Жарнама
ЖаңалықтарСаясат

«Тұңғыш Президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет»

ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында халықтың арасындағы Елбасы тұлғасына қатысты пікірталастар туралы пайымын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәселеге жан-жақты қарайтын болсақ, халық наразылығының астарында өткір әлеуметтік мәселе жатыр. Халықтың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Бұл – ақиқат. Мемлекеттің тұтас байлығы аз ғана топтың қолында. Теңсіздік белең алуда. Наразылықтың түп-тамыры осыдан басталды. Бұл мәселе туралы мен Парламентте, басқа да жиындарда айттым. Өкініштісі, азаматтардың наразылығын лаңкестер мен қылмыскерлер пайдаланып кетті. Бұған бәріміз куә болдық. Расында, әлеуметтік желіде Тұңғыш Президентіміз туралы әртүрлі ойлар айтылып, жазылып жатыр. Қанша адам болса, сонша пікір болады», — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайды деп есептейтінін баса айтты.

«Тарихқа қиянат жасамау керек. Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалаған, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тұлға. Оның қызметіне әділ баға беруге міндеттіміз. Тұңғыш Президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет. Қаңтар оқиғасы елімізге де, менің өзіме де үлкен сабақ болғаны сөзсіз. Тиісті қорытынды жасалды. Қазір елімізде болып жатқан саяси шешімдер − соның нәтижесі. Алдымызда өте көп жұмыс бар. Мұны барлығы көріп, біліп отыр деп ойлаймын», -деді Президент.

«Шығармашылығыңызға қатысты тағы бір сұрақ. Сіз негізінен, дипломатия, сыртқы саясат туралы бірнеше кітап жаздыңыз. Солардың ішінде Елбасының тұлғасына арналған «Ол тарихты жасап жатыр» деген туындыңыз бар. Қазіргі таңда сол кітапты жазғаныңызға өкінбейсіз бе? Бұдан басқа, жаңа кітаптар жазу жоспарыңызда бар ма?», — деп сұрақ қойды журналист Жайна Сламбек.

«Өкінбеймін. Тұңғыш Президентіміздің еңбегі туралы кітапқа келсек, қазақта «Өткен іске өкінбе» деген сөз бар. Мен көптеген оқиғаға куә болған адаммын. Сондықтан, қағазға түсіргенді жөн көрдім. Оқырмандардың пікірінше, кітаптарым жоғары деңгейде жазылған. Мысалы, әлі күнге дейін студенттер менің кітаптарымнан қажетті мағлұматын алып, пайдаланып жүр», — деп жауап берді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен бірге, Президент алдағы жоспарлары туралы айтып берді. «Кейбір ойларымды түртіп қойып, күнделік жазатыным бар. Мүмкін, болашақта қажет болар. Келешекте қазіргі өміріміз туралы ауқымды кітап жазу ойымда бар. Амандық болса жазамын», — деді Қ. Тоқаев.

Сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әке туралы ой-толғау» кітабы желісінде кино түсіруге тапсырма бермегендігін айтты.

Сұхбат барысында телеарна тілшісі: «Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің «Әке туралы ой-толғау» кітабыңыздың желісі бойынша бір продюсерлік орталық кино түсіргелі жатыр екен. Осыған қатысты не айтасыз?», — деп сұраған еді.

«Менің кітабымдағы оқиғалардың негізінде кино түсіргелі жатқанын оқыдым. Бұл туралы ешкімге ешқандай тапсырма берген жоқпын. Бермеймін де. Мұндайды қаламаймын. Бірақ, өзім жазған «Әке туралы ой-толғау» кітабынан бас тартпаймын, мазмұнды туынды деп есептеймін. Себебі, жастарға да пайдалы дүние. Бұл – менің әке-шеше алдындағы перзенттік борышым»,- деп жауап берді Мемлекет басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button