Жарнама
Қоғам

Үш күнде шыққан үкім

Кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру мақсатында республика Президентінің 2020 жылдың 24 қарашасындағы Жарлығының негізінде мемлекеттік және өңірлік комиссиялар құрылған болатын. Комиссия мүшелері орталық және жергілікті архивтердегі құпия құжаттармен танысып, жазықсыз жазаланғандарды толық ақтау жөнінде ұсыныстарын берді.

1c58e97b 20c5 4136 855c 7fda68a056a2

Шынында, бұл жұмыс науқандық сипатта емес еді. Оның үстіне архив құжаттары тек тарихшылар үшін ғана емес, өз ата-бабасын іздеген қарапайым адамдар үшін де толық ашылуы қажет. Көбінесе өздерін «халық жауының» ұрпағы ретінде сезініп, тегін жасырып келген адамдар өз аталарының жерленген жерін, тым болмаса фотосуретін іздейді.

Бір анығы, 1937-1939 жылдар аралығындағы жаппай қуғын-сүргін кезінде ірі саяси тұлғалар болмаса, қарапайым адамдарды фотоға түсірмеген, ал бірен-саран кездескен фотолар жиырмасыншы жылдардың соңы мен отызыншы жылдардың басына сәйкес келеді. Ол суреттер – тарихшылар үшін аса құнды дерек.

2021 жылы Атырау облысы Полиция департаментіне қарасты ақпараттандыру және байланыс басқармасының арнайы мемлекеттік архивінде жұмыс істегенде, №27 қордағы «Бекбаев М.Ш., Батырханов К., Бекешев және басқа 20 адамды айыптау ісі» деп аталатын №1087 іспен танысудың мүмкіндігі туды. Онда 1930 жылғы 9 шілде мен 26 тамыз аралығында тұтқындалып, 9 қазанда РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-баптың 10 және 13-тармақтары бойынша айыпталуына байланысты, 3 жыл еңбекпен түзеу лагерінен бастап ату жазасына дейін үкім кесілген Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданындағы Өлеңді ауылы тұрғындарының «ісі» сақталған.

Ал, 58-бапқа жатқызылғандар «контрреволюциялық қылмыстары» үшін сотталғаны белгілі. Айталық, 58-баптың 10-тармағымен «кеңес өкіметін құлатуға, бұзуға, әлсіретуге немесе жекелеген контрреволюциялық қылмыстар жасауға шақыруды қамтитын үгіт немесе насихат, сол мазмұндағы әдебиеттерді тарату немесе дайындау», сондай-ақ «бұқаралық толқулар кезінде немесе бұқараның діни немесе ұлттық алалаушылықтарын пайдалана отырып немесе әскери жағдайда немесе әскери жағдайда жарияланған жерлерде осындай әрекеттер» үшін айыпталған. Осы баптың 13-тармағы бойынша істі болғандар «Азамат соғысы кезеңінде патша жүйесі кезінде немесе контрреволюциялық үкіметтерде жауапты немесе құпия (агенттік) лауазымда көрсетілген жұмысшы табы мен революциялық қозғалысқа қарсы белсенді іс-қимылдар немесе белсенді күрес жасаған әрекеттері үшін» жазаға тартылыпты. Демек ұжымшар құрылысына қарсы күштердің бәріне осы айыптаулар негізінде үкім кесілген.

Сол істе жауапқа тартылғандар тізіміне мына адамдар енгізіліпті, олар: 1. Бекбаев Мұхаметшәріп (Мұхаметжан); 2. Батырханов Қазихан; 3. Бекешев Сарбала; 4. Бекмұқанов Әбутәліп; 5. Байтілеков Әмірғали; 6. Ғалиев Мұғай; 7. Досмағамбетов Қоңқақ; 8. Жарылғапов Ғалам; 9. Ищанов Тоқаш Сырайылұлы; 10. Есімов Рамазан; 11. Күлешов Ерғали; 12. Мұқашев Дәуіт; 13. Мұқашев Забих; 14. Нысанғалиев Мырзаш; 15. Оспанов Қадыр; 16. Ырысәлиев Жұмаш; 17. Сүйінішәлиев Нұрбай; 18. Тынимов Жағыпар; 19. Жүсіпәлиев Махмұт; 20. Жүсіпәлиев Ғабдолла.

Кейін тергеу барысында 20 адамның 12-сіне үкім кесіліп, қалған 8 адам түрмеден босатылғаны анықталды. Сотталған 12 адамның 11-і үй жанында бес-бестен екі бөліп және бір адамды бөлек фотоға түсіріліп, №1087 істе сақталыпты. Сотталған 12 адамның 5-еуі ату жазасына кесіліп, үкім 4 қараша күні орындалады. Олар – жеке шаруашылығында мал бағып жүрген 55 жастағы Қоңқақ Досмағамбетов, 60 жастағы балықшы Дәуіт Мұқашев, Ботақан ауылы Серімбай бугорында мал бағып жүрген жасы 48-дегі Мырзаш Нысанғалиев, 44 жастағы балықшы Жағыпар Нұғманұлы Тынимов және Теңіз ауданындағы Өлеңді ауылының тұрғыны, 1927 жылы сайлау құқығынан айырылған, «бұрынғы дін өкілі – сопы, еш жерде жұмыс жасамайтын, өзінің жеке шаруашылығымен айналысқан саудагер, малшы, бағбан», 48 жастағы Қадыр Оспанов.

Айтпақшы, Қ.Оспанов бұрын бай Нұғман Жарылғаповтың жалшысы, 1916 жылы саудагер Оразалы Ахмедовта приходчик болып, кейін өз шаруасына қарай балықшы болып еңбек еткен. 1926 жылы бес-алты ай саудамен айналысып, оған дейін, яғни 1923 жылы «Михаиловский бугорда» мектеп тұрғызған екен. Оны 1919 жылы «Он үш күн ақ гвардияшыларға қызмет етіп, қызыл командирді өлтірдің, жараланған қызыл әскерлерді ақтарға ұстап бердің, солардың тапсырмасымен Гурьевке, Форт-Александровскге бардың» деп айыптайды. Басқаларына тағылған айыптар да осыған ұқсас.

Сотталғандардың үшеуі 10 жылға кесіліп, еңбекпен түзеу лагеріне жіберілген. Олар – жасы 55-тегі мұхтасиб Бекбаев, 36 жастағы балықшы Сарбала Бекешев және 43 жастағы малшы Ғабдолла Жүсіпәлиев. Бұлардың ішіндегі елге белгілісі – Өлеңді ауылының тұрғыны, руы Беріш, отбасында 10 адамы бар, Хиуа қаласынан діни жоғары білім алған молда-мұхтасиб Мұхаметшәріп Бекбаев. 1930 жылы 26 тамызда мұхтасиб М.Бекбаевты Гурьев округінің Теңіз аудандық ОГПУ бөлімшесі тұтқындап, Ерекше үштік 10 жылға, кейін 5 жылға қысқартып соттап, арнайы мақсаттағы Қарқаралы лагеріне жібереді. Жазасын толық өтеп келген соң ол қайтадан тұтқындалып, енді «Алаш және барлық мұсылман сиездерінің белсенді мүшесі, Алашорда қайраткері, хазірет, ишан Қуанай Қосдәулетовпен байланыста болған контрреволюциялық, панисламдық бүлікшіл-шпиондық ұйым мүшесі» ретінде айыпталады. Бұл жолы Теңіз ауданындағы Нұржау ауылының 78 жастағы тұрғыны, имам Гафар (Ғабдолгафар) Боранқұлов, Өлеңді ауылының 65 жастағы тұрғыны, молда Қайырқұл Жүсіпов, Гурьев қаласында мешіт молдасы болған 67 жастағы сопы Мамай Жұмабаевтармен бірге 1937 жылы 16 желтоқсанда атылған.

Ал, Ганюшкино пошта-телеграф бөлімінің 25 жастағы бақылаушы-байланысшысы Мұғай Ғалиев пен бұрынғы ІІ-Теңіз округі правителі көмекшісінің ұлы, 35 жастағы молда, отбасында 5 адамы бар Ғалам Жарылғаповты (құжатта – Галлям Джарылгапов) 5 жылға соттап, дүние-мүлкін кәмпескелеген соң еңбекпен түзеу лагеріне айдаған. Жазасын Байкал-Амур лагерінде өтеп келген Ғ.Жарылғапов 1935 жылғы 24 мамырда босатылып, елге оралады. Алайда, 1938 жылы қайта тұтқындалып, 1 қарашада атылды. Малшы Қазихан Батырханов 61 жаста, Махмұт Жүсіпәлиев 64 жаста болса да, үш жылға итжеккенге жер аударылыпты.

Жантүршігерлігі сол, қамауға алудан ату жазасы орындалғанға дейінгі уақыт 7 айдан 3 күнге дейін қысқарған 1937-1938 жылдардағы «Үлкен террор» кезінде фотоға түсіру тұрмақ, қандай да болмасын заңдылықтың сақталуын талап етудің өзі мүмкін емес еді. Мысалы, молда Жұмағали Сегізбаевты тұтқындап, Қылмыстық кодекстің 58-2 және 58-11 баптарымен айыптап, ату жазасына кесуге және үкімді орындауға небары үш-ақ күн (!) уақыт кеткен. Сондықтан, 1930 жылы түсірілген бұл суреттердің сақталып қалуын үлкен олжа ретінде қабылдауға болады.

Қазір №26-27 қорлардағы құпия құжаттар түгелдей Қазақстан Республикасы Президентінің архивіне сақтауға жіберілген.

Серік ҚУАНЫШ,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button