Бағаны аспандатқан құрманғазылық таксистердің заңсыз әрекеті жолаушылардың наразылығын тудырды

Жаңалықтар

Сенбі,тамыз айының 28-і күні Атырау қаласынан Құрманғазы ауданына қатынайтын таксилер жолға шықпай қалды. Ал, жолаушылар болса азаннан кешке дейін сол таксилерді торуылдап күтумен болды.

Сөйтіп, əшейінде «Ганюшкинге жүретін адам бар ма деп алақайлап алдыңнан шығатын таксишілер бұл күні сап тиылды. Оның үстіне, жолақыны да 5-6 мың теңге қылып, бұрынғысынан екі есеге көтеріп алған. Мұны екінің бірінің қалтасы көтермесі белгілі. Жақында ғана Атырау-Д.Нұрпейісова теміржол бекеті аралығына қатынайтын жолаушылар пойызының шыққаны да мəлім.

Оның бағасы айтарлықтай арзан əрі жүріске жайлы болғанымен, жолға кететін уақыты ұзақтау. Əрі жол жүретін адамдардың ыңғайына келе бермейді. Сол себепті, қолайсыздығына қарамастан, жолаушылардың бірсыпырасы баратын жеріне бұрынғысынша таксилетіп жетуді қалайды. Алайда, жолда тартатын азабы аздай, оның үстіне бағасын да аспандатып қойған.

Десек те, жоғарыда айтқанымыздай, оны төлеуге, сөйтіп «Қазаншының өз еркіне салынған таксистердің сұрағанын беріп, айдағанына көнуге бəрінің бірдей жағдайы тарта бермейді. Содан да болса керек, бірінің қымбат​ жолақыны төлегісі, ал екіншісінің арзанға апарғысы жоқ.
Мəселенің мəн-жвйын білу мақсатымен Құрманғазы ауданының əкімдігіне хабарласқанбыз.

Аудан əкімінің кеңесшісі Наурызбай Бисенғалиевтің айтуынша, жасыратыны жоқ, бұл екі ортада заңды такси қызметімен айналысушылармен қатар,​ заңсыз қызмет​ көрсеушілер де бар екен. Тəжірибе көрсетіп жүргеніндей, көбінесе бағаны осылайша ойына келгенін істеп, күрт көтеріп алу (əсіресе, демалыс, мереке күндерінде) фактілері де негізінен осы заңсыз, яғни ешқандай патент, рұқсат қағазынсыз жолаушы тасымалдаушылардың тарапынан кездеседі.

«Осы жағдайларды негізге бірнеше мәрте өкілді, құзырлы мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, бірнеше рейдтік тексерулерді де жүргіздік.​ Əйтсе де, кейбір заңнамалық актілердің талаптары бойынша оларды əкімшілік жауапкершілікке тартып, шарасын алуға келгенде, тіліміз сайрағанымен қолымыз байлаулы болып тұр.
Бұған бір жағынан заң талабы тежеу болса, екіншіден таксиде отырған азаматтар, өзара келісіп алып, бұл такси емес, танысымыз немесе туысымыз дегенді желеу етіп, мəселені тым жеңілдетіп жібереді.

Мұның өзі əлгі заңды қонышынан басып жүрген таксистердің «оң жамбасынан»​ келетіні айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, қазіргі уақытта «Атырау – Астрахан» магистралды тас жолының күрдеоі жөндеуден өткізу жұмыстарының жүргізілуі себепті, таксиден басқа жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көлікті ұйымдастыру мүмкін болмай отыр. Осыны оңтайлы пайдаланып қалуға тырысқан таксистер болса, ойларына келгендерін істеп бағуда.


Сайып келгенде, таксистердің заңсыз əрекеті жолаушылардың наразылығын туғызып, істі насырға шаптырып жібере жаздағанын да жасырмаймыз. Əрине, солай екен деп мұны назардан тыс, бақылаусыз қалдыруға болмайтынын да жақсы түсінеміз» дейді аудан əкімдігінің өкілі.

Дәулетқали Аруев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз