Үйден отырып жұмыс істеудің қолайлылығын мемлекеттік қызметшілердің 57 %-ы қолдап отыр
Аtr.kz/7 мамыр, 2020 жыл. ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің бастамасымен «Мемлекеттік қызметшілердің қашықтықтан жұмыс істеуі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Шараны ұйымдастырушы – Агенттіктің Атырау облысы бойынша департаменті конференцияны онлайн форматта өткізді.
Аталған шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушылық комитеті төрағасы Әлихан Бәйменов, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің өкілдері қатысты.
Халықаралық конференция мемлекеттік қызмет саласындағы қашықтықтан жұмыс істеудің халықаралық және отандық тәжірибелерін пысықтау және тиімді ұсыныстарды әзірлеуге бағытталды.
Шара барысында Грузия, Әзірбайжан елдерінің мемлекеттік қызмет саласындағы белгілі сарапшылары, АҚШ-тың корпоративтік сектор өкілдері, сонымен қатар отандық сарапшылар спикерлер ретінде сөз сөйледі.
Конференцияға қатысушылар шетелдік тәжірибені таныстыра отырып, қолданыстағы тәжірибе негізінде қашықтықтан жұмыс істеудің тиімді тұстары мен кемшіліктеріне, материалдық жауапкершілік пен ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Бұдан бөлек, шараға қатысушылар, Еуропалық Одақ пен АҚШ тәжірибесін ескере отырып, қашықтықтан жұмыс істеу институтын жетілдіру қажеттілігін атап өтті.
Қазіргі уақытта карантин енгізілген сәттен бастап елімізде 70%-ға жуық мемлекеттік қызметшілер қашықтықтан жұмыс істеуде.
Конференция барысында, пандемия жағдайында қызметкерлердің еңбек тәртібін сақтауын қадағалау мақсатында геолокация функцияның қолданылуы, яғни қызметкердің жұмыс уақытындағы орналасқан орнын (қозғалысын) қадағалау тәжірибесі атап өтілді.
МҚІА Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Мүксімов облыстың 1200 мемлекеттік қызметшісі арасында қашықтықтан жұмыс істеу туралы жүргізілген сауалнама қорытындысымен бөлісті.
«Сауалнамаға қатысқан мемлекеттік қызметшілердің 77% қашықтықтан жұмыс істеу барысында өзін-өзі дамытуға уақытының көбейгенін алға тартса, 57% шығармашылық және интелектуалдық мүмкіндіктері мен қабілеттерінің артқанын байқаған. Респонденттердің 16 % қашықтықтан жұмыс істеуге – кішкентай балаларының, ал 5% — өзге отбасы мүшелерінің кедергі келтіретінін көрсетсе, 15 % — өзін-өзі қолға алудың қиындағанын атап өткен.
Мемлекеттік қызметшілердің отбасы мүшелерінің 92% қашықтықтан жұмыс істеуге «өте жақсы» және «жақсы» деген баға берген. Алайда, мемлекеттік қызметшілердің бұл мәселеге қатысты өз көзқарасы әрқилы. Үйден отырып жұмыс істеудің қолайлылығын мемлекеттік қызметшілердің 57 % қолдап отыр», — деді ол.
Конференцияға қатысушылардың пікірінше, қашықтықтан жұмыс істеуге көшудің пайдасын әртүрлі сауалнамаларда қаржылық ресурстарының үнемделгенін, еңбек өнімділігінің мен мотивацияның артқанын байқаған тек мемлекеттік қызметшілер ғана көріп отырған жоқ.
Қашықтықтан жұмыс істеу мемлекеттің шығындарын да қысқартуға, оның ішінде электроэнергияны үнемдеу, байланыс құралдары мен кеңсе техникасына жұмсалатын шығындардың азаюына септігіні тигізіп отырғандығы белгілі болды.
Конференцияда жаһандану мен ақпараттық-байланыс жүйелерінің дамуы кезеңіндегі қазіргі заман ағымының талабына сай келетін жұмыспен қамтудың ыңғайлы жаңа түрлерінің қажеттілігі баяндалды.
Қазақстанда төтенше жағдай кезеңінде кейбір мемлекеттік қызмет түрлері қысқа уақыт ішінде электронды форматқа ауыстырылды. Мемлекеттік органдардың азаматтармен байланысы цифрлық кеңістікке ауысты.
Өз еліміздің тәжірибесі көрсеткендей, мемлекеттік қызметшілердің ақпараттық жүйелерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесін орталық деңгейде толықтай шешілсе, өңірлердегі жағдай одан әрі жетілдіруді талап етеді.
Конференция соңында, оған қатысушылар мемлекеттік қызметтегі қашықтықтан жұмыс істеу бағытында дереу қолға алынған шаралар негізінде инфекцияның таралуына жол берілмей және мемлекеттік органдарға жүгінетін азаматтар мен басқа да қызметкерлердің өміріне төнген қауіп сейілгенін атап өтті.
Өз кезегінде, Қазақстанның электронды үкіметті дамыту саласы бойынша бірнеше жыл бойы БҰҰ тарапынан жоғары бағаға ие болған жетістіктері мемлекеттік аппараттың азаматтармен өзара үзіліссіз қарым-қатынасын дамытуға маңызды әсерін тигізді.