Ұлттық ұлан жауынгерлері Атырауда бекіре тиелген жүк көлігін ұстады
Atr.kz/20 мамыр, 2019 жыл. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, балық «КамАЗ» автокөлігі кузовының астына жасырылған болып шықты.
Кеше сағат 15.30 шамасында «Бекіре-2019» жедел алдын алу шарасы барысында құрамында сержант Саят Бейсенов, қатардағы жауынгер Жігер Қалауов бар топ полицейлермен бірге «Печной» бекетінде аталмыш автокөлікті тоқтатқан. Автокөлікті қараған кезде кузовтың астынан екі полиэтилен ыдысқа салынған, салмағы 35 келідей бекіре тұқымдас балық табылды. Жүргізушіде балықты тасымалдауға рұқсат ететін құжат болған жоқ. Істі одан әрі қарау үшін жүргізуші полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Қазіргі кезде Атырау полиция департаменті ҚР ҚК 339-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.