Қуаныштың көз жасы
Сонау отты жылдарда жауға беріспей, кеудесін оққа тосқан майдангерлердің қатарында Әжіғали Әжіғұлов та бар болатын. Сұрапыл соғыс ешкімді де аямады ғой. Өкінішке орай, жаужүрек батыр, тұтастай отбасының отағасы майдан даласынан оралмады. Артында қалған жұбайы өмірге келген үш қызды қатарға қосудың қамымен болды. «Орнында бар оңалар» деген осы болар, сірә?! Бақандай жетпіс бір жылдан соң ұрпағы жерленген жері – Ресейдің Тверь облысы, Зубцово қаласы, Москвагорадан іздеп тапты.
Ата-ананы қуанышқа бөлеуден асқан бақыт бар ма десеңізші?! «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да парызын өтей алмайсың» деген халық даналығы текке айтылмаса керек. Бұл оқиға да әке-шешеге деген құрмет пен ізеттілік сезімінен туды десек қателеспейміз. Бір-бір шаңырақтың аяулы аналары Сара мен Мәкеш Әжіғұловалардың Ұлы Отан соғысынан оралмай қалған әкесі Әжіғали Әжіғұлов туралы дерек іздеп табуы –орындалмас армандай көрінетін. Тәрбиенің жемісі деген осы шығар, бір күні қос ананың ұрпағы телефон шалып, майдангер аталарының зиратына апарғысы келетіндіктерін айтады. Мұндай тосын жаңалықты күтпеген олар «оған бізді кім апарады, қалай жетеміз?» деседі. Қапелімде абдырап қалғанмен, келісімін береді. Бұл сөз балалар мен немерелерге қанат бітіргендей. Дереу ғаламтор парақшаларын ашып, жан-жақты мәлімет іздей бастайды.
Қолда бар дерек мынадай: Ұлы Отан соғысына қатысушы Әжіғали Әжіғұлов 1905 жылы Батыс Қазақстан Фурманов ауданының «Ағашүй» учаскесінде өмірге келген. Индер ауданы, Тума ауылдық кеңесінің Коминтерн колхозындағы бастауыш мектепте ұстаздық ете жүріп, әскер қатарына шақырылған. 1941 жылы Гурьев қаласынан майданға аттанған. Күні бүгінде Индербор поселкесінде тұратын Есенияз Төремұратов деген шәкірті мұғалімі жайында естеліктер айтып қана қоймай, дәлелдейтін нақты деректер ұсынып отыр. Ал, жас жауынгердің отбасында бес ұл, бір қыз дүниеге келген. Жанұядағы жалғыз қыз – Әдия Әжіғұлқызы Индер поселкесінде партия совет органдарында жұмыс жасаған.
— Атамыз Әжіғали өмірлік қосағы Жамал Әжіғұлова екеуі өмірге үш қыз әкеліп, тәрбиелеген. Шаңырақтың тұңғышы Рәзия 1978 жылы дүниеден өтті. Сара анамыз жұбайы Қабдыраш екеуі тоғыз қыз, үш ұлды дүниеге әкеліп, «Алтын алқалы» ана атанып отыр. Мәкеш анамыз да алты қыз, екі ұлды тәрбиеледі.
Жауынгер атамыздан өрбіген қыздары да түрлі салада абыройлы еңбек еткен. Колхозда бірі егінші, енді бірі сауыншы болып жұмыс жасаған, — деді бірауыздан немерелері бізбен әңгімесінде.
Сөйтіп, қос ана ұрпақтарымен бірге жолға шығады. Соңғы деректер бойынша, Әжіғали Әжіғұлов Тверь облысы, Зубцово қаласы, Москвагорада жерленген екен. «Соғыс оты шарпыған аумақтарды көзбен көріп, ол жерді әкелерінің қанымен қорғағанын сезу – ерекше әсер екенін көлік ішіндегі анамыздың көзқарасынан байқадық. Әкесі майданға аттанған кезде Мәкеш ана айлық сәби еді, ал Сара анамыз 3-4 жаста болатын. Сондықтан да шығар, Сара апамыздың көңілі одан сайын толқи түсті. Мәскеуге жақындағанда аспанды бұлт торлап, жаңбыр жауа бастады.
…Діттеген жерімізге жақындай бергенде жауын үдей түсті. Біз мұны ұзақ жылдардан соң қыздарымен қайта қауышқан атамыздың көз жасына баладық. Себебі, Зубцовоға келе бергенде жаңбыр да тыйылып, күн шайдай ашылды.
Ентіге жетіп, кітап беті секілді жасалған ескерткіш тақтасынан атамыздың тегін іздедік. Бірден тауып алдық. Кейін аналарымызбен бірге келіп, гүл шоқтарын қойдық. Қазақы дәстүрмен атамызға арнап дұға оқыттық. Сара Әжіғалиқызы «Мәңгілік алау» жанында сырын аша отырып, анасына «қара қағазды» ауыл адамдары келіп естірткені еміс-еміс есінде қалғанын айтты. Осылайша, ананың алаң көңілі орнына түсті», — дейді олар.
Айбөпе Мұратқызы