Ұлттық ойындар ұмытылмауы тиіс (+ФОТО)
Atr.kz/ 17 сәуір, 2019 жыл. Ұлы даланың жеті қырының бірі ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлеріміз болып табылады. Оларды дәріптеп, өскелең ұрпақ санасында жаңаша мазмұнда қайта жаңғырту – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің және маңызды міндеттерінің бірінен саналады.
Жақында «Елсана» руханият клубының Атыраудағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының, сондай-ақ, жалпы білім беретін мекемелердің басшылығымен бірлесіп, қала маңындағы «Құлагер» демалыс орталығында ұйымдастырған тағылымды шарасы да осы тақырыпқа арналды. Оған 2 университет пен 8 колледждің студенттері және 16 орта мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты.
Жастарды ұлттық ойын мен халықтық салт-дәстүрлерге ұйыта отырып, олардың арасындағы достықты, ынтымақтастықты және бауырластықты нығайту мақсатын көздеген шарада аймақтық ұлттық ойындар қауымдастығының төрағасы, облыстық ат спорты федерациясының басшысы Өнербек Жанбала қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі. Демеушілердің бірі – «Займар сауда» ЖШС-нің атынан жеке кәсіпкер Әлібек Мәдиев киіз үй тігіп, аспаздар келушілерге өздері әзірлеген дәмді палауын ұсынды. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ұжымы өздері дайындаған сазды сәлемін жолдаса, «Теңіз толқыны» ұлт-аспаптар ансамблі күйлерін күмбірлетті.
Мұнан кейін тартысты сайыстарға кезек берілді. Оқу орындарынан келген жастар арқан тарту, қазақ күресі, ат үстінде аударыспақ, ләңгі тебу, асық ойнау, кір тасын көтеру, білек күшін сынасу тәрізді ұлттық ойын түрлерінен өзара сынға түсті. Жетекшілерінің жинаған дипломдары мен ұпайларын есептеу нәтижесінде, бәсекеде бағын сынаған топтар арасынан «Абылай хан» бірінші, «Қабанбай батыр» екінші және «Исатай батыр» үшінші жүлделі орынды еншілеп, жеңімпаз танылды. Соңынан халқымыздың салт-дәстүрлерінен сахналық көріністер қойылып, қазақтың «Қара жорға» биі биленді.
Дәулетқали АРУЕВ