«Біз Мұстафаның елінен келдік»

Біз Мұстафаның елінен келдік Жаңалықтар

Парижде бұл сөзді зор мақтанышпен айттық

Қазақстан  Республикасының  ширек ғасырлық мерейтойы құрметіне өз елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде, халықаралық деңгейде де тағылымды шаралар жалғасын табуда. Солардың қатарында Францияның мұнай және жаңа энергия көздері институты мен IFP Training орталығы бірлесіп ұйымдастырған «Мұнай өнімдері және оны өңдеу әдістері» тақырыбында өткен ғылыми-тәжірибелік  конференцияны атауға болар еді.

%d0%b1%d1%96%d0%b7-%d0%bc%d2%b1%d1%81%d1%82%d0%b0%d1%84%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b5%d0%bb%d1%96%d0%bd%d0%b5%d0%bd-%d0%ba%d0%b5%d0%bb%d0%b4%d1%96%d0%ba

Оған атыраулық  ғалымдар, атап айтқанда, Атырау мұнай және газ университетінің профессор-оқытушылар тобы да  қатысып, өз мандықтары мен бағыттары бойынша біліктіліктерін көтеріп қайтқан-ды. Іссапар барысында жоғарыда аталған институт директорының халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Юланда Рондот атыраулықтарды ресми түрде қабылдады.  Кездесуде екі  елдің  салалас жоғары оқу орындарында жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары талқыланып,  атыраулық  профессор Е.Ғилажевтың  жанар-жағар майдың  сапасы, оның әріптесі А.Ақжігітовтің мұнайдан сапалы май алу төңірегінде жүргізген жұмыстарының  нәтижелері таразыланып,  өзара бірлескен зерттеулердің маңыздылығына назар аударылды.

Көңілімізге қонған бір қуанышты жайт, жүздесу сәтінде 1923-1941 жылдары Францияның Ножан-Сюр-Марн қаласында тұрған ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, бүкіл әлем таныған қазақтың біртуар қайраткері Мұстафа Шоқайдың да өміріне қатысты ақпараттар таратылды. Одан кейін алыстағы Атырау елінен келген ғалымдар осындағы әріптестерімен бірге сол қалаға аттанды.

Бұл шаһар ел астанасы, атақты Эйфель мұнарасымен аты әлемге әйгіленген  Париж қаласының шығысындағы Марна өзенінің жағалауында, орталықтан – 10, ал,  біз дәріс алған Рюэль-Мальмезон қаласынан 30 шақырым қашықтықта екен. Мұның өзі Мұстафа Шоқайдың сол кезеңде  саяси эмигранттардың орталығы саналған Парижге таяу, жұмыс жасауға қолайлы шағын қаланы таңдағанын айғақтайды. Міне, сол тарихи мекенді аралай келіп, бір кездері   Мұстафа Шоқайдың өзі тұрған үйі жайғасқан Скуар до ла Фонтен көшесіне де жеттік. Екіге бөлінген ұзын көшенің бір бетіндегі мектеп және полиция бөлімшесі орналасқан жағындағы оның үйінің қасында биіктеу төбешік алыстан «мен мұндалайды». Бейне бір атамызға орнатылған ескерткіш-белгідей көрінді бізге.

Міне, осы жерде 2001 жылы сол мезгілде еліміздің Үкімет басшысы болған Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Франция Республикасындағы  төтенше және өкілетті елшісі Ақмарал Арыстанбекова және Ножан қаласының мэрі Жак Мартан Шоқайға арнап тасбелгі орнатыпты. Кейіннен Қазақстанның Мәдениет министрі қызметін атқарған  Мұхтар Құл-Мұхаммед келіп, тарихи тұлғаның мүсіні тұрған саябақты салтанатты жағдайда ашқан. Бұл нысан бүгінде Францияның картасына енгізілген. Айта кетеріміз, осы белгі Мұстафа Шоқайды еске түсіруге мүмкіндік беретін марқұмның Берлин қаласындағы бейіт басына орнатылған белгіден кейінгі Еуропадағы екінші тарихи ескерткіш болып табылады.

2015 жылы  Францияға  іссапармен  келген  Қазақстан  Республикасының  Мемлекеттік  хатшысы  Гүлшара Әбдіхалықова да осындағы Мұстафа Шоқай саябағына ат басын бұрып, бұл елге  арнайы келіп, қандастарымызбен кездесіп, осынау игілікті іске қазақстандықтардың  атынан алғысын білдірген.

Міне, осылайша, келесі кезек атыраулық ғалымдардың еншісіне  бұйырды. Біз де сонау замандарда ұлы ата-бабаларымыздың қанымен қорғалған Ұлы дала елінің өкілдері ретінде туған халқының азаттығы мен бостандығы жолында аянбай күрескен, сол мақсатқа бойындағы бар күш-жігері мен өмірін арнаған біртуар тұлғаның қаншалықты қадір-қасиеті болғанын, асыл бейнесі мен атқарған ісі өз жұртының ғана емес, өзгелердің есінде мәңгілікке сақталып, жұртының жадында жатталып қалғанын сезініп, терең тебіреніс үстінде болдық. Оның аруағына құран бағыштап, рухына тағзым еттік.

