Жарнама
Жаңалықтар

Тұңғыш балық шаруашылығы министріне – көше атауы 

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек ардагері, еліміздің балық шаруашылығының тұңғыш министрі болған Ысқақ Өтеғалиевке Атырау қаласынан көше атауы берілді. Самал шағынауданындағы №4 көше енді белгілі тұлғаның есімімен аталады. 

Исатай ауданының Манаш ауылындағы балықшы отбасында дүниеге келген Ысқақ Өтеғалиев еңбек жолын 1946 жылы аталған ауданның «Қызыл балық» колхозында бастайды. Кейін Гурьев балық өнеркәсібі техникумын бітіргеннен кейін  Астрахан облысының Еділ-Каспий Мемлекеттік тресінің Теңізден балық аулау базасы жанындағы сейнер колоннасында шебердің көмекшісі, балық аулау колоннасының бастығы болды. 

Астрахандағы Балық өнеркәсібі мен шаруашылығының техникалық институтын бітірген соң1959-1965 жылдары Гурьев және Маңғыстау Балық өнеркәсібі басқармасының бас инженері, бастығы қызметтерін атқарған. 1965-1980 жылдары Қазақ КСР Балық шаруашылығының министрі, ал 1980-1994 жылдары Қазақстан су қоймалары және биологиялық ресурстарды қорғау және қайта қалпына келтіру жөніндегі Одақтық инспекциясының басшысы лауазымында болған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне үш рет депутат, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланған.

–Балық өнеркәсібі саласында қажырлы еңбек етіп, еліміздің экономикасын өркендетуге айрықша үлес қосқан ағамыздың есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Осындай бастамаға ұйытқы болған отбасына, үзеңгілес замандастарына алғысымызды жеткіземін,-деді Атырау қаласының әкімі атынан құттықтау лебізін білдірген оның орынбасары Нұржан Ермұханов. 

4c41b19f 7369 4e1b 9307 82af9b668ca4

-Есімі балық шаруашылығымен тікелей байланысты Ысқақ Махмудұлы осы салаға басшылық еткен жылдары кооперативтердің өндірістік-техникалық базасы қайта жаңартылып, балық зауыттары салынды. Жайық-Каспий бассейнінде балық қорын көбейту және молайту мақсатында бағдарламаға бастамашы болды. Еліміздің балық шаруашылығының даму жолында аянбай еңбек етті. Жарты ғасырдан астам өмірін балық шаруашылығы саласына арнаған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі — баршамызға өнеге. Бұл сәт тарихта айшықты орын алатыны сөзсіз. Осы орайда, Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің ұсынысымен Атырау бекіре балық өсіру зауытындағы кемеге Ысқақ Өтеғалиевтің есімі берілетінін жеткіземін,-деді Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков.

006cd5cb 9b4f 4789 8d7f 9857cad35d8b

Сонымен қатар, көшенің салтанатты ашылуында ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Исатай ауданының Құрметті азаматы Мұрат Бектенов және тағы басқалары сөз сөйлеп, ізгі тілектерін арнады. Айтулы шараға Ысқақ Махмудұлының Алматы мен Астанадан ұл-қыздары келіп, шынайы лебіздерін жеткізді. 

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button