Түйткілді мәселелердің түйінін қалай тарқата аламыз?
Биыл «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы кезеңде саяси күш алты рет парламент мәжілісі, екі мәрте президент сайлауына қатысып, мол тәжірибе жинақтады. Сөйтіп, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде, зайырлы мемлекет қалыптастыру жолында белсенділік танытып, өзінің рөлі мен орнын айқындады.
Республикамызда партияның 20 филиалы (оның ішінде облыстық, қалалық және аудандық), 1 200-ден астам бастауыш ұйымы құрылды. Соңғы алты жылда партия мүшелерінің саны 80 мыңға жетіп, ол қазіргі уақытта 300 мың адамнан асып отыр. Егемен еліміздің ертеңін айқындайтын аса маңызды саяси додаға қатысып, бағын сынаған «ауылдықтардың» арасынан жеңіске жеткен 8 үміткер Парламент сайлауында Сенат пен Мәжіліс, 226 партия мүшесі жергілікті мәслихаттардың депутаттығына сайланды. Бір сөзбен түйіндегенде, өткен жиырма жылда «Ауыл» өзін әлеуеті мен мүмкіндігі жоғары, саяси көзқарасы қалыптасқан, талай сында шыңдалған, халықтың сенімін иеленген беделді қоғамдық бірлестік, үлкен күш ретінде көрсетті. Осы бағыттағы әңгіменің түйінін республикалық партияның Атырау облыстық филиалының төрағасы Қадыржан Арыстанмен болған сұхбатымызда тарқаттық.
– Қадыржан Бақтығалиұлы, әңгімемізді «Ауылдың» жүріп өткен жолдары, бағындырған белестері мен алған асуларынан бастасақ.
– Расымен тарихи қысқа мерзімде біздің партиямыз тілге тиек етерліктей табысты қадамдарға қол жеткізіп, сәтті қалыптасу, даму жолынан өтті. Оған әрине, осы жылдардағы жоспарлы да жүйелі, жемісті еңбектің, тынымсыз талпыныс пен ізденістің арқасында жетті. Жалпы, кез-келген партияның көздеген мақсаты демократиялық жолмен билікке қол жеткізіп, өзіндік ұстанымы мен бағытын айқындау болып табылады. Айталық, бүгінде партиямыздың басшысы Серік Егізбаев – Мәжіліс депутаты, төменгі палатадағы аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің төрағасы, осындағы партиялық фракцияның жетекшісі. Ауыл өмірінің өзекті мәселелерін шешуді, әлеуметтің әлеуетін арттыруды мақсат тұтқан партияның жанынан «Мейірім құшағы» атты әйелдер, балалар және отбасы істері және мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау жөніндегі комиссиялар құрылып, жұмыс жасауда. Қоғамдық негіздегі бұл ұйымдарға Мәжіліс депутаттары Қарақат Әбден мен Таңсәуле Серіков жетекшілік етеді. Партияның орталық аппаратында 3 сараптамалық орталық құрылып, қоғамдық негізде қызмет атқаруда. Оның құрамына осы саланың білікті мамандары мен сарапшылар тартылған. Олардың жұмысына Парламенттегі депутаттық фракцияның мүшелері бақылау жасап отырады. Мәселен, «Экономикалық саясат және кәсіпкерлік жөніндегі орталық» еліміздегі астық нарығы, қант нарығы, мұнай өнімдері нарығы бойынша жекежеке сараптамалық материалдар әзірлейді. «Агроөнеркәсіптік кешен мәселелері жөніндегі орталық» ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен, салалық қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездесулер өткізіліп, мамандандырылған «Агробанк» құру, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің жайкүйін талдау бойынша да жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Ал, «Әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі орталық» « Ауыл мектептерінің оқушыларына қосымша онлайн білім беру мен дайындық курстарының қолжетімділігі мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Оның қорытындылары бойынша Үкіметтің атына 15 тармақтан тұратын ұсынымдар әзірленіп, фракция депутаттарының атынан орындау үшін жолданды.
Әр жобадан – нақты нәтиже
– Қазіргі уақытта партия қандай ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға бағыт ұстауда? Әңгімеміздің арнасын осы бағытқа қарай бұрсақ.
– Бүгінгі таңда «Ауыл» бірнеше жобаны қолға алып отыр. Біріншісі – шартты базалық табысты енгізу. Бұл жоба жергілікті бюджет салықтары мен коммуналдық шығындарға жыл сайынғы төлемдер арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуді көздейді. Екіншісі – «Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары аймақтарындағы жайылым тапшылығын басқару» жобасы. Жайылым тапшылығы – еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Алайда, бұл мәселені бір сәтте барлық өңірде бірдей шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан да, партия осы жұмысты бірінші кезеңде жайылым мәселесі шешілмеген солтүстік аймақтарды бөліп алып қарастыру жөн деп тапты. Үшіншісі – «Бос тұрған ғимараттарды шаруашылық айналымға енгізу» деп аталады. Мұнда ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін шешу, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту мақсат етілген. Ең алдымен, өңірлердегі жеке және мемлекеттік меншіктегі тоқтап тұрған кәсіпорындарды зерттеп, әлеуеті жоғары нысандарды айқындап, оларды шаруашылық айналымға енгізу алгоритмін жасауға көңіл бөлінеді. Төртіншісі – «Суармалы жерлер – ауыл табысының негізі». Жобаның басты міндеті – еліміздегі мелиорация жүйесін ретке келтіру. Салада ресурс үнемдеу технологиялары мен суды есепке алу және су таратуды автоматтандырудың заманауи әдістері өте аз қолданылады. Сондай-ақ, суару және дренаж жүйелерінің 70%-дан астамы тозған. Сол себепті де, бізде су жоғалтудың деңгейі өте жоғары. О с ы л а р д ы е с к е р е о т ы р ы п , «ауылдықтар» тиімділігі жоғары заманауи технологиялардың қолданылу аясын кеңейтуді, ысырап пен шығынды азайтуды, табысты көбейтуді мақсат етеді. Оның үстіне, салаға қажетті мамандардың біліктілігін арттыру мен кадр тапшылығын жою да күн тәртібіне қойылған. Бесінші жоба – «Жаңадан ашылатын аудандарға еңбек ресурстарын бағыттау». Еліміздің шығыс шекарасындағы 1990 жылдардың соңында жабылып қалып, қазіргі кезде Президент Жарлығымен қайта ашылған Қатон-Қарағай, Марқакөл, Мақаншы аудандарында өзекті мәселеге айналып отырған халықтың қайта қоныстану үрдісін жеделдетуге септесу. Партияның аталған жобада алдына қойған мақсаты осы. Алтыншысы – «Ауыл мектептеріндегі дарынды балаларды онлайн оқыту» жобасы. 2021 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы аясында ауылдық квота енгізілді. Ендігі кезекте, партия басшылығы еліміздің бір аймағында осы жылдың соңына дейін қосымша онлайн білім беруді және ауыл мектептеріндегі дарынды оқушыларға онлайн дайындық курстарын ұйымдастыру бойынша пилоттық жобаны іске қосуды ұсынып отыр.
Елдік шараның ерекшелігі көп
– Биылғы қазан айында «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен «Ұлт рухының ұясы – Ауыл Ана» атты ауыл әйелдерінің тұңғыш, сондай-ақ ауыл жастарының бесінші форумы өткені белгілі. Енді осындай елдік шаралардың ерекшелігі мен мақсат-мазмұнына тоқталсаңыз?
– Аталған іс-шараға «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Қырғыз Республикасының «Эко-Деми» ҚБ президенті Айжан Чыныбаева, ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи, Парламент Мәжілісіндегі фракция депутаттары, партия активі, еліміздің барлық өңірінен делегаттар, партияның жастар қанаты өкілдері, басқа да арнайы шақырылған қонақтар келді. Форумға Атырау облысынан Самал Халидуллина, Жармұханбетова Гүлнафис және Камила Жапалова қатысты. Ал, жастар форумына республикамыз бойынша өңірлерден 150-ден аса белсенді жас қатысып, ең өткір тұрған, өзекті деген мәселелерді көтеріп, ой-пікір, ұсыныстарымен ортақтасты. Бұдан бөлек, Президент «Қазақстан Республикасы жастар саясатының 2023 — 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекіткен болатын . Жеті жұмыс бағыты межеленген стратегия ауыл жастарының хал-ахуалын жақсартуға тың серпін береді деп сенеміз.
Өзгерістің бәрі өңірден басталады
– Өзіңіз басшылық жасайтын өңірлік филиалдың қызметі , партияластарыңыздың белсенділігі туралы не айтар едіңіз?
– Биылғы сайлауда Атырау облысы бойынша «Ауыл» партиясы атынан 2 облыстық, 3 қалалық, 7 аудандық мәслихат депутаты сайланды. Өңірлік филиал, өзінің жұмыс жоспарына сәйкес, партия активі және мәслихат депутаттарымен бірлесе, облыста ауқымды жұмыстардың жүзеге асуына ұйытқы болуда. Мәселен, осы жылдың мамыр, маусым айларында саяси кеңес мүшелерімен бірге аудандарды аралап, ірі елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық қабылдаулар өткіздік. Осылайша, ауылдық жерлерде өзекті мәселелердің аз еместігіне көз жеткіздік. Әсіресе, жер телімдерін алу, жайылымдарды пайдалануға қатысты мәселелердің әлі де болса күрделі күйінде қалып тұрғанына көзіміз жетті. Соның ішінде жайылымдарды пайдалану және басқару жоспарын бекітуді мәслихаттардың құзырына беру керектігі жөнінде пікір айтылды. Ал, қазіргі қолданыстағы заңнамада қарастырылғандай, әкімдік бұл жоспарды өзі жасақтап, бекітеді. Өкілетті органдар болса, сырттай бақылаушы ретінде қала береді. Бұл әрине, дұрыс емес. Сонымен қатар, жер учаскелерін беруде оларды кәсіпкерлерге, шаруагерлерге бөлу жөніндегі конкурс талаптарының да толықтай орындалмай отырғандығы шындық. Осындағы инвестициялық салымның қалай енгізілетіні және оның көлемі нақтыланбаған. Біріншіден, құжатта ірі шаруашылықтарға жаңадан құрылған немесе кішігірім шаруашылықтар алдында басымдық берілген. Сөйтіп, ірі шаруашылықтар «ірі көлемде инвестиция салам» деген желеумен конкурста ұтып кетеді. Екіншіден, конкурсты ұтқан шаруашылық сол ұсынған мөлшерде инвестиция салды ма, жоқ па, оны ешкім қадағаламайды. Осы ретте, жер комиссиясы туралы ережеге өзгерістер енгізу үлкен жұмысты қажет етеді – ол тек Мәжіліс депутаттарының қолдауымен ғана шешілуі мүмкін. Әңгіме министрдің бұйрығында ғана емес, мәселе толыққанды шешілуі үшін сәйкесінше Жер кодексіне де біраз өзгеріс енгізу қажет.
«Ауыл» партиясы ұсынған «Жайылымдарды басқару жобасы» саладағы осындай түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бұған қоса, табиғи су көздерінің тапшылығы мен жерасты су қорының азаюы ауыл шаруашылығын өркендетуге қиындық келтіріп, кері әсерін тигізуде. Сондықтан қырлықтан су көздерін іздестіріп, құдық қазуды жолға қою және оны субсидиялаудың тиімді тетіктерін іске қосу керек. Өңірдегі көңіл аударарлық мәселенің бірі – қасқыр аулау жұмысын мемлекеттік қызмет стандартынан шығарып, арнайы комиссия құру арқылы реттеу. Ауылдық округ әкімдеріне осы жұмысты ұйымдастыруды міндеттеу, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен жеткілікті мөлшерде қаржы қарастыру, аңшылар қоғамының атқаратын қызметін түбегейлі өзгертіп, қайта қарап, жұмысын қазіргі заман талабына сай жолға қою. Бұл жөнінде Парламент депутаттарына, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына, жергілікті атқарушы органдарға хаттар да жолданды. Өкінішке қарай, олардан әлі күнге ауыз тұшытарлықтай жауап ала алмадық. «Ауылдықтар» ұсынған «ауылдық жерлерде бос тұрған ғимараттарды шаруашылық айналымға енгізу» жобасы да өте маңызды қадам деп есептеймін. Айта кетейік, коммуналды меншіктегі нысандар көп жағдайда конкурсқа күтімсіз, жөндеусіз тұрған күйінде шығарылады.
Бұл кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырмайды, әрі олардың өз жобаларын еш кідіріссіз бастап кетуіне мүмкіндік бермейді. Сондықтан, осы жобада көзделген, бұл ғимараттарды жөндеу мәселелерін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның мүмкіндігін пайдаланып шешу арқылы кәсіпкерлерге беру тетігі – өте оңтайлы тың шешім деп санаймыз. Сол сияқты, «суармалы жердерді тиімді пайдалану» жобасы шеңберінде де шикі тұстардың жеткілікті екеніне көзіміз жетті. Ол шұғыл шешуді, жетілдіруді қажет етеді. Осы және өзге де өзекті проблемалардың оңтайлы шешілуін қамтамасыз етіп, кешенді жұмыс жүргізгенде ғана ахуалдың оңалып, жағдайдың жақсара түсері даусыз. Белсенді қызметтерімен көзге түсіп жүрген Камила Жапалова, Өтеміс Жұмағалиев, Ақмарал Тахаева сынды қалалық, аудандық мәслихат депутаттары өз құзыреттері шеңберінде жұмыстарының жариялы болып, бұқара мен билік арасындағы халықтың сенімді өкілінің танылуына талпынуда. Айталық, облыстық мәслихаттың депутаты Қадырбек Мағзомов «Атырау» облыстық телеарнасындағы «Қоғам сөзі» бағдарламасы арқылы тікелей эфирде ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасының облыс көлемінде жүзеге асырылу барысын талқылауға қатысып, толғақты ойларымен бөлісті. Жалпы, облыс бойынша бұл жобаға 1 млрд. 504 млн. теңге көлемінде қаражат қаралған. Қазіргі уақытта депутат қала ортасындағы Ретро-паркте пайдаланусыз тұрған ғимаратты қала әкімдігімен келісім-шарт жасасып, он жылға сенімгерлік басқаруға алды. Мұнда облыста бірінші рет көркемсурет өнер галереясы ашылатын болады. Бұл ғимаратты, сонымен қатар, «Ауыл» партиясының мәдени кеңсесі» ретінде қазақтың дәстүрлі өнерін, салт-дәстүрін дәріптейтін орталыққа айналдыру ойымызда бар. Сайып келгенде, осының бәрі ауылдағы ағайынның «Ауылға» арқа сүйейтінін аңғартса керек.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!
Дәулетқали АРУЕВ