БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ ДҮБІРІ

Биыл республикалық деңгейдегі бірқатар жарыстарды мұнайлы өлке – Атырауда өткізу жоспарланған. Соның бірі дзюдо күресінен жастар арасындағы ел чемпионаты кеше «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде басталды. 

 

Еліміздің әр өңірінен келген 500-ге тарта палуан бес күн бойы ел чемпионы атағын сарапқа салмақ. Ең маңыздысы, бұл турнир  әлем және Азия чемпионаттарына іріктеу жарысы болып табылады.

Чемпионат барысында ұлдар мен қыздар сегіз салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде. Дүбірлі доданы тамашалау мақсатында Атырауға Дзюдо күресінен республикалық федерацияның І вице-президенті Марат Мықтыбаев, атқарушы директоры Самат Жылқыбаев және  мемлекеттік жаттықтырушы Ержан Байжұманов келіп, чемпионаттың  ашылу салтанатында жас палуандарға сәттілік тіледі.

Байрақты бәсекеде Атыраудың намысын 25 палуан қорғауда. Облыстың аға жаттықтырушысы Аманбай Қыздарбаевтың айтуынша, Мұрат Дошахаев, Қанат Сейілхан, Арман Қалиев, Әнел Сүлейменова және Эльмира Самиғоллаеваға үлкен үміт артылуда.

(Чемпионаттың қорытындысын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз