Жарнама
Жаңалықтар

Университет оқумен қатар жұмыс та ұсынады

Жоғары оқу орындары енді тек лекция оқумен шектелмей, студентке еңбек нарығына бейімделуге көмектесетін жаңа әдістерді ұсынып отыр. Солардың бірі – дуалды оқыту жүйесі. Бұл жүйе қазіргі таңда еліміздегі бірнеше университетте жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде Атыраудағы С.Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінің тәжірибесі – үлгі етуге тұрарлық. Университет бүгінде өңірдегі түрлі салада қызмет ететін 150-ден астам кәсіпорынмен байланыс орнатқан.

-Дуалды оқыту – теориялық білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыратын оқыту формасы. Яғни студент бір мезгілде әрі университетте оқып, әрі серіктес кәсіпорында жұмыс істейді. Бұл – студент үшін тек теорияны жаттамай, нақты жұмыс процесін көзімен көріп, мамандығы бойынша шынайы тәжірибе жинауға зор мүмкіндік. Біздің студенттеріміз ТШО, КРІ, АМӨЗ, Жігермұнайсервис, Ембімұнайгаз және т.б. компанияларда осы бағдарламаға қатысады, оқу бітіргеннен кейін еңбек нарығы мен бизнес ортаның барлық талабына жауап бере алатын маман болады, — деп атап өтті С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің проректоры Еламан Абежанов.
Аталған ЖОО-да дуалды оқыту бағдарламасы 2-курстан бастап қолжетімді. Колледжден кейін университетке түскен студенттер де осы жүйеге қатыса алады. Бағдарламаның артықшылығы – студенттер университет қабырғасында білім ала отырып, нақты жұмыс орнында тәжірибе жинайды, серіктес кәсіпорында жұмыс істегені үшін жалақы алады. Ал өзін білікті маман ретінде көрсете білген түлектер оқу бітіргенде дипломмен бірге еңбек кітапшасын алып, тұрақты жұмысқа орналасады.
Университеттің сенімді серіктестері – Атырау өңіріндегі ірі мұнай-газ және энергетика компаниялары. Бұл компаниялар дуалды оқытуды тек студентке ғана емес, өздеріне де тиімді деп есептейді. Себебі олар оқу орнымен бірлесе отырып, өздеріне қажет, бәсекеге қабілетті мамандарды өздері даярлайды.

Айдарбек АҚАРЫС

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button