Үйінің ауласында есірткі өсіріп келіпті
Atr.kz / 9 шілде, 2020 жыл. Атырау облысының тұрғыны үйінің ауласында қарасора есірткі өсімдігін өсіріп келген.
«Атырау қаласының маңындағы Химиктер поселкесінің тұрғыны үйінің ауласында құрамында есірткі заттары бар өсімдіктің 4 түбін өсірген. Полиция қызметкерлері ауланы тексеру кезінде есірткі шөбін тапты. Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігімен (құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», — деп хабарлады Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ «Қарасора-2020» рейді басталғалы полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы (Есірткі заттарын сату), 296-бабының 2-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) және 300-бабы (Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) бойынша 10-нан астам дерек анықтаған. Тергеу амалдары жүргізілуде.
«Биылғы 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2020» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның негізгі мақсаты – есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымын анықтап, жабайы қарасораның заңсыз саудасына тосқауыл қою» — дейді Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
«ҚазАқпарат»