындардың саны 7 мың адамға жуықтайды. Өз кезегінде компания басшылығы қызметкерлердің, соның ішінде өндірістің жауапты да маңызды учаскелерінде еңбек ететін  жұмысшы мамандардың біліктілігін арттырып, қайта даярлықтан өткізу мәселесіне айрықша назар аударады. Әсіресе, еңбек жолын енді ғана  бастаған жас буынның кәсіби дайындық деңгейін көтеріп, шеберлігін шыңдауға   ұдайы көңіл бөліп отырады. Соның бір айғағы – дәстүрлі «Үздік маман» байқауының өткізілуі. Бір қуаныштысы, жылдан жылға конкурсқа қатысушылардың саны артып келеді. Биылғы байқаудың бірінші кезеңіне компанияның дербес құрылымдық бөлімшелерінен келген 305 қатысушының тең жартысына жуығы мұндай сайысқа алғаш рет қатысқан. Солардың арасынан жеңімпаз болып танылған 75-сі екінші турға жолдама алып, бағын сынауда. Жағымды жаңалықтың бірі – бас директордың бастамасымен биылдан бастап осы салаға мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарының 2,3 және 4 курс студенттерін еңбекақысы төленетін өндірістік тәжірибеден өткізу қолға алынуда. Бесжылдық мерзімді қамтитын бұл бағдарлама шеңберінде жыл сайын еліміздің 12 өңірінен  400-ден астам студенттің компанияның өндірістік нысандарында тәжірибеден өтуіне мүмкіндік беріледі. Жалпы, бұл бағдарламамен техникалық бағытта білім беретін 13 жоғары оқу орны мен 10 колледжді қамту жоспарланған. Сонымен қатар, компания басшылығы  түлектерді жұмысқа орналастыру үшін квота бөлу мәселесін де қарастыруда. Осылайша, жыл сайын кем дегенде 30-40 адамды жұмыспен қамту көзделуде.  

Бағжан НАРПАЕВА,

Шымкент мұнай құбыры басқармасының тауар операторы: ­

– Менің бұл кәсіпорында жұмыс жасағаныма аса көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен азғана мезгілде біраз нәрсені үйреніп, меңгеріп алдым. Басқарма бойынша жылына 5 млн.тонна мұнай айдалады. Өзім осындағы өндірістік бөлімшелердің бірінде мұнайды қабылдап-тапсыру бекетінің операторы болып істеймін. Ұлттық мұнай тасымалдау операторы болып табылатын «ҚазТрансОйл» АҚ тәрізді беделді компанияда еңбек ету мен үшін зор мақтаныш. Сол себепті де әлемдік аренада оның атын шығарып, абыройын асқақтатуға еңбектегі жетістіктеріммен өзіндік үлесімді қосуға әзірмін. Ал, бүгінгідей байқауға қатысуым, осы жолда биік табыстарға жетуімнің алғышарты, алғашқы баспалдағы деп санаймын. Білімім мен білігімді байқату үшін барымды саламын. Ел көлемінен келіп, байқауға қатысып отырған барша әріптестеріме сәттілік пен жеңіс тілеймін.

Серіжан ТАУБАЕВ,

Атырау мұнай құбыры басқармасы Т.Қасымов атындағы мұнай айдау стансасының операторы: ­­

– Жоғары оқу орнын бітіріп, салада еңбек еткеніме төрт жыл болды. Осы қысқа мерзімде кәсібімнің қыр-сырына қанықтым. Өз басым «ҚазТрансОйл» компаниясы ұйымдастырған  мұндай байқауға екінші мәрте қатысудамын. Бірінші байқауда басқа мамандық бойынша бағымды сынап, жүлделі екінші орынды еншілеген болатынмын. Міне, енді екіншісінде мұнай айдау стансасының операторы ретінде тағы да топқа түстім. Менің ойымша, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Үздік маман» байқауының біз секілді жастарға берері мол. Біріншіден, ол жетістіктерге жігерлендіріп, ынталандырады. Екіншіден, шеберлігімізді шыңдап, білмейтін тұстарды меңгеріп алуымызға септігін тигізері сөзсіз. Сол үшін де барлық қатысушылардың атынан компанияның, қала берді, өзім еңбек ететін Атырау мұнай құбыры басқармасының басшылығына жастарға қолдау көрсетіп, ұйытқы болғаны үшін барша әріптестерімнің атынан алғысымды арнаймын.                                                                                                        

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз