Үш буынға – үш сауал
Atr.kz/28 маусым, 2019 жыл. Журналистердің арқалар жүгі ауыр. Қаламы қарымды, ойы орамды бұл мамандық иелерінің еңбегі қашан да өлшеусіз. Кәсіби мерекеге орай үш буын өкілдеріне үш сауал қойған едік.
Рахим ҚОЙЛЫБАЕВ, «ATPress» сайтының тілшісі, Ақпарат саласының үздігі:
ОЙ САРАПТАЙ БІЛУ ДЕ – ШЕБЕРЛІК
– Журналист өз шығармашылығы арқылы қоғамға қызмет ете білуі тиіс. Яғни, қоғам алдындағы миссиясын өзінің ізденісімен ғана орындай білуі қажет. Қазір ақпараттың қарыштап дамыған заманында оған қойылатын талап та көп. Бүгінгі журналист ақпараттық технология мен мультимедиямен де еркін жұмыс жасай алуы маңызды. Өмірдегі құбылыстардың мәнін түсіне білетін қоғамдық қайраткер бола білгені де артық емес. Қандай оқиғаны да тапқырлықпен, сенімділікпен жазып, жұртқа ақпаратты оқыта алуы керек. Дәлірек айтқанда, әрбір журналистің жазған материалы
идеяға толы болса игі. – Журналистік шеберлік – тума талант. Оны әрі қарай ізденіспен ұштастыра білу үлкен еңбекті қажет етеді. Мәселеге қатысты ой сараптай білудің өзі оның шеберлігін айқындайды. – Менің ойымша, журналистика, журналист мәртебесі қандай да бір стандарттармен өлшенбеуі қажет. Сондай-ақ, журналистерді даярлауда оларды белгілі бір сызықтан шыға алмайтындай етіп қалыптастырмаған жөн. Яғни, қай тақырыпта болса да өз ойын жетік жеткізе алуы шарт.
Қаржаубай СҰЛТАНҒАЛИҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі:
ШЫНДЫҚТЫҢ ШЕЖІРЕШІСІ
– Журналист – қоғамның алғы шебінде жүретін айбынды да абыройлы мамандық иесі. Оның жалауын көтеріп, желкенін керіп, қолына қалам ұстаған адам тұтастай қоғамның, соның ішінде өзі өмір сүріп, қазанында қайнап жатқан ел мен жердің әр алуан саласына именбей араласып, қақтығысып, қапталдасып, ақылға салуға да мұрша бермей жататын қымқиғаш қарым-қатынастар, елеулі оқиғалар, әлеуметтік проблемалар, адамдардың тағдыры жөніндегі пайым-пікірін сөз өнерімен, ой өрнегімен жедел, әрі байыпты жеткізе алуы керек. Бүгінгі күннің биігінен өзіміз куә болған өткен ғасырдың соңғы алпыс, мынау жаңа ғасырдың жиырмаға жуық жылына үңіле қарасақ, қоғамдағы талай айқай-шуды, талай тартысты, талай қан төгісті, сондай-ақ, өсу, өрлеу, жетілу секілді құбылыстарды көз алдымыздан өткіземіз. Міне, осылардың бәрін саралап, зерделейтіндер – біздің қаламгерлер. Олардың қоғамдағы рөлі де, биік беделі де осында. Өмірдің тамыршысы да, шындықтың шежірешісі де, б о л а ш а қ т ы ң болжаушысы да солар, менің әріптестерім. – Кәсіби шеберлік дегенде, өзгеге таңбай, өзім мойындап, өзім басшылыққа алатын өлшемдер мен қағидалар баршылық. Өйткені, шеберлікке жетілу оңай шаруа емес. Шеберліктің құпиясы ой мен сырды өзгенің санасына әсерлі, шынайы жеткізіп, терең дарытуда. Бұл орайда бірінші сүйенерің – халқымыздың ана тілі, оның ұланғайыр байлығы. Шебер қолдансақ, сөзіңнің ажары кіреді. Нағыз суреткерге керек ерекшеліктер дегенде сөз зергері Зекең – Зейнолла Қабдолов ағамыз сегіз қасиетті – нәзік сезімталдықты, жіті бақылағыштықты, шығармашылық қиялды, терең тебіреністі, мол тәжірибе мен парасатты, зор еңбексүйгіштікті, ақыр аяғында шабытты атап көрсетеді ғой. Бәрі де жөн. Менің тәжірибемде тақырып қоя білу маңызды. Тақырып – жазбақшы дүниеңнің тұғыры, іргетасы. Мәселен, менің «Алтынжардың алтын қоңырауы» деген тақырыбым сонау замандағы Ыбырай бабамыздың өз ұлтын оқубілімге үндейтіні секілді, анау астрахандық қандастарды салт-дәстүрді, тілді, діл мен дінді ұмытпаудың көш басында жүрген Никита Ысқақовтың бет-бейнесін, болмысын, ашуға баспалдақ болды деп ойлаймын. Бұл – бір ғана мысал. Мен жас әріптестеріме шеберлік шыңына жету үшін көп оқып, көп ізденіңдер деген ағалық кеңес айтамын. Өйткені, көсіле жазып, көсем пікір айтып, халыққа адал қызмет ету – биік парыз. – Журналистің мәртебесі қашан да биік болуы қажет. Ол үшін журналистика ғылымын дамыту, журналистік қызметтің қоғамдық мүддені қорғаудағы орнын, мәртебесін, журналистің өзін, беделін, абыройын жан-жақты бағамдап, араша түсерлік тұғырлы заң қажет. Жақында ел Президентінің осы бағытта тиісті органдарға тапсырма бергенін жүгіртпе жолдан аңғарып қалғаным бар. Сол тілек орындалса, журналистика төңірегіндегі толқу шешімін табады.
Айнагүл ҚАЛБАЕВА, «Atyraý» арнасының редакторы:
ТАЛАНТ ПЕН ТЕОРИЯ ҰШТАССА…
– Журналист – қоғамның а й н а с ы , қозғаушы күші. Ол – эстет, тәрбиенің көзі, тек шындыққа ж а н а с а т ы н деректердің авторы, шығармашыл тұлға. Журналистің көзімен, сөзімен тарих жасалады. Оған халық иланады, сенеді, ұстанымын, көзқарасын, тіпті келбетін, стилін үлгі көреді. Осындай зор міндет пен мәртебені әр журналист құрметпен қабылдау керек деп ойлаймын. – Кәсіби шеберлік тек тәжірибемен шыңдалады. Талант, теория қажет-ақ, бірақ, күн сайын сол іспен машықтанып, ізденіп, көрген, білген сайын дүниетанымың өзгереді, біліктілігің артады. Бұл ретте мен телеарнада тақырыптық бағдарламаларды жүргізіп келемін. «Онлайн емхана» медициналық бағдарламасын жүргізуде дәрігерлермен теңбетең сөйлесу үшін өз білімімді жетілдіріп, денсаулық сақтау саласындағы ақпараттармен танысып, жан-жақты ізденуге тура келеді. Сондай-ақ, тікелей эфирде «Қызым, саған айтам…» бағдарламасында қызмет етемін. Мұның барлығын қалың көрерменнің алдына алып шығудың өзі салалық білімді, біраз ізденісті қажет етеді. Осы бағытта біздің әрбір күніміз оқу-тоқумен жалғасуда. – Журналистің мәртебесі сөз жүзінде биік. Ал, іске келгенде, журналистен «қор» мамандық жоқ. Журналистің мәртебесі тиісті деңгейде заңдастырылған жоқ. Әріптестерім өз мәртебесін биік ұстап жүрсе, олар қашан да өздерін мойындатады деп сенемін.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА