ТАРЛАНды терлеткен ТАЛҚАН

ischrapraprara Жаңалықтар

Atr.kz/14 қараша, 2019 жыл. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғы. Атақты театр режиссері Мен Дон Ук заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым менің, шырайлым» повесі бойынша «Арманым, Әселім» пьесасын республикалық жасөспірімдер театрында сахнаға шығарып, келер жылы аталған дүние бүкілодақтық театр фестивалінде бас бәйгені жеңіп алды.

Бұл жайлы сол кезде орталық «Правда», «Известия», «Советская культура» газеттері мақтауға толы мақалалар жазды. Солардың бәрінде атақты театр сыншысы, академик П.Марков «Ілияс бейнесі қазақтың кең даласында мойнында құрық кеткен ақбоз сәйгүлікті елестетеді» деп тебіренсе, сол рөлді сомдап, бір кеште сегіз рет көрермендер алдына шақырылған біздің жерлесіміз Шапай Зұлқашев болды.

Мәскеуден осындай толайым табыспен оралған Шәкең жаздың күзге ауысар тұсында өзінің сүйікті Алматысында жерлесі, әйгілі актер Нұрмұхан Жантөринмен кездесіп қалады. Аман-саулықтан соң үлкені кішісіне «Мәскеудегі жеңісің құтты болсын!» дейді.

– Рахмет! Солай болып қалды, – дейді Шәкең.

– Ендеше, бола берсін. Дәл қазір қандай тірлік жасап жатырсың?

– Не істейін, бірер аптада кезекті еңбек демалысымды алып, елге кетпекпін.

– Елге… Онда не бітірмексің?

– Не бітіруші едім. Ауылға барам. Құмға шығып, аунапқунап, ағайындарымды көріп, жерге, елге деген сағынышымды басудың өзі бір дүние емес пе?!

– Сағыныш дейсің, ә?! Айтпақшы, осы сен Гурьевтің қай ауданынан едің… Новобогат па?

– Дәл өзі.

– Ендеше, тіпті жақсы болды. Бала кезімде Тайсойғанның құмында нағашыларым мені құмаршықтың көжесі, нанымен асырады. Талқаны қандай дәмді. Мүмкіндігің алып жатса, құмға бар. Мен үшін қос уыс болса да құмаршық тап, соныңды өлердей сағындым, ала келші…

– Оныңыз қиындау болмаса, осы күнгінің бәрі астық жейді ғой.

– Тәйірі, қазақ құмаршығын ұмыта ма? Әңгімені қой, мен үшін табасың!

– Аға айтса, амал бар ма? Оның үстіне нағашың…

Ауылға келген соң Шәкең ойқырдағы ағайындарды аралап, ақыры бірер жарым килосын тапты-ау. Сөйтіп Нұрағаңа сұрағанын жеткізеді. Үйде Маргарита жеңгеміз, аға да бар екен. Бәрі дастархан басына жиналғанда актер ағамыз әлгі бір литрлік шыны банкі толы құмаршықты алдына алып, әуелі иіскелесін деңіз.

Содан соң әлгіні уысына толтырған күйі қарбыта асасын-ақ. Нұрмұхан ағасының мына қылығын түсінбеген Шапай дәу де болса, қазір осы кісі қақалад деп ойлады да «Талқанды құрғақтай жегеніңіз дұрыс болмады. Қаймаққа, тым болмаса, сүтке шыламадыңыз ба?» деді. Шапайға ошарына бұрылып, көзінің аласымен қараған ұлы актер «Ой, ақымақ, онда құмаршықта қадыр-қасиет қала ма?» деп бір қойды.

Содан соң дәл бір ештеңе болмағандай, әлгі қимылын одан әрі жалғастыра берді. Бұндайда бірдеңе деудің өзі қиын екен, бар болғаны іштей ғана «Апырмай, мына кісі шынымен де қақалады-ау, қолына тым болмаса шағындау қасық та түспегенін қараңызшы. Анау күректей алақанды толтырып асаудың шегі болар ма, жоқ па? Асылы мына түріне қарағанда ғұмырында құмаршық жеп көрмеген адамға ұқсайды» деп опынасың.

Осылай таңданыста отырған жас актер қашан қақалады деген кісіше, ағасының бетіне әлсінәлсін аңтарылып қарап қояды. Ыдыстың иығынан асып тұрған талқан біртін-біртін төмендеп барады. Шамасы жеушінің де қарынына біраз нәрсе бардыау деймін, алдындағыдай емес, қимылы бәсеңсіді.

Сөйтсе… Мәссаған… Нұрағаңның самайы, маңдайы, тақыр басынан саулаған тері бетін жуып, көзіне құйылды. Өн бойы түгел тер. Талқанға терлеген адамды бірінші көруі. Асылы әз аға туған жерін, оның бар қуаты мен қасиеті бойында тұрған құмаршығын сағынғаны сондай, ақыры ол маңдайынан тер болып ақтарылған екен-ау?! Шапай біраз уақыт үнсіз отырды.

Содан соң шын сағыныштың, туған жерге деген махаббаттың не екенін тұңғыш рет таныды, алғаш рет жанымен сезінді. Шіркін, атамекен, оның ақ шағылының иісі бұрқыраған қоңыр құмаршығы-ай, десеңізші!

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз