Түркиядағы дүрбелең, бауырлас елде не болып жатыр?

00 1 Жаңалықтар

 Түрік елінен бүлік шықты. Бір топ әскери төңкерістің нәтижесінде билікті басып ала жаздады. Дегенмен, қазір мұндағы жағдай тұрақталып жатыр. Түркиядағы дүрбелең туралы ең алғаш ақпарат Твиттер әлеуметтік желісінде пайда болды. Осы әлеуметтік желіні пайдаланушылар түнгі сағат 22.00 шамасында Анкараның үстінен әскери ұшақтар ұшып жатқандығын, Ыстамбұл қаласында екі көпірдің жабылғандығын жазып жатты. Кейін, әскерилердің Түркия президентінің резиденциясын басып алғандығы жайында ақпарат тарады.

  tyrkiebilik5Бүлікшілер «әскери төңкеріс» деп мәлімдеме таратса да қарапайым жұртшылық оның соншалықты күрделі екендігін ұға қоймаған. Оның үстіне Түркияның рейтингтік NTV телеарнасының тікелей эфирі арқылы осы елдің премьер-министрі Бинали Йылдырым көпшілікті сабырға шақырған. Алайда, бұл тұста ахуал тіптен асқына түскен еді. Президент Режеп Тайып Ердоғанның Skype арқылы тікелей эфирге шығып, мәлімдеме жасауына, халыққа сөз арнауына осы жағдай себепші болған секілді. Ол шын мәнінде, ел қарулы күштерінің белгілі бір әскерлері билікті басып алуға әрекет жасағандығын, осылайша опасыздыққа барғандығын баяндап, халықты орталық алаңдарға, әуежайларға шығып, бүлікшілердің әрекетіне наразылық білдіруге шақырды. Ал, осы уақытта Ататүрік әуежайы секілді стратегиялық маңызы бар нысандарға танктер жылжи бастаған. Бүлікшілер Ұлттық барлау ғимаратын, Ыстамбұлдағы ішкі істер басқармасын басып алғысы келді. Әйткенмен, халық президенттің мәлімдемесінен кейін, көшелерге, алаңдарға шығып, танктердің өтуіне жол бермеді.

  Ахуалдың асқынғаны соншалық, Түркияның қарулы күштерінің ресми сайттарының өзінде биліктің басып алынғандығы туралы ақпарат жарияланды. Интернет пен әлеуметтік желілердің нашар жұмыс істеуі де көпшілік көңіліндегі күдікті ұлғайта түсті. Осы себепті тұрғындар азық-түлік сатып алу үшін жаппай дүкендерге ағыла бастады. Өйткені, ертеңгі күннің қалай болатыны белгісіз болатын. Бұл уақытта банкоматтар, жанармай құю стансалары және қоғамдық көлік жұмыс істемеді. Кейін, бүлікшілер Түркия қарулы күштері басшысының кепілдікке алынғандығын мәлімдеді. «Жемқор билікті тақтан тайдыруды мақсат етеміз» деп мәлімдеген бүлікшілер елдің парламентіне де шабуыл жасады. Президент Режеп Тайип Ердоған Мармаристегі қонақ үйден шыққан тұста ғимаратқа екі бомба түсті. Осының өзі төңкерістің өзгеше, сұмдық жағдайда өрістегенін байқатады.

  Жағдай ушыға түскендіктен түрік билігі Ыстамбұлдағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге күш салды. Қалаға қосымша арнайы күштер әкелінді, полиция тұтқиылдан келетін шабуылға тойтарыс беруге дайындалды. Ыстамбұлдық полиция басшысы Мұстафа Калискан қала үстінде пайда болған кез келген тікұшақты ескертусіз атып түсіруге бұйрық бергендігі белгілі болды. Билік мемлекеттік төңкеріс жасағысы келген бүлікшілерде әуе техникасы бар деп қауіптенді. Халықтың мемлекет басшысының қасынан табылуы, тұрақтылықты, бірлікті таңдауының арқасында ғана бүлікшілердің ойлары жүзеге аспады. Осыны ұққан төңкерісшілердің жеңілісті мойындап, берілуден өзге амал қалмады. Қазіргі күні бұл елде жазықтылар тұтқындалып, ахуалды айықтыру шаралары жүріп жатыр.

– Әскери төңкеріс әрекетіне нүкте қойылды. Оның сәтті болуына еш мүмкіндік жоқ еді. Біздің ел қайтадан қалыпты өмір кеше бастады. Бұл біздің ел үшін ғана емес, әлемдік демократия үшін де үлкен оқиға, – деді Түркияның премьер-министрі Бинали Йылдырым.

  Президент Режеп Тайып Ердоғанға қарсы төңкерістен кейін 8 мыңға жуық полицей қызметінен босатылды. Жергілікті ақпарат құралдары 103 жоғары лауазымды әскери – генералдар мен адмиралдар ұсталғанын хабарлауда. Төңкеріс жасауға ұмтылған жетекшілер арасында түрік авиациясының бұрынғы қолбасшысы Ақын Өзтүрік бар. Ол өзге 27 генерал мен адмиралмен бірге Анкарадағы әділет сарайына жеткізіліп, сот алдында жауап беруге дайындалып жатыр.

  Түркиядағы жағдай, мемлекет биліктің қолдау бағытында халықаралық қауымдастық өкілдері мәлімдемелер жасап жатты. Олардың арасында Қазақ елі де бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы жеделхат жолдап, барша Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Р.Ердоғанға тілектестігін білдіріп, достас елдердің жарқын болашағына сенімділігін жеткізді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз