Үкіметтік емес ұйымдарға үміт мол

img 20200812 wa0026 Жаңалықтар

Atr.kz/12 тамыз, 2020 жыл. Әлеуметтік-экономикалық, құқықтық мемлекет пен дамыған азаматтық қоғам құруда ортақ мақсаттарға жету үшін жан-жақты бірлесе жұмыс жасаудың стратегиясын әзірлеу қажет. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова Атырау қаласындағы үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен кездесуінде баса айтты.

– Біз үшін қоғамның маңызды мәселелерін бірігіп шешуде үкіметтік емес ұйымдардың тарапынан ұсынылатын пікірлерді тыңдау өте маңызды. Бұл ретте біздің жұмысымыз ашық, әрі қолжетімді. Осы орайда барлық үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасауға дайынбыз. Сондықтан, шешімін күткен басты міндеттерге, проблемаларға үнемі айрықша назар аударамыз, – деді Бақытгүл
Қайыржанқызы.

Кездесу барысында бірқатар мәселелер айтылып, олардың шешілу жолдары
туралы да талқыға салынды. «Айтыс» қоғамдық қорының жетекшісі Абылай
Құрметұлы қоршаған ортаны қорғау мақсатында бастау алған #TrashTagAtyrau челленджі туралы айтты. Оның айтуынша, аталмыш челлендждің экология саласында қоршаған ортаның тазалығы үшін күресуде маңызы зор. Ал, бұл
мақсатты іске асырып, қаланы көгалдандыру жұмыстарында әкімдіктің қолдаушы аса маңызды.

Қоғамдағы бірқатар проблемаларға назар аударылған басқосуда мүмкіндігі
шектеулі жандар мәселесі де назардан тыс қалмады. «Атырау облыстық
мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі М.Кулушева аймақтағы осындай мұқтаж жандарға көрсетілетін көмектің теңдей бөлінуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Сондай-ақ, әлеуметтік көмекті қажет ететіндерге азық-түлік қолжетімді бағада сатып алатындай арнайы дүкендер ашу керектігін жеткізді.

Бұдан басқа, Атырау қаласынан оңалту орталықтарын ашу, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеу жұмыстарын қолға алу, олардың қалада еркін қатынауы үшін «Инватакси» қызметін одан әрі жандандыру мәселелері сөз болды. Халықтың әлеуметтік осал топ өкілдеріне психологиялық және әлеуметтік қолдау
көрсету, Атырау қаласындағы балаларды спортқа баулу мақсатында арнайы спорт интернатын ашу секілді ұсыныстар да айтылды.

Айта кету керек, қазіргі кезде облыста 657 үкіметтік емес ұйым тіркелген.
Олардың 532-сі Атырау қаласында болса, аудандардағыларының саны – 125. Бүгінде 63 үкіметтік емес ұйым белсенді қызмет атқаруда. Алдағы уақытта олардың барлығының жұмысын жандандыру қажет етіледі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз