Түлектер кеші енді мектепте өте ме?
Аtr.kz/14 мамыр, 2019 жыл. Оқу жылының аяқталуына орай, оқушылар мен ата-аналарды мектеп бітіру кешін өткізудің форматы алаңдатады.
Ата-аналар комитетінің ақша жинайтындығы туралы хабарлама жиі түседі. Бұл отбасы бюджетіне салмақ салады, деп жазады Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомство мектеп бітіру кешін дәмхана, мейрамханаларда емес, мектеп қабырғасында өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, министрлік түлектер кешінің мақсаты сәнді киімдер мен мол дастарқанды көрсету емес екенін еске салды. Бұл кеш балалар, мұғалімдер мен ата-аналардың есінде қаларлық мектепішілік жиын деп атап өткен.
«Мектеп бітіру кешінің форматы қымбат әрі сән-салтанатқа толы кеш болмауы керек. Жылдар бойы тұлғаны қалыптастыруда талмай еңбек еткен педагогтар мен ата-аналар, түлектер арасындағы жылы диалог түрінде өткені абзал. Аталған кеште оқуда озат, жетістікке жеткен, мектеп, аудан, қала, облыс, республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық, интеллектуалдық жарыстарда жеңімпаз болған, мектептің қоғамдық өміріне белсенді атсалысқан балаларды құрметпен атап өту орынды», — деп жазылған хабарламада.
Дереккөз: «Спутник Қазақстан»