Сол сәтте жанымыздан өтіп бара жатқан мектеп оқушыларының да   Мұстафа Шоқай жайында  әңгімелегенін құлағымыз шалды. Оған қоса, жолдың жиегінде  тұрған көлік иелері бізге қарай жақындап, «Сіздер Қазақстаннан, осы кісінің елінен келдіңіздер ме?»  деп сұрағанда, бойымызды мақтаныш сезімі кернеп, төбеміз көкке жеткендей күй кештік. Француздардың да қазақ қайраткерін ерекше ілтипатпен құрметтейтіндіктеріне көзіміз жетті.

Екінші  дүниежүзілік соғыс басталған кезеңде Франциядан өзге елдерге қоныс аударған эмигранттарды қолдамаған М.Шоқайға француздардың «Сен неге кетпей, мұнда қалып қойдың?» дегеніне: «Мен үшін қымбат әрі қасиетті ең бірінші – туған жерім. Екінші – тұрған жерім. Мен осында келгенде өздеріңіз  жылы  қабылдап, қарсыладыңыздар. Қазір сіздермен бір қатардамын. Жауға бірге баруға даярмын. Франция – менің екінші Отаным!» деген жауабын естіген бұл елдің бүгінгі тұрғындары  оны қатты құрмет тұтады. Соған  тәуба қылдық.

Бір білгеніміз, Мұстафа атамыз да эмиграцияға кеткен кезеңінде Францияны бекерден-бекер таңдамаған. Белгілі тарихшы, «Әлем таныған тұлға» атты іргелі зерттеу еңбегінің авторы  К.Есмағамбетов жазғандай: «Париж М.Шоқайға саяси қызметін жалғастыруға барлық жағынан ыңғайлы көрінген». Өйткені, аталған қала большевизм идеологиясын қабылдамаған, соның ішінде бүкіл Түркістан азаттығы үшін күрескен эмигранттар жиналған-ды. Ножандағы үйінде Шоқай түркітілдес халықтардың белді өкілдері А.З.Валиди, Абдулкадыр  Инан, Садри Мақсуди, Элимардан-бей  Топчибашы  және  өзге де түрік халықтарының тарихы мен мәдениетінің білгірлерімен талай рет кездескен. Осында М.Шоқай Францияның Парламентімен байланыс орнатып, Ресейдің саясаты мен Түркістандағы саяси ахуал туралы материалдар дайындап, Кеңес өкіметі саясатының ертең өзге де Шығыс елдеріне салқынын тигізетінін ашық жазады. Расында да, қайраткер ойының озықтығы мен дұрыстығын тарихтың өзі  дәлелдеді.

М.Шоқай Францияда «орыс демократиясының»  Түркістан азаттығына кереғар пікірлерін анықтап, олардың бет-пердесін әйгіледі.

Тағы да әріптесіміздің пікіріне сүйенсек, нақ осы кезеңде қайраткерге «неміс агенті», «ағылшын агенті» деген жала жабушылар пайда болған. Соған қарамастан,  ол Берлинге, Лондонға, Ыстанбұлға, Прагаға, Варшаваға, Бухарестке, Женеваға, Гаагаға, Стокгольмге еркін шығып, ірі-ірі кездесулерге қатысады. М.Шоқай  Францияда  жүріп барша түрік халықтарының азаттығы үшін күрескен «Түркістан  ұлттық  бірлігі» ұйымының жұмысына да белсене араласып, оның Конгрестерін ұйымдастырады. 1939 жылы 24 наурыз–2 сәуір аралығында Берлинде өткізілген Конгресте М.Шоқай төраға болып сайланады. Жиында Түркістанды орыс үстемдігінен құтқару, тәуелсіз, ұлттық Түркістан мемлекетін құру тәрізді маңызды міндеттер алға қойылады. Парижде тұрып-ақ М.Шоқай осындай бағдарламаларын еш жасырмай, Берлинде шыққан «Йени Түркістан», «Яш Түркістан» журналдарында жариялайды. Ол турасында қайраткер «Мен бұл істі өзімнің тұрақты мекеніме қарай ауыстырғым келіп еді, бірақ ол өте қымбатқа түсетін болды» деп мойындаған. Журналдар Үндістан, Ауғанстан, Сирия, Финляндия, Франция, Италия, АҚШ, т.б. көптеген елде қолдан-қолға таралып, оқылған. Бір сөзбен айтқанда, Францияда Мұстафа Шоқай күллі  түркі  әлемінің қолдаушысы, дем берушісі  ретінде дүние жүзіне танылады. Оның үстіне  М.Шоқайдың Лондонға бірнеше рет барып, Король институтында Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыстар туралы баяндамалар жасауының өзі әлем таныған қайраткерге айналғанын айғақтайды.

Біздер үшін ең бір маңыздысы да құндысы – жат жерде атамызға көрсетілген осындай құрметті барша қазаққа жасалған құрмет деп ұғынғандығымыз. Әрине,  мұның барлығы ел Тәуелсіздігінің, еркіндікке ұмтылған егемендіктің арқасы! Олай болса, «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек үгіт-насихат ісімен ғана айналысар едім» деп армандаған М.Шоқай халқымызбен бірге мәңгі жасайтындығы даусыз.

Әбілсейіт  МҰҚТАР,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз