75140ba8 be6a 4050 804e 3ec34b43468e

Атырау-Ақтөбе трассасында 9 адам көз жұмды

Жаңалықтар

Бүгін 4 қазан күні Атырау облысында қайғылы жол-көлік оқиғасы орын алды. 

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті.

“Атырау-Ақтөбе бағытындағы тас жолда екі көлік соқтығысып, салдарынан екі көліктің жүргізушісі, жолаушылар – барлығы 9 адам түгелдей көз жұмды. Қазіргі уақытта қаза тапқандардың аты-жөндері анықталуда, оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр”, – деп жазды Е.Тұрғымбаев Facebook-те.

Ведомство басшысы мәлім еткендей, елімізде жол-көлік оқиғаларының 96% жүргізушілердің кінәсінен болады. Патрульдік кезекшіліктер және бейнекамералар жоқ автожолдар мен тасжолдардарда жүргізушілер өрескел ереже бұзады. Нақтырақ айтқанда, жылдамдықты шамадан тыс арттырып, тыйым салынған және қауіпті аймақтарда алдыңғы көлікті басып озуға тырысады. Ал мұндай желігудің соңы көбіне қайғылы апатқа, орны толмас өкінішке ұрындырады.

«ІІМ-нің статистикалық мәліметтері «тәжірибесіз» жүргізушілердің (көлік жүргізу өтілі 1 жылдан төмендер) үлесіне жол-көлік оқиғаларының тек 1,8 %-і ғана тиетінін көрсетеді. Жол апаттарының басым бөлігі тәжірибелі жүргізушілердің тарапынан орын алады екен. Олар қауіпті тәуекелдерге саналы түрде барып, өздерінің ғана емес, басқа адамдардың өміріне де үлкен қатер төндіреді.  

 Сондай-ақ, ішкі істер министрлігі Жол-көлік оқиғасының негізгі себептерін қаперлеріңізге салады:

– бірінші орында жылдамдықты арттыру (33,1 %)

– екіншісінде – маневр жасау ережелерін бұзу (17,7 %)

– үшінші орында – реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзу (7,6 %)

ІІМ автокөлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелері мен шектеулерін қатаң ескеруге шақырады, ал жаяу жүргіншілерге жолда қырағы болуды ескертеді», – деді министр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған