Атырауда Халық әртісі, күйші Рысбай Ғабдиевтің 85 жылдығына арналған күйшілер конкурсы қорытындыланды

whatsapp image 2021 06 18 at 19.32.00 2 Жаңалықтар

Екі күн бойына өткен өнер сайысында 18 күйші бақ сынады, – деп хабарлайды atr.kz Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Республикалық өнер байқауының жеңімпаздарын марапаттаған облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов 70-ке жуық шығармалар жинақталған Дина Нұрпейісова атындағы оркестрдің аудио жинағының тұсауын кесті.

whatsapp image 2021 06 18 at 19.32.00


Байқауды ұйымдастырушы, Д. Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің жетекшісі Сағынтай Көпжасаровтың айтуынша, Рысбай Ғабдиев атындағы күйшілер конкурсына республиканың түкпір-түкпірінен іріктеліп келген 18 күйші қатысты. Олардың қатарында елордадағы ЖОО-лардан, Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясынан, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясынан келген күйшілер де бар.
Қатысушылардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтаған сынды талант иелері бағалады.

whatsapp image 2021 06 18 at 19.31.56


Байқаудың бас жүлдесі мен 500 мың теңгелік сертификатқа атыраулық «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблінің әртісі Ақбөкен Темір ие болды. Ал, I орынды Таңат Саденов, Азамат Шынаров иеленіп, 300 мың теңгелік сертификатты жеңіп алды. II орынды және 200 мың теңгелік сертификатты Ерболат Хайроллаев пен Қайрат Жұмағалиев тең бөлісті. III орын мен 100 мың теңгелік сыйақы Әнуар Зинеденов, Назерке Базарбаева, Нұрай Зинорға бұйырды.

Еске сала кетейік, санитарлық жағдайға байланысты аталмыш конкурс фейсбук әлеуметтік желісі арқылы онлайн форматта өтті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, көрермендер айтулы өнер бәйгесін жергілікті телеарналардың бірінен алдағы уақытта тамашалай алатын болады.

Суреттер Ерлан Алтыбаевтікі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз