Жарнама
Жаңалықтар

UTEBAYEV UNIVERSITY экологиялық мәселелерді зерттеуге кірісті

UTEBAYEV UNIVERSITY өз миссиясының аясында өңірдің экологиялық проблемаларын талқылау мен зерттеуге арналған жаңа диалог алаңын құрды. Алаң – университеттің ғылыми-зерттеу орталығы ретінде өңірлік проблемаларды сараптап, шешім іздеуге бағытталған бастамаларының бірі. Сондай-ақ экологиялық мәселелерді шешуде түрлі саланың мамандары мен ғалымдарын біріктіріп, ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты күшейтуге ықпал етеді. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Диалог алаңының алғашқы кездесуі Атырау мұнай өңдеу зауытында өтті. Кездесуге «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Ғалымжан Жусанбаев, UTEBAYEV UNIVERSITY ректоры Гүлзада Шакуликова, Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Қансұлу Өтепқалиева, «Қазгидрогеология-Атырау» директоры Нұргүл Сабурова, Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің профессоры Жамалхан Минарбеков, индустриалды комитеттің бас сарапшысы, профессор Айгүл Буканова, Геология, геофизика және геохимия орталығының жетекшісі Алексей Горин сынды ғалымдар қатысты.

Кездесу барысында Жайық өзенінің су көлемінің азаюына байланысты экологиялық жағдайдың ушығуы басты тақырыптардың бірі болды. Атырау мұнай өңдеу зауытының Жайық өзенінен жылына шамамен 7 миллион текше метр су тұтынуы өндірістік процестер үшін қажетті болып отыр, алайда бұл өңірдегі су ресурстарына үлкен салмақ түсіруде. Сондықтан Жайық суын тұтынуды азайтудың бір әдісі – өндірістік қажеттілік үшін жер асты суын пайдалану. Жүргізілген зерттеулер зауыт аумағында 41 мың мг/дм3-тен 57 мың мг/дм3-ке дейінгі жоғары минералданған жер асты суы бар екенін көрсеткен. Ендігі кезекте өнеркәсіптік өндіруге арналған сулы горизонттар мен қабаттарды зерттеу үшін кәсіби мамандардың көмегімен гидрогеологиялық зерттеулер жүргізу қажет.

Өзен суын пайдалану көлемін азайту мәселесін шешудің бір жолы – жер асты суларын пайдалану. Алдын ала зерттеулер көрсеткендей, зауыт аймағындағы жер асты суларында минералдану деңгейі жоғары, бұл өндірістік қажеттіліктер үшін пайдалануды қиындатады.

Ғалымдар мен зауыт мамандары ластанған суды тазарту және өнеркәсіптік өндірісте қолдануға болатын жаңа технологияларды талқылады. Сонымен қатар, мұнай-химия ғылыми-технологиялық парк құру, жаңа флокулянттар мен коагулянттарды өндіру мүмкіндіктері де қарастырылды.

Диалог алаңының басты мақсаты – өңірдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындары, өндіріс және ғылыми ұйымдар арасында ынтымақтастықты нығайту. UTEBAYEV UNIVERSITY ректоры Гүлзада Шакуликова атап өткендей, университет осы алаң арқылы барлық тараптың бірлесе жұмыс істеуіне жағдай жасап, өңірдің дамуына үлес қосатын жаңа бастамаларды жүзеге асыруға ниетті.

–Жоғары оқу орындарының үшінші миссиясын жүзеге асыру үшін біз диалогты нығайтуға бағытталған алаң құрып, ресурстарды белсендіру және аймақтың орнықты дамуын қамтамасыз етуге қатысатын барлық тараптың өзара әрекетін ұйымдастыруға көңіл бөліп отырмыз. Елімізге белгілі ғалымдар бір ай бойы мәселені зерттеп-зерделеп, қорытынды шығарады. Алға қарай да университеттің өндірістік серіктестерімен бірлесе отырып, «білім-ғылым-индустрия-бизнес» интеграциясы аясында жаңа бастамаларды қолға аламыз, — деді Г.Шакуликова.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button