ШЕШЕНДІК ӨНЕР ШАНДОЗДАРЫ

Назарбаев зияткерлік мектебінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Рауан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен пікірсайыс біріншілігі өтті. Республикалық деңгейде өткен интеллектуалды сайыста Ақмола, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Астана қаласының жоғары оқу орындары студенттері өзара сынға түсті.

Айта кетсек, бұған дейін бір апта бұрын облыстық біріншілік ұйымдастырылған болатын. Мұнда топ жарған Атырау агротехникалық колледжінің командасы республикалық жарысқа жолдама алып, осы жолы мұнайлы өлке намысын қорғаған болатын. Алайда, алғашқы үш турдан соң бір ұпайды ғана еншілеген жерлестеріміз жартылай финалға өте алмады.

– Пікірсайысты жастардың өз ойын еркін жеткізудің басты құралы ретінде есептеймін, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи. – Соның ішінде, бұл интеллектуалдық ойын мектеп оқушылары үшін маңызды. Өйткені, олар мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орындарына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан өтеді. Бір сөзбен айтқанда, жастар өмірге жолдама алады. Ал, бұл кезде әр нәрсенің ретін тауып сөйлеудің маңызы зор. Осыған орай, біз жастардың өз ойын ашық жеткізуі, өз ұстанымын, пікірін еркін қорғауы үшін мұндай сөзсайыстарын көбірек ұйымдастырып отыруымыз шарт. Екіншіден, пікірсайыс тақырыптары бойынша жастар ізденіп, қосымша білім жинауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, тәжірибе алмасады.

Атырауда тұңғыш рет ұйымдастырылған біріншілік шарты бойынша пікірсайысшылар бірінші және екінші раундтарда діни экстремизмнің алдын алу бағытында өз ойларын ортаға салса, ал, үшінші айналым мен жартылай финалда жас отбасылар арасында ажырасу деңгейін төмендету жолдарын ұсынды. Ақтық сынға жолдама алған Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мәселесі бойынша пікірлерін білдірді.

Жастар арасындағы кәсіп-керлікті дамыту – бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда, көкшетаулықтар «Үкімет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірқатар жұмыстар жасалып жатыр, бірнеше бағдарламалар жүзеге асуда, сондықтан, ешқандай жаңалық енгізудің қажеті жоқ» деген пікірді қорғаса, Астанадан келген студенттер, ең алдымен, жастар кәсіпкерлігі деген ұғымды нормативті құқықтық акт негізінде енгізіп алу керектігін ұсынды. Бұл ұсынысқа қазылар алқасы да оң бағасын берді.

– Шын мәнісінде, «жастар кәсіпкерлігі» деген термин қолданылғанымен, бұл сөзге осы күнге дейін ешқандай анықтама келтірілмеген. Сондықтан, кәсіпкерлерді әлеуметтік қорғауға келгенде олардың жас ерекшеліктеріне ешқандай мән берілмейді, қабылданған бағдарламалар барлық кәсіпкерге бірдей жүреді. Біз жуырда Парламентте талқыланып жатқан «Жастар саясаты туралы» Заңына Атырау облысы тарапынан «жастар кәсіпкерлігі» деген терминді енгізуді ұсынған болатынбыз. Астаналық студенттермен ойымыз бір жерден шықты, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Арман Азаматов.

Сонымен қатар, финалдық ойын қос команда арасында пікірлер қақтығысын туғызғандығымен ерекшеленді. Олар тек өз ұстанымдарын қорғап қана қойған жоқ, қарсылас команданы шалып түсіру үшін қақтығыс туғыза білді. Пікірсайыстың басты мақсаты да – сол. Мәселен, көкшетаулық жастар өз ұстанымдарын қорғау барысында «1999 жылы кәсіпкерлікпен айналысатын жастар саны 22 мыңды құраса, бүгінгі таңда олардың саны 90 мыңға жетіп отыр, яғни, көбейіп келеді» деген болатын. Осы орайда, қарсылас команда өздерінің пікірлерімен олардың осал тұстарын дәл тауып алды.

– Бүгінгі таңда республика халқының 4,6 миллионын 14-29 жас аралығындағы жастар құрайды. Бұл – жалпы қазақстандықтардың 27,6 пайызы. Ойлап отырсақ, 4,6 миллион жастың небары 90 мыңы кәсіпкерлікпен айналысса, бұл, әрине, өте аз көрсеткіш, – деген елордалық жастар Жеткер Ықылас пен Ерназар Тұрғазы қазылар алқасы мен көрермендердің қошеметіне ие болып, І орынды жеңіп алды. Ал, көкшетаулық студенттер ІІ орынды, Қызылорданың «Болашақ» университетінде білім алып жатқан жастар ІІІ орынды иемденді.   

Ұйымдастырушылар жарыс аясында бірнеше шараларды да қоса өткізіп, маңыздылығын арттыра түсірді. Қатысушылар арасында «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Назарбаев зияткерлік мектебі концерттік бағдарламасын тарту етті және TEDх клубының жұмысы да таныстырылды. Бұған қоса, Ресей Федерациясының Мәскеу қаласының «Риторика және ораторлық шеберлік» университетінің бағдарламасы бойынша «Жас кәсіпкер мектебі» орталығының директоры Ержан Нұршанов шеберлік сыныбын өткізді, оған қатысушылар қызығушылықтары басым болды. 

– Соңғы жылдары, әсіресе, пікірсайыс интеллектуалдық ойынына ерекше мән беріліп келеді. Өйткені, оның тәрбиелік жағы басым. Жоғары сыныптарда оқып жүргенімде осы ойынға ден қойып, ойымды ашық айта бастауға, сөзім дәлелді болуы үшін дәйекке үлкен мән беруге машықтандым. Осы пікірсайыс ойынына қатысып, еліміздің өзге қалаларының барлығында да болғанмын. Енді міне, Атырау топырағын басудың сәті түсті. Көркейіп, дамып келе жатқан керемет қала екен. Сондай-ақ, ұйымдастырушылардың еңбегін ерекше айта кеткен жөн. Мұндай сайыстар жоғары деңгейде барлық жерде бірдей ұйымдастырыла бермейді. Сондай-ақ, жастар саясатымен айналысатын басқарманың өзі тікелей қолдау көрсетіп отырғаны қуантады. Өзге өңірлер бүгінгі сайыстан үлгі алса екен деген тілегіміз бар, – дейді біріншілік жеңімпазы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің IV курс студенті Жеткер Ықылас.  

Айта кетсек, бұл интеллектуалдық сайысты тиісті деңгейде ұйымдастыруға Назарбаев зияткерлік мектебі мен Apec Petrotechnic – мұнай-газ саласын оқыту орталығы да қолдауын аямады. Біріншілік қорытындысында сөз алған қонақтар М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік,  А.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік, Көкшетау қаласындағы А.Мырзахметов атындағы, Қызылорда қаласындағы «Болашақ», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттерінің және Атырау агротехникалық колледжінің студенттері ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, басқарма атынан Алғыс хаттармен марапатталды. Ал, жүлдегер командаларға кубок пен бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз