zhastar foto

ҮЙСІЗ-КҮЙСІЗ, ЖҰМЫССЫЗ… жастар қайтып күн көрер?!

Жаңалықтар СарапTime Қоғам

Atr.kz/30 шілде, 2019 жыл. Биыл – Жастар жылы. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларында жүктелген міндеттерге сәйкес, өңірде «Жасыл ел», «Жастар – ауылға!», «Дипломмен – ауылға!» атты бағдарламалар нәтижесін беруде. Бұған Атырауда 4,5 мыңнан аса жас өз үлестерін қосып келеді. Жастарды баспанамен қамту мәселесі де облыс басшылығының үнемі назарында. Өткен үш жылда 579 жас жанұя пәтерлі болды. Білім гранттарының саны жылма-жыл артып, жастардың елімізде, оның сыртында да білім алуына кең жол ашылды. Бірақ…

Алайда, үнемі жаңаруды қажет ететін жастар мәселесінде ойға түйіп, шара қолданатын  проблемалық жәйлар да аз емес. Бұдан аяққа тұсау, қолға кісен болар біраз кедергілер мен кемшіліктерді аңғаруға болады.

1. Жастар неге жұмыссыз?

Арнайы топпен жүргізілген талдау нәтижесі көрсеткендей, аймақта жүргізіліп жатқан идеологиялық жұмыстар жастардың барлық категориясын қамтымайды. Ауыл мен қала жастары арасындағы берік байланыс жойылып барады. Міне, ауылға тұрақтай алмаудың да бір себебі – осы. Қағазды бәрі «қатып» тұр, яки айтылатын сөз көп, нақты іс жоқ. Оны былай қойып, қарапайым мысал келтірсек, жергілікті әкімдер, мекеме, қожалық басшылары жас маманға жағдай жасаудың орнына «сені кім шақырды?» деп қысым көрсететінін қайтерсіз?

– Соңғы жылдары дипломмен  ауылға  келген 127 маманның  63-і үйі мен күйі келіспеген соң, келген ізімен кері кеткен. Бүгінде ауылдарда газ бен су құбырлары тартылып, жол салынған, басқа да инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Мәдениет үйлері мен спорт ғимараттары, дәрігерлік бекеттер бой көтерген. Әйтсе де, ондағы жастар жағын мәдени-көпшілік және спорттық шаралар аса қызықтырмайды. Ал, кітапқұмарлар клубы мен спорттық үйірмелер негізінен мектеп оқушыларынан құралады, – дейді облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов.

Қазіргі таңдағы ең күрделі мәселе, жоғары оқу орындарын, колледждер мен дайындық курстарын бітірген жастар жұмысқа орналаса алмайды. Алға бір қадам басқан сайын, етектен тартып, жағадан алған кедергілер күтіп тұрады. Кей жағдайда олардың өзі де «қолдан» жасалады. Мәселен, жұмыс берушілер қоятын талаптар – ересек өмірге енді қадам басқандар үшін алынбайтын қамалдай. Еңбек өтілі, тәжірибесі, тіл білуі және басқалары сұралған кезде көбінің сағы сынып, амалдың жоқтығынан сатушылық, күзетшілік, даяшылық қызметке тұра салады. Сөйтіп, қызыл-көк дипломдар қалтаны да, қарынды да қампита алмай, шаң басқан сөрелерге жайғасады…

Статистика көмегіне жүгінсек, өткен жылы әлеуметтік сала бағытында 1551 жас даярлықтан өткен екен. Бұған бюджеттен қыруар қаржы жұмсалды. Бірақ, көбісі мамандықтары бойынша жұмысқа барудан бас тартыпты. Арасында оқшаулау мекемелерінен босап  шыққандары да бар.

Жасыратын несі бар, мәселенің екінші ұшы жастардың өзіне де тиеді. Олар еш тер төкпестен мол табыс табуға, шетелдік кәсіпорындарда еңбек етуге құмар келеді.

Бұл сөзімізді санақ көрсеткіштері де дәлелдейді. Елімізде 2 миллионға жуық жастың өз мамандығымен жұмыс істемейтіндігі тіркелген. Себебі, кейбір ата-аналар баласын нарықтағы сұранысы төмен экономист, заңгер мамандықтарына оқуға беруге әуес. Олардың төлемі қымбат болғандықтан, бұл жоғары оқу орындары үшін өте тиімді. Ал, ең қажетті ауылшаруашылық, мұғалімдік, дәрігерлік мамандықтарға ешкім қызығар емес.

– Өкінішке орай, мектеп түлектерімен кәсіби бағыт-бағдар жұмыстары жөнді жолға қойылмаған. Соңғы жылдары пайда болған жаңа мамандықтар назардан тыс қалып келеді. Құрылысшы, сантехник, кафель жапсырушы, дизайнер, көлік жөндеушілерге сұраныс жоғары, бірақ, талпыныс төмен. Өңірде құрылыс, жол, коммуналдық, тазалық жұмыстарынан басқасын өзбек пен қарақалпақ ағайын тындырып жатыр. Тіпті, тірімізге үй-жай, өлгенімізге мола тұрғызатын да – солар.

Жастардың шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы үлесі де төмен. Оларды жаңа жұмыс орнын құру мен қолжетімді несие бөлу арқылы қолдау шаралары да мардымсыз. Ал, шындығына келгенде, жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, оларды өңірдің әлеуметтік-экономикалық және саяси-қоғамдық өміріне  тарту – облыстық жастар саясаты басқармасының басты міндеті болуға тиіс, – дейді М.Сақтайұлы.

Туризм – табыс көзі

Жұмыссыздықты жоюдың бір жолы – бизнесті дамыту. Ал, оны алға бастыратын бір сала болса, ол – туризм. Бүгінде демалысын ойлаған атыраулықтардың бірі Анталия асса, екіншісі Ыстықкөлде демалғанды жөн санайды. Осындайда «өзіміздің Атырауда демалуға болмай ма?» деген сұрақ туындайды. Бұл мәселе газетімізде сан мәрте көтеріліп, сан жазылды. Қанша жылдан бері жыр болып келе жатқан бұл сала әлі де тоқырап тұр. Басты себеп – «инфрақұрылым, жол, қонақүй жоқ» деген уәж.

Мысал ретінде Монғолия елін алып қарайтын болсақ, онда Еуропа мен жапондық туристер легі ағылып келуде. Неліктен? Себебі, олар табиғи қаймағы бір бұзылмаған мәңгілік мұраларды көргісі келеді. Сол үшін де ұзақ жол азабын тартып, тіпті, жаяу не атпен баруға да дайын. Ендеше, бізге де туған өлкенің табиғаты мен тарихи-мәдени мол мұрасын өзгелерге паш етуге не кедергі?

Өзіміздің саятшылық, бәйге, көкпар, жамбы ату, аң-құс алу, балық аулау секілді жергілікті құндылықтарымызды неге дәріптемеске? Жас буынға дәстүрлі өнер мен ұлттық өнерді насихаттасақ қандай жақсы?

Әлем назарын өзіне аударған атақты Мальдив аралдарының әсем табиғатын Забурыннан да кездестіруге болады. Су түбін тереңдету арқылы атақты аралдың қонақүйлеріне әдемі жол салынған. Ондағы геологиялық ерекшелік Забурынның сипатына сәйкес келеді. Өйткені, мұнда да су біртіндеп тереңдейді. Оның асты қайраң, құмы ақ. Шомылу мерзімі аяқталған соң, балық аулауға болады. Осы ретте, Исатай ауданы әкімдігінің мамандары Забурын шығанағын демалыс аймағына айналдыру үшін кәсіпкерлерді тарту керектігін айтады. Сөйтіп, бұл жерден балалар лагерін ашу ұсынылып отыр. Бірақ, ол үшін қомақты қаражат керек.

