Ұлт Көшбасшысы салған көреген саясат заңды жалғасын табуы тиіс
Atr.kz/ 9 сәуір, 2019 жыл. «Бұл Конституциялық заңдылықтарға сәйкес ел халқына хабарланған оңды шешім екені анық» дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайфолла САПАНОВ «Atr.kz»-ге берген сұхбатында.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Үндеуінде биыл 9 маусымда елімізде кезектен тыс Президенттік сайлау өтетінін мәлімдеді.
Елімізде бүгінге дейінгі сайлаулардың барлығы халықаралық нормаларға сай, Ата заңымызға сәйкес өтіп, ешбір құқық бұзушылықтар орын алған жоқ. Ендігі уақытта өтетін кезектен тыс сайлау да өз дәрежесінде болуы тиіс. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлауға байланысты негізгі үш басымдықты атап өтті. Олар: сайлаудың ашықтығы, таза және әділ болатынына кепілдік. Бұл айтылғандар халықаралық қауымдастық тарапынан да қолдау табады деп ойлаймын.
Біздің дана халқымыз – нақтылықты, әділдікті ту еткен халық. Бұл ретте Президенттікке үміткерлер саясаттан тыс адам болмауы қажет. Осы тұрғыда Президенттік лауазымның қаншалықты жауаптылығын түсінген билікте жүрген көшбасшылар кезектен тыс өтетін сайлауға қатысады деген үміттемін. Президент өз Үндеуінде «Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз – біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек» деп баса айтты.
Расымен де, бұған дейін қандай жетістікке жетсек те, мұның бәрі – Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі мен еліміздегі саяси тұрақтылықтың сақталуының көрінісі. Ендігі уақытта да ата-бабаларымыз арман еткен асыл қазынамыз – тәуелсіздікті жалғап, бірлік пен бірлігімізді бекемдей түсуіміз қажет. Төртеу түгел болса ғана төбедегі келетінін қашан да естен шығармау маңызды. Осы орайда Президенттікке үміткерлер де бұл басымдықтарға баса назар аударуы аса қажет.
Жалпы, Қазақстандағы соңғы саяси өзгерістер Конституциялық ережелерге сәйкес орын алуда. Бұл ретте Ұлт Көшбасшысы салып берген көреген саясат алдағы уақытта да заңдылық шеңберінде ғана өз жалғасын таба береді деген сенімдеміз» дейді спикер.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА