Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғам

Ұлттық қолөнер ұмытылып бара ма?

Atr.kz/20 қазан, 2020 жыл. Қазақтың ұмытылып бара жатқан қолөнері тура-лы айтылып та, жазылып та жүр. Бүгінгідей, жаңа технологияның қарыштап дамыған кезінде оған сұраныс та жоқтың қасы.

Базардан жанға керектің бәрі табылады. Жүн түтіп, жіп иіретін, алаша тоқитын қолөнер шеберлерін күндіз қолға шам алып іздесек те таппаймыз. Шын-машынның көзді алдаған жылтырақтары, полимерден тоқылған кілемдер мен төсеніштер, Дубайдың ыдыстары тұрғанда, қолдан текемет басып, көрпе-төсек жасап әбігерленудің қажеті не? Көптеген замандастарымыздың осылай ойлайтыны ақиқат. Дейтұрғанмен, ұлттық құндылықтарды сақтап, оны болашаққа жеткізу – парыз. Қазақтың қолөнерін қадір тұтатын, өз ұрпағына аманаттап жүретін де адамдар бар.

Жүн түтудің технологиясы

Ғафу Сафиқызы — майдангердің ұрпағы. Əкесі Сафи қан майданға аттанғанда он жасқа толар-толмас бала екен. Өкінішке қарай, əкесі майданнан оралмады.

Шиеттей бала-шағаны адамасыл ету жолында анасының көрген бейнетін айтып тауыса алмайды. Ғафу кішкентайынан əжесінің бауы-рында тəрбиеленіп, бойжетеді. Ал, əжесі нағыз шебердің өзі еді. Қолөнерге кішкене Ғафуды да жастайынан баулыды.

«Жүн түтіп, жіп иірудің өзіндік технологиясы бар екені рас. Қойды қырқып, түйені жүндегеннен кейін оның жүнін кəдеге асыру — еңбекқорлықты қажет ететін тірлік. Жүнді əуелі тазартып алу керек. Мал шөпке жайылады, шөптің ішінде ошағаны бар, тікені бар бəрі жүнге жабысып қалады. Бір күн бойы жүнді суға баты-рып қойып, ошаған мен тікенінен, басқа да қоқымнан арылтады.

Одан кейін жүнді жуып, жақсылап кептіреді. Жуудың да əдісі бар. Жұлмалап, қалай болса солай жууға болмайды. Тұтастай жуып, күн көзіне жайып кептірген соң түту басталады. Түтуге де арнайы шеберлік керек. Іркіс-тіркіс етіп түтсе, кейін иіруге қиын болады. Біркелкі түткен дұрыс» дейді Ғафу апай күлімсірей сөйлеп.

Ұршық иіруге шеберлік керек

Көлеңкеде, ауылдың үлкен-кішісін қасына жинап, ұршық иіріп отыратын əжелерді көзіміз көре қалды. Немерелеріне «жүнді жақсылап түтсең, мұрныңнан моншақ түседі» деп қулана күліп отыратын сол кісілер жас ұрпақты да еңбекке баулудың ғажап əдісін меңгерген екен-ау. Жүнді түткеннен кейін оны шүйкелеп орап, шынашаққа іліп алып, сұқ саусақ пен бас бармақты іске қосып, шүйкеленген жүнді со-зып, ұршықпен иіреді. Неғұрлым жіңішке иірсе, соғұрлым иірген адамның шеберлігі көрінеді. Əсіресе, ботаның, тайлақтың жүнін жіңішке етіп иіріп, шекпен тоқитын болған. Оны ауылдың аса сыйлы, құрметті ақсақалдары киетін.

«Кілемге бергісіз алаша бар…»

Алаша тоқу – бірнеше айға созылатын күрделі еңбек. Ұршықпен иірілген жіпті ұршықтан төгіп алып, келептеп, керекті түстерге бояйды. Боялған жіпті көлеңке жерде кептіріп, қайтадан домалақтап ораған дұрыс. Алаша тоқитын үйге ауылдағы сыйлы, он саусағынан өнері тамған ісмер аналар жи-налып, кеңеседі. Өрмектің неше құлаш болуы керектігі шешіледі. Алашаның құлашы сегіз, он, он екіден аспайды. Ең басты түс астына түседі де, қалған түстер өрмектің үстіңгі жағына сана-лып, байланады. Əуелі далаға үш жерге қазық қағылып, домалақ жіптерді табаққа салып алған балалар өрмекке жүгіреді. Одан кейін өрмекті жинап алып, өрмек тоқитын бос бөлмеге апарып құрады. Жаңағы байланған күзеу жіпті жоғарыға іліп қою үшін ағаш немесе темірден үш аяқты мосы жасалады.

Ғафу Сафиқызының айтуынша, алаша қақпа, терме алаша болып бөлінеді. Қақпа алаша – ортасы-на арқау түсіп, əртүрлі түстермен жолақ етіп тоқылатын өрмек түрі. Терме алаша түрікпен теру, ара-лас теру, жүз теру, жапырақ теру, гүл теру болып бөлінеді. Қазақта «Кілемге бергісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша бар» деген сөз осы терме алашаға байланысты шыққан. Терме алашада шебер самаурын, құс тұмсық, қошқар мүйіз сияқты өрнектерді теріп, шығарады. Отыз бес жіптен жүз жіпке дейін саналып, теріледі, оны енді алаша тоқитын адамның шеберлігі біледі.

Теру ағашпен терілген жіптің арасына арқау өткізіліп, қылышпен қағылып, орнына түсіріліп отыры-лады. Жіпті теру үшін күзеу жіптің арғы жағында көтерме ағашы ор-наласады. Мосы бөлменің қақ ор-тасында тұрады. Оған жақындаған кезде жіпті теру, қылышпен қағу қиындап кететіндіктен, əлсін-əлсін өрмек бастапқы қалпына қарай ауыстырылып, құрылады. Он екі құлаш жүз теру алашаны тоқуға бірнеше ай кететін көрінеді. Алты құлаштан асқан кезде шебердің иығынан жүк түскендей болып, «өрмектің жүзі ауды» деп атап өтілетін болған.

Қолөнерге баулыған

Біздің кейіпкеріміз Ғафу Сафиқызы жолдасы Смағиланың жұмысына байланысты Гурьев қаласына көшкен кезде кішкене балаларының күтімімен үйде отырған ана болатын. Қолы іс білетіндіктен, үйге жақын мектептің қоғамдық жұмысына атсалысып, қолөнер бұйымдарын тігіп береді екен. Кейін мектеп басшылығы оны оқушыларды қолөнерге баулу мақсатында көркем еңбек технологиясы пəнінің мұғалімі етіп жұмысқа алады. Сөйтіп, жас ұрпаққа өзі əжесінен үйренген ісмерліктің небір үлгілерін үйреткен ұстаз -ананың қолында бүгінде ұлы мен келіні, немерелері бар, өзі зейнетте.

– Адам үлкейген соң денсаулық та бұрынғыдай болмайды екен. Əсіресе, көзден айырылғаным қиындау болды. Дегенмен, келінім – бір адал сүт емген асыл бала. Мені бағып, қағып, күтіп отыр. Өмір бойы іспен айналыстым, мүмкін, көзіме салмақ түскен де шығар деп ойлаймын. Бірақ, қазақ əйелінің қадірі – сол ісмерлігінде. Қолы іс білетін адам қарап отыр-майды. Кішкене құрақтардан құрақ көрпе тігіп, шəйнектің, құманның астына қоятын, отырғышқа төсейтін кілемшелер құрайды. Ол əрі əдемі, əрі үнемді. Өзі жа-самайтын əйел соның бəрін сатып алады. Сондықтан, баяғыдай жүн түтіп, жіп иіріп, алаша тоқымаса да, тігін машинасымен өзіне, ба-лаларына киім тігіп алса, қандай жақсы?! – дейді ардагер ұстаз Ғафу Сафиқызы.

P. S.

Бүгінде музейден ғана тамашалайтын құндылықтардың біріне айналған терме алаша тоқудың қыры мен сырын айтқан Ғафу ана сынды үлкендердің көзі азайып барады. Ұлттық рухтың айнасындай болған қазақтың қолөнерін сақтап қалып, болашақ ұрпаққа мирас етуіміз керек-ақ. Бүгінде әр қазақтың төрінде жаюлы қалы кілем алашаны ығыстырып шығарды. Анамыз тоқыған терме алаша жүктің ішінде жинаулы тұр. «Асылы, оны музейге тапсырғанымыз жөн болар» деп ойладым күзгі жапырақ жауынына қарап тұрып…

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button