
Үкімет Жолдауды іске асыру жоспарын қабылдап, жолдағы қауіпсіздік мәселелерін пысықтайды
Бүгін сағат 16:00–де Үкімет отырысы өтіп, онда Министрлер кабинетінің мүшелері 2 маңызды мәселені талқыға салады, — деп хабарлайды kazinform.kz.

Атап айтқанда, министрлер алдымен Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын қарайды.
Одан кейін жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін пысықтайды. Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясына ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап береді.
Естеріңізге сала кетсек, 9 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру жолдары талқыланған еді.
Сол кезде Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет жаһандық бәсекеге қабілеттілігі жоғары экспорттық өндірістер құру бағытында автомобиль жасау, теміржол машиналарын жасау, химия өнеркәсібі және мұнай-химия, сирек кездесетін металдарды қоса алғанда минералдық-шикізат базасын толықтыру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу сияқты перспективалы бағыттарды айқындап отырғанын айтқан болатын.
Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, оқушылар мен студенттер үшін TUMO, Tomorrow School, AI Sana және AI OLYMP бағдарламалары, сондай-ақ Day of AI бастамасы енгізіліп жатыр.
Мемлекеттік қызметшілер үшін AI Qyzmet бағдарламасы жұмыс істейді, квазимемлекеттік секторда AI Corporate іске қосылады, ал ауқымды аудитория үшін Tech Orda және Qazqoders және Yandex курстарын қоса алғанда, онлайн-курстар мен акселерациялық бағдарламалар қолжетімді.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында дәрігер мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын арттыру бағытында министрлік облыс әкімдеріне «Отбасы банкпен» бірлесіп, 2026 жылы әсіресе кадр тапшылығы өте жоғары өңірлерде дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету ұсынылатындығын айтты.
— Сонымен қатар, «Қазақтелекоммен» және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қаматмасыз ету мақсатында, 2100 жедел жәрдем бригадалары және 644 стационардың қабылдау бөлмелері видеобақылаумен қамтамсыз етіледі. Осылайша Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындау үшін жан-жақты шаралар қабылданады, — деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Еңбек ресурстарын дамыту орталығының базасында көші-қон ағыны мәселелері жөніндегі талдау орталығы құрылып жатқанын айтты.
Мұнан бөлек Migration.Enbek.kz көші-қон процесі туралы портал жұмыс істеп тұр. Портал шетелдік жұмыс күшінің қозғалысын, қандастарды тіркеу, есепке алуды қоса алғанда, ел ішінде де, одан тыс жерлерде де еңбек ресурсты қозғалысына байланысты бизнес процесті автоматтандыруға мүмкіндік берді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Бағдарламаның мақсаты — студенттерді жасанды интеллектіні экономиканың түрлі салаларында қолдануға үйрету, стартап ашуға және кәсіпкерлікке баулу. Ол бағдарлама төрт кезеңнен тұрады:
Бірінші, барлық студент Coursera, Huawei және Astana Hub платформаларында жасанды интеллект негіздерін меңгереді.
Екінші, арнайы бағдарлама арқылы студенттер кәсіпкерлікті, жасанды интеллектіні түрлі жобаларда қолдануды және жаңа идея ойлап табуды үйренеді.
Үшінші, студенттер өз жобаларын жасап, менторлар мен сарапшылардың қолдауымен дамытады.
Төртінші, үздік жобалар стартапқа айналып, халықаралық деңгейге шығады.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов туризм саласын дамыту үшін заңнаманы жетілдіру жұмысы қолға алынғанын тілге тиек етті.
— Әкімдіктерге елді мекендерден тыс аумақта, соның ішінде ұлттық парктерде туристік инфрақұрылым салу құқығы берілді. Фермерлерге ауыл шаруашылығы жерлерінде жеңіл құрылыстар мен аз қабатты қонақүйлер салып, агротуризммен айналысу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, — деді министр.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2030 жылға қарай елде ірі қара мал саны 12 млн-ға, ұсақ мал басы 30 млн-ға жеткізілетігін атап өтті.
Оның айтуынша, банктерден мына бағыттарда қаржы тартылады:
5%-дық жеңілдетілген кредит беруді тауарлық шаруашылықтарға, құс фабрикаларына және өзге де бағыттарға кеңейту;
Ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымды мал басын сатып алуға арналған «ұзақ мерзімді» жеңілдетілген қаржыландыруды енгізу;
«Даму» институты арқылы қамту деңгейін 80%-ға дейін кепілдік беру тетігін енгізу.
Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов барлық ведомствоға нақты тапырмалар жүктеді.
— Президент атап өткендей, мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрлық тәсіл азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз етіп, ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттырады. Жаппай цифрландыру әртараптандырумен қатар, экономиканы кешенді түрде жаңғыртуға және Қазақстанды жаһандық аренада бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытуға ықпал етеді. Үкімет Жолдауда айтылған міндеттерді жедел орындауға бар күш-жігерін жұмылдырады, — деді Үкімет басшысы.