– Аққыстаудан батысқа қарай екі шақырым жүрсеңіз, архитектуралық ескерткіш – «Таскран» шекаралық мұнарасына тап боласыз. Ол өткен ғасырдың жетпісінші жылдары самантас пен қамыстан тұрғызылған. Қанша уақыт өтсе де, сол қалпында сақталған ол туристерге де ерекше әсер етері хақ. Теңіз самалымен тыныстағысы келетіндер үшін бұл – таптырмас орын. Суға түсу маусымы мамыр айынан қыркүйекке дейін созылады. Маса, сона деген атымен жоқ. Шығанақтан кем дегенде екі-үш қонақүй салу керек. Егер бір қонақүйдің өзінде 25 қызметкер болатынын ескерсек, Забурын мен Исатай ауылдарының тұрғындарын жұмыспен қамтуға зор мүмкіндік туар еді, – дейді осындағы кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Рафиғат Тәжиденова.

Аққыстау ауылының солтүстік-батысында, Жанбай каналының бойында орналасқан тоғайда жидек пен жыңғылдар қаптап өскен. Кең жазыққа өсе бермейтін олар 72 гектар орман алқабын құрап, далаға ерекше сән беруде. Бұл аумақты мемлекет ресми түрде өз қорғауына алып, демалыс нысанына айналдырса, нұр үстіне нұр. Сол сияқты, Мыңтеке құмы да алыстан көз тартады. Су астының тап-таза болуы Біріккен Араб Әмірлігіндегі Дубайдың табиғатына өте ұқсас келеді. Тек туризмді дамытамыз екен деп ретсіз жер бөліп, түрлі сауда нысандарын салуға жол бермеу керек.

Теңіз жағасын кәсіп көзіне айналдырамын дейтін жандар болса, мархабат. Тек, бір қиындығы, заң бойынша, ешкімге өз бетімен инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге, кемелер айлағын салуға, су жолын тереңдетуге, теңіз түбін қазуға рұқсат етілмейді. Міне, алдымен, осы мәселені шешіп алған жөн-ақ. Мамандар мұнда биыл «Жасыл ел» жастар еңбек жасағымен көгалдандыру жұмыстарын бастауға ниетті.  

2. Жасөспірімдер жасаған қылмыс

Бүгін де жұмыссыздық жастарды қылмыс жасауға итермелеп отыр. Осындай пікірді келтірген мамандар жастар мәселесінде әлі де зерделі зерттеуді талап ететін тұстар бар екенін айтады. Тағы да статистика тілімен сөйлер болсақ, соңғы екі жылда 18-29 жастағылар тарапынан 2981 қылмыс тіркелген. Соның 2051-сі орташа, ауыр және  аса ауыр. Әсіресе, Атырау қаласында, Жылыой мен Индер аудандарында ауыр қылмыстар қатары өскен. Оның ішінде, кәмелет жасқа толмағандар 286 қылмысқа жол берген. Жаға ұстатар көрсеткіш өткен жылы 2016 жылмен салыстырғанда облыс орталығында 23-ке, Жылыойда бесеуге артқан.

«Ауыр» деп отырған қыз зорлау, тонау, ұрлық, бұзақылық, бопсалау деректері негізінен жасөспірімдерге тиесілі екен.

Демек, алда олардың құқықтық мәдениетін арттыру міндеті тұр. Жасыратын несі бар, күнделікті көше бойына зер салсаңыз, телефонға телмірген күйі қоғамда болып жатқан құбылыстарға пысқырып та қарамайтын жастарды көресіз. Ғаламтор «ғажайыбы» бүгінгі күннің естен тандырар есірткісіне айналды. Жастарды былай қойғанда, оларға басу айтуы тиіс ата-ананың өзі әлеуметтік желіден шықпайды. Ақыры, көз жанарын тауысып, омыртқасы мен қан айналымына зақым келтіреді. Соңғы кезде семіздік ауруына шалдығушылар қатарының күрт өсуі де, міне, сондықтан.

Дәрігерлердің айтуынша, балғын бүлдіршіндердің өзінде енжарлық, жауапсыздық, қатыгездік фактілері белең алуда. Сөзімізге дәлел, Талдықорған қаласындағы 11 сынып оқушысы өзінің туған анасын асқан қатыгездікпен өлтіргенін қалай түсінуге болады? Ал, қылмыскер бұл сұмдық харекетін тергеушіге  адамның өлер алдындағы кейпін көргісі келетіндігімен түсіндірген деседі. Олай болса, келешек кілтін ұстаған жастарымызды ғаламтор зардабынан қазір қорғамасақ, ертең кеш болады.

Сан соқтырған суицид

Жастар арасындағы келесі кезектегі өзекті мәселе – суицид дерті. Мамандардың айтуынша, облыста соңғы үш жылда 62 жас көпірден секіру, буыну және улану әрекеттеріне барып, оның 19-ы жарық дүниемен қош айтысқан.

Неліктен? Жан түршігерлік жайттардың орын алу себебін мұғалім де, дәрігер де, психолог та, құқық қорғаушылар да біле алмай отыр. Терең талдау жұмыстарын жүргізбей, қандай сұраққа да қанықты жауап алу мүмкін емес.

Осы ретте, тағы бір проблеманың басы қылтиып шыға келеді, ол – оқушы қыздардың ерте жүктілігі. Соңғы үш жылда осындай жағдаймен 15-17 жас аралығында  600-ден аса қыз тіркелген. Бұл бағытта Атырау қаласы – 353, Жылыой ауданы – 99, Құрманғазы – 49 және Мақат 44 жағдаймен көш бастап тұр. Мұның бәрі де, соңғы кездегі тәрбие ісінің тоқырауға ұшырап отырғанын білдірсе керек-ті.

Салауаттылық – салт емес, жалған ұранға айналды

Елбасы әркез «Дені сау ұрпақ – тірегіміз» деп жастарға сенім артып, олардың білімін көтеруді, әл-ауқатын арттыруды қатаң тапсырып келеді. Бұл міндет бүгінде өз деңгейінде атқарылып жатыр ма? Әлде, әлі де сол баяғы «қағазда бәрі қатып тұр» дегеннің кебін киіп жүрміз бе? Өкінішке орай, кешегі кеңес үкіметі кезінде сәнге айналған шылым шегу мен шарап өнімін қолдану бүгінгі қоғамда да маңызын жоймай келеді. Теріс әдеттің тамырына балта шабудың тың тәсілі бар ма?

– Ресми мәліметтерге сүйенсек, өңірдегі наркология мекемесінде 7000-ға жуық науқас маскүнемдік пен нашақорлық дерті бойынша тіркелген. Оның алтыдан бірі – өрімдей жастар. Сондай-ақ, жүйке ауруына шалдыққан 6 мың адамның 2000-ға жуығын жасөспірімдер құрайды. Жұқпалы аурулар, оның ішінде жыныстық жолмен берілетін инфекция түрін жұқтыру былтыр 423 дерекпен толықса, биылдың бірінші тоқсанында 71-і тіркеліпті. Ал, әлі анықталмағаны қанша? – дейді еңбек ардагері Мұрат Сақтайұлы.

Осыдан 15 жыл бұрын облыста ЖИТС дертінің 94 фактісі орын алса, қазір 260 адам есепте тұр.

Соның 25 пайызы – шетелдіктер, 16 пайызы еліміздің басқа өңірлерінен келген екен. Айтпақшы, жуырда облыс әкімі жанындағы үйлестіру кеңесінде туберкулезбен күрестің ахуалы талқыланды. Рас, соңғы жылдары «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталықтары бірқатар шаралар легін өткізіп, қыруар қаржы жұмсауда. Бірақ, нәтижесі – төмен. Өйткені, ішімдік, темекі мен есірткіге әуес жандар қатары азаймай тұр…     

3. Шайқалған шаңырақ, ойрандалған отбасы…

Облыстық қоғамдық кеңес мамандарының жан-жақты талдау жұмыстары ұлт пен ұрпақ тәрбиесіндегі  көптеген олқылықтардың бетін ашты. Шет ел мәдениетінің шылауына ерген жас буын ұлт құндылығын кейінгі орынға ысырып қойған. Қазіргі кей ер балалар қыз мінезді, шамадан тыс сезімтал да аңғал болып келеді. Неге? Себебі, мектепке ер мұғалімдер, олардың ер мінезі жетіспейді. Бұдан бөлек, қыз-жігіттердің кеш аяқтануы, отбасындағы әлімжеттік – бала туу көрсеткішінің төмендеп, ажырасудың үлесі артып, алимент төлеушілердің көбеюіне әкеліп соғуда.    

– Бұрынырақта қалай, неке сарайларында екі жас болашақтың берік іргесін бірге қаласуға серттесетін-ді. Ол өшпес өнеге мен ақыл-кеңес беретін тәлім-тәрбие мен бағыт-бағдар мектебі болмап па еді? Ал, қазір не өзгерді? Өзгерген – адам, ал, заман орнында тұра береді. Бүгінде мәңгілік махаббат белгісін білдіретін неке халыққа қызмет көрсету орталықтарында қиылады. Меніңше, бұл мүлде дұрыс емес. Адамзат өміріндегі ең маңызды шараны тым ресмилендіру – қате деп ойлаймын. Шындығына келсек, өткеннен өнеге алар нәрсе көп. Сондықтан кешегінің келісті жақтарын сақтап қала алмағанымызға өзіміз кінәліміз, – дейді Байда ауылдық округінің тұрғыны Күлмай Шамарова.

Оны қоя тұрыңыз, анау азаматтық некеде отбасын құрғандарға не дерсіз? Мұндай некенің қоғам алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ. Шаңырақ – екі жаққа да ортақ. Сәйкесінше, отбасы міндеттемелері де теңдей бөлінеді. Әйтсе де, мұны ұғынып жатқан ұрпақ байқалмайды.

Соңғы екі жылда және ағымдағы жылдың төрт айында өңіріміздің өзінде 131 қаракөзіміз шетелдіктерге тұрмысқа шыққан.

Шетелдік қыздарға таңдауы түскен ұлдарымыз да бар олардың саны – 178. Олардан өрбіген ұрпақтың бойынан ертең ұлтжандылық қасиеттерді таба қою қиынға соғары анық. Бұл өз кезегінде ұлт өсімінің көршілес Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан елдерімен салыстырғанда айтарлықтай төмендеуіне себеп.

Жарға жыққан жат ағым

Бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы. Халық та, Елбасы да жастарға зор сенім артып, үлкен үміт күтеді. Мұны олар қаншалықты сезініп отыр? Діни экстремизм мен терроризм құрылымдарының шабуылдарына төтеп бере алмай, қорғансыздық танытып жатқандары қаншама?

– Өздеріңізге белгілі, Орталық Азиядағы «моджахедтер жамағаты» деп аталатын ұйымдар негізінен 15-25 арасындағы жастардан құралған. Арасында өңір тумаларының бары алаңдатады. Былтыр 17 мыңнан астам жастың қатысуымен 191 діни ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Алайда, оған қысқа балақты, ұзын сақалдылар мен беттерін тұмшалағандар қатыспайды. Өрімдей жас жігіттер мен қара жамылған қыздардың кішкене ғана сауда дүңгіршектерінде намазға жығылуы да іштей қынжылтады. Сонда қалай болғаны?

Облыста 3 мыңдай салафит ағымын ұстанушы бар, оның 2 мыңы – Атырау қаласының тұрғындары (Жастар 65 пайызын құрайды. Авт.). Сондай-ақ, қыздарын хиджапсыз мектепке жібермейтін, аурудың алдын талуға бағытталған екпелерден бас тартатын ата-аналар бар. Ал, Заңда «нәресте 16 жасқа дейін екпенің 21 түрін алуы керек» делінген. Соған қарамастан, туғалы бірде-бір екпе алмаған балалардың бар екені анықталып отыр. Бұл – санитарлық-ағарту ісіндегі олқылықты және екпенің сапасына деген сенімсіздікті көрсетіп отыр. Кейбір діндарлар балаларын «жабық» балбақшаға беріп, өзге өңірлерде «қашықтық әдісімен» оқытып жатыр. Осының бәрін болдырмау үшін діни сауатты, білімді мамандардың уағыздары қажет. Өкінішке орай, жергілікті дәстүрлі дін өкілдері қауқарсыздыққа жол беріп отыр, – дейді М.Өтешов.

Айтса айтқандай, жақында елді елең ектізген жағдай орын алды. Аудандардың бірінде «сақалдылар» қайтыс болған адамның мүрдесін белгісіз бағытқа қарай алып кетіпті. Құқық қорғау және дін өкілдері дәрменсіздік танытқан.

Алла үйі болып саналатын мешіттерге келуші жамағат тарапынан намаз шартын бұзу, құбылаға бет бұрмау деректері көбейген. Жаназа мен жерлеу рәсімдерінде де бейәдеп қылықтар көрініс тауып отыр.

4. Ұлтжандылық ұмытылып барады

Бүгінгі жастар жөнінде мәселе көтерілгенде, ең алдымен олардың денсаулығы алаңдатады. Өйтпегенде ше? «Бірінші байлықққа» бейжай қарауға болмайды. Санақ көрсеткіштері былтыр аймақтан әскер қатарына шақырылған 3553 жігіттің денсаулығы жарамсыз деп танылған. Бұл – контингенттің 70-80 пайызы. Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақы тәлім дәстүрінің жастар жүрегінен нық орын алмағаны өкінішті. Патриоттық тәрбие іспен емес, сөзбен, сапамене мес, санменғ ана шектеліп жатыр.

– Екі жылдан соң Ұлы Жеңістің 75 жылдығы тойланып өтеді. Оған дайындықты қазірден бастай берген жөн-ақ. Ұлы Отан соғысының ардагерлер қатары да жылма-жыл сиреп барады. Жас ұрпақ кешегі Москва, Ленинград, Сталинград шайқастарында жауға тойтарыс берген қазақстандық 312, 314, 316 атқыштар дивизиялары екенін, ерен ерлік үлгісін көрсеткен Кеңес Одағы Батырлары – қазақтан шыққан генералдар Ғани Сайфуллин, Сабыр Рахымов, Талғат Бегелдинов, Сағадат Нұрмағамбетовтерді, батыр қыздарымыз Мәншүк, Әлия, Хиуаз апаларымызды, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошарбаевты, партизан командирлері – Әди Шәрипов, Қасым Қайсеновты, жерлес батырларымыз Қайырғали Смағұлов, Боран Нысанбаев, Муса Баймұхановты және басқаларын да ұмытпауға тиіс.

Қазақ жауынгерлері Ресей, Украина, Белорусь, Молдова, Прибалтика, Шығыс Европадағы Польша, Венгрия, Чехия, Румыния жерлерінде жанқиярлықпен соғысып, Берлинде Жеңіс туын желбіретті. Сол сияқты, тың игеру жылдарындағы қазақтардың қайырымдылығы да бөлек талдауды қажет етеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бастамасынан туған «Қазақ халқына мың алғыс» акциясы тек корей, шешен, дағыстандық бауырларымыздың қазақ еліне деген шексіз сүйіспеншілігімен ғана шектелмей, заңды жалғасын табуы керек. Тарихи шындыққа сүйенген ғылыми жиындар мен кездесулер өткізу жөнінде Ассамблея хатшылығы бастама көтерсе, қоғамдық кеңестер қолдауға дайын, – дейді М.Сақтайұлы. 

Сөзден сән де, мән де кетті…

Мықты тәрбие құралдарының бірі – айтыс өнері. Суырыпсалма ақын жерлестеріміз үлкенді-кішілі додаларда топ жарып жүр. Әйтсе де, олардың есімдерін ел біле бермейді. Көпшіліктің танитындары – арқалы айтыскерлер Ринат Зайытов, Айнұр Тұрсынбаева, Аспанбек Шұғатаев, Бауыржан Халиоллалар. Соңғы кезде республикалық аламандарға қызылқоғалық Шалқарбай Ізбасаровтан басқа ешкім қатысып жүрген жоқ.

Мамандардың айтуынша, ақындар өздеріне берілген тақырып шеңберін ұмытып, жеңіл сөздермен бір-бірін мінеп алудан әрі аса алмайды.

Көбісі бәйгеге тігілген бағалы жүлдеге қызығып, қара сөздің қадір-қасиетін аяқ асты етіп жатады. Ал, жеңімпаздарға мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржы – қомақты. Оларға баға беретін қазылар мен көпшіліктің пікірлері қарама-қайшы келіп жатады. Сөйтіп, олар да өзара «айтысып» кететін жайттар орын алып отырады. Осыдан келіп ұлттық өнер өзінің мән-маңызын жоя бастайды.

– Жас ұрпақ жүрегінде «елім, жерім» деп жырлаған орақ тілді, от ауызды Сүйінбай, Мұрат, Махамбет образдарына неге орын жоқ? Айтыс жеңімпаздары шын мәнінде дүлдүл болуы керек қой. Айтыс алаңына шығып, мардымды өнер көрсете алмағандарды додаға қосуды қойған жөн. Ірі мекемелердің мерейлі тойларына арнап ұйымдастырылатын жалдамалы айтысты да тыйған жөн, – деп санайды айтыс сүйер қауым.

Сұлулар сайысы керек пе?

Облыс, қала, аудан көлемінде сұлулар сайысын өткізу қазір үзілмес үрдіске айналды. Оның артында қаржылай және психологиялық тығырыққа тірелген ата-ана тұрғанын елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ.

Арулардың сырт келбетіне көбірек мән беретін қазылар олардың ішкі рухани жан дүниесін қаншалықты бағалай алуда? «Жылтырағанның бәрі алтын емес» деген қазақтың сөзі осыған қатысты айтылғандай.

Кезінде кеден ісінің кірпішін қалаған еңбек ардагері Мұрат Өтешов «қыз» деген қасиетті ұғым екенін, олардың қадір-қасиетін бағалау үшін ұлттық салт-дәстүрге құрылған шараларды көбейту керектігін айтады. Қазір жергілікті телекөрсетілімдегі «Дарын», «Туған жер», «Жанұялық спорт», «Баламен бетпе-бет» бағдарламаларын оқушылар сүйіп көреді. Демек, жастар тәрбиесінде атқарылып жатқан оң істер де жоқ емес. Тек солардың санын көбейтуге бірлесе атсалыссақ болғаны.  

Түйін

Қоғамның күші – жастарда. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?» деп өте орынды айтылған. Қажетінде қоғам да қол ұшын беріп отырса құба-құп. Қалай еткенде де, жастардың санасын санда бар, сапасы жоқ арзан дүниелермен уламағанымыз дұрыс. Абайша айтсақ, «дүниенің кетігін тауып, кірпіш болып қалануына» жағдай жасаған жөн. Ендеше, біз де бір ауыздан олардың ізгі жүректі, игі тілекті, «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» болуын тілейік.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

АТЫРАУ

WhatsApp Image 2019 08 19 at 16.39.46 1 1

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған