МЕН ҮШІН ҰМЫТЫЛМАС СӘТ

Мен сияқты ауылда тұратын қарапайым кәсіп иесі, шаруа адамы үшін «Нұр Отан» партиясының съезіне делегат ретінде қатысудың өзін зор мерей, биік мәртебе санаймын. Ал, осындай егемен елдің тағдыры таразыланар тарихи форумда Мемлекет басшысы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының биылғы сәуір айында өтпекші саяси додаға түсуге келісім беруіне куә болғанымды өмірімдегі ең бақытты да, ұмытылмас сәттердің біріне балаймын.

Съезде ел экономикасын ілгерілетіп, әлеуметтік ахуалын жақсарту, әлеуетін арттыру бағытында бұған дейін де ауқымды жұмыстардың атқарылғандығы, бұл үрдістің алға қарай да жалғаса беретіндігі баяндалды. Соның алдыңғы легінде ауыл шаруашылығы да аталды. Көзделген мақсат – елді бірлікке шақыру, жұртты жасампаз еңбекке жұмылдыру болып табылатындығы тиянақталды.

Осы орайда, нақты тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді. Басымдыққа ие тұстар мен бірінші кезекте орындалуы тиісті іс-шаралар атап көрсетілді. Мұнда агросектордың да өз үлес-еншісі барлығын білдік. Ендігі міндет – кездескен кедергілерден кідіріссіз өтіп, қиындықтардан қорықпай, батыл қадам жасау. Ол үшін бізде күш-мүмкіндіктің бәрі бар, керегі – ынта мен ыждағат қана. Сонда өнеркәсіптің де өрлеп, ауылдағы шаруаның да алға басары күмәнсіз. Тек содан ешкім де тысқары қалмай, атсалысқаны абзал.

Сабыржан СҰЛТАНОВ,

«Құрманғазы» өндірістік

кооперативінің төрағасы.

Құрманғазы ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз